Облыс әкімдігі – «Жыл әкімдігі»

Қарағанды облысының әкімдігі «Жыл әкімдігі» атанды. Қазақстан құрылысшылар одағы әкімдіктер мен министрліктердің былтыр атқарған жұмысының тиімділігі бойынша рейтинг түзді. Бұл тізімде Қарағанды облысы әкімдігінің қызметіне жоғары баға берілді.

Рейтинг құрастырғанда одақ өкілдері ресми органдар жұмысындағы ашықтықты, бюджет қаражатын игеру және сыбайлас жемқорлық деректерін есепке алған. Яғни бұл жерде шенеуніктердің әлеуметтік желідегі парақшасындағы белсенділігі, Индустриаландыру картасында көрсетілген жобалардың, мемлекеттік бағдарламалардағы міндеттердің жүзеге асуы мен Бас прокуратураның статистикалық мәліметтері назарға алынды. Және ең маңыздысы рейтингте халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі ескерілді.

Құрылысшылар одағына ел көлемінде 1 500-ден астам компания мүше. Еліміздің барлық қаласы мен өңірінде филиалдары бар. Өз кезегінде осы компаниялар өкілдері де әкімдіктер жұмысын әртүрлі санат бойынша бағалады.

Барлық критерий бойынша бағамдаудан кейін Қарағанды облысының әкімдігі «Жыл әкімдігі» аталымына ие болды. 23 балл, яғни ең жоғары ұпай жинаған облыс әкімдігі топ бастады. Әсіресе құжатта аймақтағы құрылыстың аяқ алысы мен бюджет қаражатын игерудегі тиімділік деңгейі ерекше атап өтілген.  Сонымен қатар Индустриаландыру картасын жүзеге асыруда Қарағанды облысының әкімдігі ең жоғары нәтиже көрсетті.

– Әр өңірдің Индустриаландыру картасы бар. Онда жыл ішінде тұрғызылатын нысандар, кәсіпорындар құрылысы жоспарланған. Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегіне дейін салынуға тиіс зауыт туралы білу үшін алдымен барлық өңірге сұраныс хат жібердік. Содан кейін, министрліктің мәліметтерін алып, қай өңірде қандай зауыт тұрғызылғанын, қандай зауыт тұрғызылмағанын нақтыладық. Және өнеркәсіп ошақтарының, кеніштердің іске қосылған-қосылмағанын, сауда, ойын-сауық және әлеуметтік инфрақұрылымның жұмысын бастағанын немесе бастамағанын ескердік, – дейді Қазақстан құрылысшылар одағы сараптау бөлімінің жетекшісі Ернұр Исақұлов. Яғни нысан бой көтергенімен нақты қызметіне кіріспесе, рейтингте «жүзеге аспады» деп есептелді.

Ал Қарағанды облысы бойынша Индустриаландыру картасында көрсетілген объектілердің барлығы тұрғызылып, жұмысын бастады. Яғни облыс әкімдігі мүмкін болған 10 балдың 10-ын да иеленіп, 20 өңірдің арасында көш бастады. Бұдан кейін рейтингте Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. Ал ең төменгі көрсеткішке Жетісу, Атырау, Ұлытау және Маңғыстау облыстары ие болды.

Сонымен қатар ел көлемінде сыбайлас жемқорлық деректері кеміп отыр. Бұл да рейтингте жағымды фактор ретінде аталып өтті. Яғни былтыр 907 мемлекеттік қызметші қылмысқа қатысы бар тұлға ретінде күдікке ілінгенімен, олардың жалпы саны 2023 жылмен салыстырғанда 1,64 пайызға кеміп отыр. Қарағанды облысында да бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеп келеді.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *