Қобыз – қазақтың ең көне аспаптарының бірі. Қобызда ойнап, халықтың есінде қалған бабаларымыз да баршылық. Солардың ішінде Қорқыт атамыздың есімі ерекше аталады. Қазақ арасындағы аңыздарда Қорқыт көпті көрген, ойшыл дария, атақты қобызшы ретінде суреттеледі. Қорқыт қобызын ойнағанда ұшқан құс, жүгірген аң барлық тіршілік иесі үн-түнсіз тыңдайды екен. Бізге жеткен екі ішекті аспапта орындалатын қобыз күйлерінің авторы Қорқыт деп көрсетілген. Олардың арасында «Тарғыл тана», «Башпай» күйлері бар.
Қобыздың саз аспабы ретінде тағдыры тайғақ, жолы тар, қиын-қыстау болды. Бұл аспап қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық музыкалық өнерін күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші ұлттық мұра бола тұра, ол өзіне деген керітартпа ескілікті көзқарастан арылмай ақталмай-ақ қойды. Әу бастан-ақ қобыз бақсының, бақсылық жасаудың құралы деген пікір қалыптасқан болатын. Сондай бір түсінбеушіліктің кесірінен қобыз жаңа заман көшіне ілесе алмай ескіліктің қалдығы саналып жоғалып, жойылып кетудің алдында қалды. Осының салдарынан ХХ ғасыр басында қобыз аспабына арналып шығармалар жазылмай сиреп ұмытыла бастады. «Әкеден балаға мұра» болып келе жатқан қасиетті өнеріміз, ұлттық салт-санамыз, отбасылық қобызшылық дәстүріміз үзіліп қалды.
Дегенмен жоғалып жойылып құрып кетуге жақын қалған қобыз ойнау өнерін өмірге қайта оралтып «шаң басқан уақыт» пернесін ашуға жасалған шаралармен ізденістер, талпыныстар болмай қалмады. Осындай істің басында бірегей ірі қобызшылар, зор тұлғалы музыканттар тұрды. Шын мәнінде солардың арқасында музыкалық қобыз аспабының барлық құпиясы, жақсы қасиеттері, қыры мен сыры сақталып, өткеніміздің баға жетпес асыл мұрасының бізге жеткеніне шүкір дейміз. Қазіргі кезде әрбір қаланың, кенттердің, ауылдардың өнер, саз мектептерінде немесе колледждерде, консерваторияларда, студияларда қылқобыздың сыныптары, факультеттері жұмыс жасап, көптеген шәкіртін дайындауда.
Солардың бірі, қырық жыл бойы киелі қобыздың үнін тербетіп, шәкірттерін дайындауда аянбай еңбек етіп жүрген С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің Ақадыр кентіндегі филиалының оқытушысы Абдыханова Гүлнар Жарықбасқызы.
Кейіпкеріміз Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сары-Шаған станциясында музыканттар отбасында дүниеге келген. Әкесі Жарықбас Шеңгелбайұлы да, анасы Қызғалдақ Ердесқызы да Мәдениет үйінің қызметкерлері болған. Жұбайы баян тартып, екі дауыспен қазақ, өзбек, орыс тілдерінде Отан, туған жер, аналар, достар туралы әндерін айтып жүрген. Әкесінің мінезі ашық, жарқын, дос-жараны көп болыпты. Біреу үшін үстіндегі соңғы көйлегін шешіп беруден тайынбайтын жомарт азамат болған екен. Уақыт өте келе сол кездегі жер-жерлерде құрылып жатқан комсомол – жастар бригадасына жұмысқа ауысады. Көрші ауыл К.Мыңбаев атындағы кеңшардың құрамында механизатор болып егін егуге, жем-шөп дайындауға, қой малын бағуға атсалысады. Алайда, өмірдің ащы тағдырының жазуымен небәрі 28 жаста кенеттен жол апатынан қайтыс болады. Сол кезде Гүлнар үш жарым жаста ғана болған.
Балаларының тәрбиесімен аналары айналысады. Ақадыр кентіне ағаларының жанына көшіп келеді. Жас келіншек теңін тауып, жаңадан тұрмыс құрады. Жастайынан тігіншілікпен әуестенген өнері пайдасын тигізіп, аудандық тұрмыстық комбинатында тігінші болады. Осы жерден зейнеткерлікке шығады. Тәрбиелеп өсірген 5 баласының төртеуі де (бір баласы 54 жасында қайтыс болған) темір жол саласында қызмет атқарады. Өзі де бертінде жетпіс жастан асқан шағында дүниеден озады.
Гүлнар Жарықбасқызы музыканттар отбасынан болған соң, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші өскенде өзін осы салада көрсем деп ойлайды. Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің табалдырығында жүріп саз мектебінің домбыра үйірмесіне қатысады. Оны ойдағыдай аяқтайды. Орта білім алған жас түлек бала кезіндегі мақсатын іске асыру үшін Қарағанды қаласына аттанады. Ойы Тәттімбет атындағы колледжде оқуын жалғастыру, музыка мамандығын алу болады. Сол жылдарын ол былайша еске алады:
– Қалаға Тәттімбет атындағы өнер колледжіне барғанымда мен бірден қобызшы мамандығын оқимын деп жоспарладым. Өйткені, домбыраны Ақадыр саз мектебінде толық меңгердім деп сезіндім. Екіншіден, жастайымнан қобыздың сарын үні мені өзіне бір сиқырлы жұмбағымен тартып тұратын. Сол себептен алдыма енді қобызды да меңгерсем деген үлкен мақсат қойдым. Бағыма қарай, колледжде маған қобыз аспабының білікті маманы, ұстаздардың ұстазы болып жүрген Нокин Сайлау Әкімжанұлы (қазіргі уақытта марқұм) кездесті. Сол кісіден үлкен теориялық білім алдым. Қобызда ойнаудың қыр-сырына қанық болдым. Алған білімімізді оқу орнының жанынан құрылған қазақ аспаптары оркестрінде ойнап тәжірибе жинадық. Осы оркестрмен қалада өтетін концерттерге қатысып, талай рет теледидарға түстік. Концертпен маңайымыздағы Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларына, басқа да елді мекендерге барып жүрдік.
Ұмытпасам, 1984 жылы біздің оркестріміз Германия еліне гастрольдік сапармен баратын болды. Мен сол құрамға бірінші номермен бекітілдім. Бүкіл керекті құжаттарымды жинап, енді сапарға жүреміз деп отырғанда суық тиіп ауырып қалайын. Амал жоқ, сол себеппен шет елге баруға жолым болмай қалды. Ой, сонда бір өкінгенім бар-ау! – деп сөзін аяқтады.
1985 жылы өнер колледжін аяқтап, «Қобыз мұғалімі» және «Қазақ аспаптар оркестрінің жетекшісі» мамандығын алып шыққан жас маман өзінің ауылына оралады. Бірден өзі оқыған саз мектебіне оралып, енді ұстаз ретінде еңбек жолын бастайды. Қобыз және домбыра сыныптарын жүргізеді. Жылына 9-12 қобызшы, 5-6 домбырашыны дайындап отырады. Сонда осы күнге дейін оның алдынан 400-ден астам қобызшы, 200-ге жуық домбырашы дәріс алған екен. 2018 жылдан бастап кілең қобызшыларды дайындап келеді. Оқушылары теориялық біліммен қатар, Ахмет Жұбановтың, Ғазиза Жұбанованың, Нұрғиса Тілендиевтің, Латиф Хамидидің, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбырайдың, Ықыластың, Құманғазының, шет елдердің Гедикенің, Хельсиннің, Огинскийдің, орыс елінің Глинканың, Римский-Корсаковтың, Кабалевскийдің шығармаларын игеріп жүреді.
Жылдар бойы мол тәжірибе жинаған ұстаз 2000 жылдан бері музыкалық талғамды қалыптастыратын сольфеджио пәнінен сабақ беріп жүр. Бұл пәннен тек ғана қобызшылар мен домбырашылар ғана емес, пианистер де, әншілер де сабақ алады.
Маңдай терін төгіп ұстаздық еткен жылдары Гүлнар Жарықбасқызы көптеген шәкірттерін дайындады. Олардың арасынан түрлі байқауларға, конкурстарға қатысып, жүлде алғандары да жоқ емес. Бұрынғылардың ішінен іріктеп алсақ Еркежан Садвакасованың мерейі үстем. Ол жас қобызшылар арасында бірнеше халықаралық, республикалық байқау, фестивальдерінің жеңімпазы, жүлдегері атанған. Қобызшы ретінде «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Бүгінгі таңда ұстазының жолын қуып, өзі өнер көрсеткен Тәттімбет атындағы өнер колледжінің халық аспаптары оркестрінде қобызшы болып еңбек етіп жүр. Халық алдында жеке концертін де берген.
Ал енді, кейінгі шәкірттері туралы айтатын болсақ, ІІІ Халықаралық «Зимние забавы» фестиваль – байқауында ІІ орын алған Аяжан Ыбырақымды, Тараз қаласында өткізілген республикалық байқауда «Аспапта орындаушылық» жанрында ІІ орын алған Еркежан Ыбырақымды, мектеп оқушылары арасында ІІІ республикалық «Өнер керуені» байқауында ІІ орын алған Аружан Белгітаеваны, бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған І Халықаралық «Шабыт шыңы» өнер фестивалінде ІІІ орын алған Айғаным Жұмаханованы, «Біз біргеміз» атты республикалық патриоттық тақырыптағы өнер және білім байқауында ІІ дәрежелі лауреат атанған Әмина Төлеуованы ерекше атауға болады. Облыстық көлемде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген басқа да шәкірттері баршылық
Ұстаздық еңбегі жайында білікті музыка маманы сырын ақтарып:
– Музыка саласында қызмет етіп жүргенде талай қиындықтардың болғанын жасыруға болмайды. Біз әрбір оқушыларымызбен бетпе-бет, жеке дайындаламыз. Әсіресе қиындықты коронавирус індеті өршіп тұрған жылдары көрдік. Қанша қауіпті болса да, пандемияға қарамай шәкірттерімізді оқытып шығардық.
– Тағы да бір айта кететін жайт, 1994 жылы ұжымымыздың тарихында қуанышты оқиға болды. Саз мектебімізге қазақтың күйші-домбырашысы, шертпе күйдің шебері, актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Әбікен Хасеновтың есімі беріліп – өнер мектебіне бейімделдік. Ашылу салтанатына атақты күйшінің зайыбы, немересі, шөбересі, кино және театр актері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, көрнекті прозаик Өмір Кәріпұлы, тағы басқалары қатысты. Жиырма төрт жылдай уақыт ішінде музыканың әртүрлі мамандарын дайындадық. Алайда, қуанышымыз көпке созылмады. 2018 жылы аудан басшыларының шешімімен біздің мектеп аудан орталығындағы С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебіне қосылып кеттік. Мүмкін, қабылданған шешім дұрыс та шығар, бірақ қазаққа көп еңбек сіңірген атақты күйші, жерлесіміз Ә.Хасеновтың есімін ұмытуға жол берілгені жүректі қынжылтады, – деп әңгімесін тәмамдады.
Гүлнар Жарықбасқызы ұзақ жылдары бойы өзі еңбек етіп жүрген мекемесінің кәсіподақ ұйымына басшылық жасап келді. Өзімен бірге қызмет атқарып жүрген ұжым мүшелерінің мүддесін қорғап, олардың берген ұсыныстарын қолдап жүрді.
Гүлнар ұстаздың музыка саласындағы әсер қалдырған жылдары ауданда «Ақадыр әуендері» фольклорлық ән-би ансамблінің сапында өнер көрсетуі. Бұл жақсы бастаманы Ақадыр аудандық Компартия комитетінің қолдауымен аудандық атқару комитеті қолға алған болатын. Сол кездегі астанамыз Алматы қаласынан музыка мен хореография мамандары: композитор Питерцев Владимир Вениаминович пен балетмейстер Райбаев Заурбек Молдағалиұлы шақырылды. Алғашқысы оркестр мен әнші, күйшілерді дайындаса, екіншісі бишілер тобын жасақтады. Бас-аяғы екі айдың ішінде Арқада жаңа музыка ұжымы пайда болды.
Біздің бүгінгі мақаламыздың басты кейіпкері сол фольклорлық ән-би ансамблінің халық аспаптары оркестрінде қобызшы міндетін атқарды.
Қырық адамға жуық өнерпаздары бар фольклорлық ансамбль 1982 жылы Алматы қаласына барып теледидарға түсті. Табиғаты сұлу Сайран көлінің (су қоймасының) жағалауында қойылған бейнеконцерт республика жұртшылығының көңілінен шыққаны сөзсіз еді.
Одан соң ансамбль мүшелері сол кездегі облыс орталығы – Жезқазған қаласында өнерін көрсетті. Жаңаарқа, Ақшатау, Ақжал кенттерінің, Ақсу-Аюлы, Ортау, Өспен, Жұмыскер ауылдарының көрермендері де олардың сұлу сазды концерттерін тамашалады.
Тәжірибелі музыка маманы еңбек жолында өзінің біліктілігін жоғарылату мақсатында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің жанындағы республикалық білім беру оқу-әдістемелік орталығының, Қарағанды қаласындағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының, Қарағанды облысы Білім басқармасы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің бірігіп өткізген курстарына, семинарларына қатысып, арнайы сертификаттарының иесі атанған. Семинар-тренингтерге қатысуымен қатар республикалық педагогтар арасында өткізілген «Үздік педагог – 2022» ғылыми-әдістемелік өнер байқауында І орыннан көрінген. Республикалық «Музыка» Блиц-турнирінде де жеңімпаз болған. Оған қоса «ULY DALA USTAZY» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналы ұйымдастырған «Қазақстан педагог –зерттеушілері: үздік мақалалар, әдістеме және инновация» атты республикалық шығарылымының «Үздік автор – 2022» аталымы бойынша бірінші орын алғанын қосып қойыңыз.
Шәкірттеріне сіңірген еңбегі әрдайым еленіп келеді. Ең басты атағының бірі – ол республика бойынша «Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы. Онымен бірге республикалық «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығының, Қарағанды облысы Білім басқармасының және Шет ауданының білім бөлімінің, аудан және кент әкімдерінің, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен, бағалай және ақшалай сыйлықтарымен марапатталған. «Қыс өрнегі» халықаралық фестиваль-конкурсында «Дарынды балалар мен жастарды қорғау» қоры президентінің атынан кәсіби шеберлігі мен лауреаттарды дайындағаны үшін Алғыс хатына ие болған. Кәсіподақ саласында жемісті еңбек атқарғаны да ұмыт қалмады. Облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасына ие болған.
Гүлнар Жарықбасқызы елдімекеніміздің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады. Көп жылдардан бері кенттік әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі. Өнерпаз болғандықтан Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының «Ақ әжелер» ансамблінде ән салады. Құрамының басым бөлігі мәдениет саласының ардагерлерінен тұрады. Осы ансамбльмен бірге кенттегі өтетін шараларда халық әндерін, қазақ композиторларының шығармаларын орындап жүреді. Әредік облыстық байқауларға қатысып, ансамбль мүшелері ұйымдастырушылар тарапынан алғыстарына бөленуде.
Гүлнар кейіпкеріміздің өмірлік жұбайы Абдыханов Аманқұл Ботаханұлы өз алдына бір тұлға. 400 жылға жуық еңбек өтілі бар Абдыхановтар отбасылық династиясынан шыққан. Бүкіл саналы өмірін темір жол саласына арнап, 40 жылдай уақыт машинист көмекшісі, электровоз машинисі болған. 2012 жылы еңбегі жоғары бағаланып, көптің бірі жете алмайтын осы саланың ең жоғары марапаты – «Қазақстан темір жолының Құрметті теміржолшысы» атағына қол жеткізген. Мұндай атағы бар адамдар кентімізде саусақпен санарлықтай!
Қос жұбайлар 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштары Асылбек Алматы қалысындағы М.Тынышпаев атындағы ALT Университетін бітірген. Әкесінің жолын қуып электровоз машинисінің көмекшісі, электровоз машинисі болып еңбек етті. Қазіргі уақытта Ақадыр айналым депосында машинист-нұсқаушы қызметінде. Зайыбы Сәуле Сағидоллақызының да білімі жоғары, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетін «Қаржыгер, бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген. Ақадыр жол дистанциясы мекемесінде есепші болып істейді. Жұбайы екеуі Арсен, Инабат, Азиза, Азим есімді мектептегі және мектепке дейінгі жастағы ұл – қыздарын тәрбиелеп өсіруде.
Қыз балалары Данагүл Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін «инженер – құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қарағанды облысы бойынша санитарлық–эпидемиологиялық басқармасының кадр бөлімінде істейді. Жұбайы Дінмұхамед Жамсапұлы Е.Бөкетов атындағы Мемлекеттік Зерттеу Университетінде оқып, ақпараттандыру факультетін бітірген. Ол да теміржол саласының жол дистанциясында еңбек етеді. Екеуінің Бейбарыс есімді ұлдары бар.
Қобыз – адамзаттың аспабы. Ол халықтың төл мұрасы болғандықтан мәңгі жасайды. Бүгінгі біздің мақаламыз өнер жолында жүріп бар білімін, күш-жігерін шәкірттерін дайындауға арнаған қобыз аспабының нағыз майталманы туралы болғаны анық. Расында, қасиетті аспапты қадірлеп, өскелең ұрпаққа дәріптеп жүрген дәстүрлі өнердің шынайы жанашыры Абдыханова Гүлнар Жарықбасқызы барда халықтың қазыналы мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті