Өмірзақ Қожамұратов – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов сияқты талантты ақындардың бірі. Мәселен, ақын Сейфулла Оспанов Өмірзақ Қожамұратов туралы жазған бір мақаласында: «…Төлеген Айбергеновті өз поэзиясына еліктіріп, жақыннан қолтық демеу болған кім дейсіздер ғой. Ол да айқын. Ол – ақын Өмірзақ Қожамұратов еді. Бұл ақынның әлі күнге дейін аты онша шықпай жатыр. Бұл ақынға тән басты-басты қасиетін айтсақ, өз қатары Мұқағалиларға дейін, қала берді осы Төлегендерге көкірегі күрмеліп жүргенде, поэзия алтын сарайының қақпасын айқара ашып берген жан» – деген болатын.
Өмірзақ Қожамұратовтың өлеңдері туралы көптеген ақын-жазушылар өз пікірлерін қалдырып кеткен.
«Өмірзақ арналы да ойлы лирик болатын нышан білдіреді. Жақсы үні мен жақсы сырлары бар әуезді өлеңдері оқушыны сезімге бөлейді, әсем ырғақтар бесікше тербейді. Әр алуан суреттер елестеп, әр алуан дыбыстар ойнайды. Өмірзақ әлі жас. Оның қазіргі жырлары қуантса, болашағы зор үміт күттіреді» – деген болатын Әбділда Тәжібаев.
«Өмірзақ мықты ақын. Солай бола тұрса да, осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген жолаушы тәрізді…
Ақын да адам. Оның шығармашылық тағдырына да көңіл аударған жөн ғой дейміз. «Ақындарды аялау керек!» деген Маркс сөзі бар. Өмірзақ та аялауды қажет етеді… Ол Бұқардан қалған сынық қой», – деген болатын Мұқағали Мақатаев.
Тізе берсең көптеген ақын-жазушылар Өмірзақтың өлеңдері туралы өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдірген.
Өмірзақ Қожамұратов ХХ ғасырдың ортасына таяу Қызылқұмда дүниеге келіп, небәрі 47-ақ жыл өмір сүрген.
Тамдыбұлақтан өзінің сүйікті қаласы Алматыдағы достары Мұқағали Мақатаевқа, Зейнолла Серікқаливтарға көзінің тірісінде барып жүріп «Жиделібайсын», «Таңғы дауыс», «Санамақ», «Жол аяқталмайды» атты жыр кітаптарын шығарса, ақын дүниеден өткен соң ғалым-сыншы Зейнолла Серікқалиев «Ой кешу», «Күн астында – құдірет» атты жыр кітаптарын баспадан шығарды.
Біз осы кітаптарында жарық көрген өлеңдерін Арқадағы беделді басылымдардың бірі, қолыңызға ұстап отырған «Arqa Aqshamy» газетінің ұжымына, Өмірзақ Қожамұратовтың өлеңдерін жариялауға келісім бергеніне алғысымызды айта отырып поэзия сүйер қауымға ұсынып отырмыз.
Өмірзақтанушылар:
Сәндібек ҮРІСТЕМОВ,
Әділбай ШИЛМАНОВ.
ТУҒАН ЖЕР
Маған Мекке – Мәдине,
Венеция,
Париж не?
Туған жердің шөліндей ыстық емес, әрине?
Жан анамдай қадірлі менің туған байтағым,
Жердің жәннат-жұмағы Қызылқұм деп айтамын.
Осы аймақтың тұзы емес пе алғаш рет татқаным,
Осы аймақтың қызы емес пе алғашқы тіл қатқаным.
Осы аймақта қалды балғын, шырын, шәрбат шақтарым.
Шапағатым,
Махаббатым,
Аппағым.
Туған жерім – Тәңірім,
Өзіңмен бірге соғады қан тамырым.
Аттап өтіп кете алмаймын
Ешқашан,
Атажұрттың қабірін.
Сенсің, мәңгі қар шалмайтын жоталым,
Сенің зарың сияқтанар боздағаны ботаның.
Сенен ғана басталады мынау әлем, тіршілік,
Сенен ғана басталады менің шексіз Отаным.
Көтерісіп тұрсың ұлы тірлікті,
Сенде ұлы тірлік құтты,
Бірлік құтты,
Жыр құтты.
Жұмыр жерге жүрек болып, от беріп,
Қуанышын, қайғысын да тұрсаң бастан өткеріп.
От, дауылын,
Қар, боранын,
Таң нұрын,
Жұттық бірге, жұттық жұпар жаңбырын.
Жұмыр жермен бірге сенің,
Менің-дағы тағдырым
Ей туған жер,
Бір пұшпағы құрлықтың,
Мен кішкентай болғаныммен,
Менен ұлы жыр күттің.
Сені ойласам, өлген бабам тіріліп,
Саған қарай жол бастайды бұрылып.
Еш жерде жоқ, саған біткен ірілік,
Еш жерде жоқ, саған біткен ұлылық!
АВТОГРАФ
Ей, ағайын,
Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,
Тұрасыңдар шабыт беріп, от беріп.
Өз қаныңды тулатпаса,
Шулатпаса өлеңім
Өртеп жібер,
Кетсін мүлде жоқ болып.
Қолтаңбада қолға ұстарлық жоқ белгі,
Жолықтырсаң қаңтарларды, көктемді.
Арып-ашып
Әрі ғашық мен келем,
Сағынышым самғап ұшып кеткен-ді.
Бал мен зәрі тамшылаған тілінің,
Мұнда Өмірзақ Қожамұратұлының,
Жүйкесінде жыл керуені жүріп тұр,
Ал жүрегі кеуде керіп
Ұрып тұр!
ПЕРЗЕНТІМІН ЕЛІМНІҢ
Көкжиекке батып шығып балық – күн,
Ой қармағын күнім жоқ қой созбаған.
Тірлігінде тынбай өтер халықпын,
Табан тіреп, жермен бірге қозғалам.
Біздің жерге қараңызшы абайлап,
Бақ өсірген топырағым құнарлы.
Жүрек тыңнан тамырыма қан айдап,
Қимылдап бір қандырамын құмарды.
Шөл сілкініп, қанат жайса жапырақ,
Тамыр тартып жемісін бақ жегізген –
Ой, еңбексіз құнарлы емес топырақ,
Адам миы – тіршілікті емізген.
Мен – тіршілік, мен – құдірет, мен –адам!
Табиғатқа өң беріп, нұр таратқан.
Менің миым, мендік ой мен санадан
Ракета күнге ұшып баратқан.
Жермен бірдей ауыр ойды көтеріп,
Миым менің, кей күндері шаршады.
Өз басыма қуаныш, мұң жетерлік,
Самайымда өткен күннің бар шаңы.
Керегі не маған атақ, даңқтың,
Еңбегіммен өз жолымды таныппын.
Мен перзенті – қызыл күнді көтерген,
Қазақ елі деген ұлы халықтың!
АТА ЖҰРТТЫ ТАНЫСТЫРУ
Қайнаған бұрқ – сарқ етіп көңілде өлең,
Қазақ, қазақ – мен сені момын демен.
Өлеңнен қорқып кірді көрден-көрге,
Қазақ келе жатқанда өлім деген.
Жұмақтың сілтейтіндей төте тұсын,
Жүргінші соқпай тұрмас бекетісің.
Бар жұрттың басын қосқан Қарашаңырақтың,
Қарағым, қасиетін жете түсін!
Бірде тоқ, бірде қарны ашып жүрген,
Далада дау-дамайдан қашып жүрген.
…Асығып баласына тасып жүрген,
Асылын Даласына шашып жүрген!
Тағдырдың талай-талай датын көрген,
Бай да өлген, балуан да өлген, батыр да өлген.
Сонда да жолда қалған жолаушыға
Қазекең, Қадыр айтқан, атын берген.
МЕН ЖАЗЫП КЕТКЕМ
Мен жазып кеткем кетерде,
Аңсаған кезде сен мені
Шығысқа қара.
Шұғылалы таң атарда
Арайлар әсер етер ме?
Бастайын ұлы сапарға
Нұрлы үміт еді мендегі.
Мен жазып кеткем кетерде,
Аңсаған кезде сен мені
Жапыраққа қара сарғайған.
Сарғаю әсер етер ме?
Таптырмайтұғын бар жайдан
Сағыныш еді мендегі.
Мен жазып кеткем кетерде,
Аңсаған кезде сен мені
Көз талдыр жол мен жондарға.
Қия алмай қарап кетерде,
Қайырылып жатқан жолдарда
Қайырым бар ғой мендегі.
Мен жазып кеткем кетерде,
Аңсаған кезде сен мені
Қарай бер көкке, құстарға.
Айқайым саған жетер ме?
Бар жайда, барлық тұстарда,
Шарқ ұруды көр мендегі.
АУА БОЛЫП КЕТЕРМІН
Жырдың көшін қалай қарай тартайық,
Ой өрнегін салдым мен де шалқайып.
Ақын емес, — десе де жұрт ырзамын,
Ақын десе, қалам рас, марқайып.
Ер жүрегі біткен болса дарынға
Қайқаңдайды қаңтарың да, қарың да.
Дүниені дүр сілкінтіп тұратын,
Мен өлмеймін Ана тілім барында.
Жасыл бақшам сан жайқалып, тоналды,
Жас дәуренім, жақсы күндер жоғалды.
Енді мені тыныш қана қойыңдар,
Тыныштықты бұза беру обал-ды.
…Саралаңдар, Мына менде не бар-ды,
Бар нәрсені – бағаламау обал –ды.
Тірлігімде сыйламаған ағайын,
Өлгеннен соң жапсырмаңдар медальді!
Ісіп-кеуіп жүргендер-ай алқымың,
Мен өткесін бола алмаймын алтының.
Ауа болып кетем лезде таралып,
Тыныс-демін кеңейтетін халқының.
Шыбынымды шырқыратып, жылатып,
Кетпейді ешкім көр-лақатқа құлатып.
Әр қазақтың жүрегінде, миында,
Жүремін мен гүл атып…
ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ
Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр
Балғын көк.
Өлгендер қайтып келеді,
Орман боп,
Жасыл шалғын боп,
Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып
Түсіне білсең, құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік.
Шіріген дене, дүние-ай,
Топырақ болып айтады ән.
Жәндік боп,
Шөп боп,
Әйтеуір,
Жаратылуы рас қайтадан.
Адам ба, шөп пе, аңдар ма,
Сапарын жолда тауысқан.
Көз тігіп келер таңдарға,
Басқа бір күйге ауысқан.
Тіршілік қаулап құлпырып,
Күн сөнбей ешкім өлмейді.
Жүрегім – бұлбұл
бұлқынып,
Жыр етпей тыным көрмейді.
Жүрегім, миым шынында,
Нұрына Күннің майланып,
Көздердің қарашығында,
Тұрады әлем айналып.
ҰЛЫЛЫҚ
Биік дейді, биік деген немене?
Көкірегін көтермей ме төбе де?
Бірдемені аңғардың ба заңғардан,
Мен биікті көре алмадым – Арманнан!
Жүйрік дейді жүлделерді жиі алған,
О жайында шертіледі күй алуан.
Ракета жиі атылып жатса да,
Мен жүйрікті көре алмадым Қиялдан!
Терең дейді, терең деген немене?
Тебіренбейтін теңіз бе екен кемеге?
Таласпай-ақ қой, төрем,
Кешу бермес ой терең.
Аппақ дейді, аппақ деген немене?
Аппақ айдай аққуларым келе ме?
Аппақ түстің алдына әкеп бәрін жай,
Аппақ қой деп айта алмаймын Арымдай.
Өткір дейді, тас қиятын ұрыста,
Немене екен:
шарболат па, қылыш па?
Қыруар жау қылышыңнан қорықпаған,
Қызыл тілім қимылдаса, тоқтаған.
Кеңдік дейді құлаш жайған ендікті,
Кеңесуге кемеңгер ой, кел мықты.
Аспан, жерді аясына сыйғызған,
Көрмедім ғой көңілімдей кеңдікті.
Ой дейді бір…
Күндей ыстық күш пе екен?
Неге ендеше мұз, қар жерге түсті екен?!
Қаңтарларға қарсы айдаған қанымды,
Жүрегімдей көрмедім от-жалынды.
Тау талқан боп, саз балшықтай езілген,
Сан дария шаршап, талып көз ілген.
Ғасырларды сүйреп шықтым қайғыдан,
Қайыспайтын қара жердей төзіммен.
Мейірімді, жылылықты ұғынып,
Қарасаң бір күн көзіне бұрылып.
Көрер едің ақ маңдайлы адамды,
Адамзат та – өмірдегі ұлылық!
«Егіз бұлақтар» дәптерінен
***
Адамдар!
Жүрегім менің жиі ұрған,
Сендерге арнап айтады ән.
Келемін жырлап қиырдан,
Қиырға кетем қайтадан.
Менсіз де елім ән құрап,
Тұрасың ерте, кеш жатып.
Мен үшін сенсіз ал бірақ,
Бұйырған емес еш бақыт!
***
Торғын кеш қырға қанат жайса-дағы,
Етекте жатыр аунап бұлақ күліп.
…Көңілдің көк орманын көктете гөр,
Тілеймін түн қойнында жылап тұрып.
***
Біле тұрып қиындыққа барамын,
Тарту үшін мехнаты мен азабын.
Өз өрнегін түсірсін деп әр адым,
Ой шахтасын тереңірек қазамын.
Көкірегімде астан-кестең бір ағын,
Шапшиды кеп дүние шулы базарға.
Шын асылдың мүмкін емес, шырағым,
Білінбеуі, ілінбеуі назарға.
***
Жотасынан буы шыққан тау мына,
Әзер-әзер алады екен тынысын.
Қонып жатқан бұйра бұлттың баурына,
Найзағайлар жаниды кеп қылышын.
Көрдім шыңға бұрын түскен қарды мен,
Жеңіл будың қалқып тұрып қалғанын.
Ауырлық та жеңілдік те алдымен,
Биіктерге салады екен салмағын.
***
Сергек бойым… көз шырымын алмастан,
Менің ойым көкжиекпен жалғасқан.
Қара түннің қауырсынын қайшылап,
Көтерілді аппақ жүзді алмас – таң.
Жадыратып дүниенің қабағын,
Толықсытып тоқ бидайдың сабағын.
Түрегелдім алақанға қондырып,
Нұрға толы күннің алтын табағын.
***
Мен өмірден мына жайды аңғардым,
Жақын жүріп сыйламаймыз биікті.
Алыстағы арманыңдай заңғардың,
Төбесінен төбешіктер иықты.
Тасбақа үшін соның өзі қанағат,
Төбешікке шығуың да бір қайғы.
Қанатты ойлар серпілсе сау-саламат,
Жай оғындай сірә атылмай тұрмайды.
***
Мұршаң келмей ғылымға ілесуге,
Өмір өтіп барады білесің бе?
Жұртта қалған күшіктей тірлігіңе,
Жылайсың ба, ал енді, күлесің бе?
Жұрттың сөзін құлаққа ілесің бе,
Саудаңды айтып шалқисың, күлесің де!
Тиын санап жүргенде, бәтшағар-ау,
Жаның шығып кеткенін білесің бе?
***
Қасқыр, қасқыр ешқашан қой болмайды,
Қой ешқашан білмейді ойрандауды.
Неге бұлай қарама-қайшылықта,
Мүмкін бе енді адамның ойланбауы?!
Кейбіреу жылан болып ысқырады,
Кейбіреу шошқа болып қышқырады.
Адамның кейпіндегі мақұлықтар,
Адамға жақпайтұғын іс қылады.
***
Өнерге еншілеспін, Қиялдаспын,
Жас дәурен, жарқын жылдан сый алмас кім?!
Алдың ғой жүрегімді отыңа орап,
Өзгеге өмірімді қия алмаспын.
Көңілдің көгін қалай солдырамын?!
Бұлбұлым, кел бақшама – қондырамын.
Екеуміз егіз гүлдей бір болайық,
Сонда мен сазды, шешен – домбырамын.
***
Әркімдер де бәйгеге атын қосатын,
Артистер мен футболшыдан
Озған емес еш ақын.
Шын таланттың кейде алыс сөресі.
Өлең-өнер шығарады кеш атын.
Оған дейін балғын жүзден әр тайып,
Бір биікте отырады ол марқайып.
Кәрі адамға қызығы жоқ жүлденің,
Отыз-қырықта өтпеген соң шалқайып.
***
Табиғаттан үлесім де, сыйым да,
Жанартау бар жүрегімде, миымда.
Денемдегі сілкініс пен дүмпулер,
Жетіп жатыр қияндағы қиырға.
Жанартауым лапылдапты, жаныпты,
Жанғандарға жұрт зейін қанықты.
…Атылғандар әуселесін көрдің ғой,
Атылмаған жанартаулар қауіпті.
***
Сан жасағы адамның түсіп қалған,
Уақыт – тұлпар. Құс болып ұшыпты арман.
Жұрт сияқты жалына жармасып ем,
Алға қарай зымырап ұшып барам.
Түсіп қалған адамның сан жасағы,
Уақыт – тұлпар. Жолаушы алмасады.
Тәуекел деп жалына жармасумен,
Адамзаттың ғұмыры жалғасады…
***
Бақ тайса, жел ұшырған шар сияқты,
Байлығың еріп кеткен қар сияқты.
Әуелі сайрап тұрған бұлбұлыңның
Айтылып жатқан жоқтау-зар сияқты.
Қалтырап қара ағаштай қайың тұрар,
Тұтылып алдан шыққан айың тұрар.
Кешегі көпшік қойған көп жарамсақ,
Теріңді сыпыруға дайын тұрар.
***
Мен сенің досың да емен, қасың да емен,
Жігіттің жұрттан озған басын көрем.
Диплом – ақыл-ойдың өлшемі емес,
Келмесе өз зердең, өз басыңмен.
Мән бермейтін жаңаға, көнеге де,
Кейбіреуден алатын өнеге не?
Жүгерідей пікір жоқ жұмыр баста
Дипломмен бәдіктер көгере ме?
***
Өмірге артар өкпем жоқ,
Ешкімге есем кеткен жоқ
Жеткізбей жүрсе біреулер,
Біреулер маған жеткен жоқ.
Шарқ ұрдым қиял көгінде,
Алтын боп кетті мыс барлық.
Кеудемді тынбай тебуде,
Жеткізбей жүрген құштарлық.
БАЛДЫРҒАНДАР МЕН БОЗБАЛАЛАР
ЕЙ, МҰРАГЕРЛЕРІМ
Кел, балалар!
Келешегім, төрлеңдер.
Омырауымда –
Ойхой, шыңға өрлеңдер,
Тербетіңдер, тербеңдер.
Мен –
Жұмыр Жермін!
Аспан алақанымда –
Көгілдір таулар көк көлдер.
Бала,
Балапаныма
Сыйладым тұтас Көк пен Жер.
Сыйладым салтанатыңмен,
Қабыл ал, мархабатыңмен.
Ей, мұрагерлерім!
Сенікі –
Біз киген көне шекпендер,
Көншарық, көне кетпендер.
Көне деп көзге теппеңдер.
Сенікі – барлық көктемдер,
Сенікі – мына Көк пен Жер.
Ана – Жер,
Аспан – көгіңнен
Адасып шығып кетпеңдер,
Көзімнің жасын төкпеңдер,
Ей, мұрагерлерім!..
АЙҒА САЯХАТ
Алуан түрлі айламен
Әлем сырын білдім де,
Секіріп шықтым Айға мен,
Шегірткеге міндім де.
Бір керемет шу шықты,
Бір жерлерден бу шықты.
Фонтан болып атқылап,
Басқан жерден су шықты.
Мес сияқты бірдеңе
Келе жатыр домалай,
Ай батыры шығар деп,
Тұрмын іштен жобалай.
Шегірткемді байладым,
Садағымды сайладым.
Алпыс екі айланың
Амалдарын ойладым.
Ой, керемет әлгі мес
Жібергенде ысқырып,
Мың албасты жүгірді
Жан-жағымнан қышқырып.
Ес жиюға мұрша жоқ,
Дауыстары қаһарлы.
Байлап аяқ-қолымды,
Патшасына апарды.
Найза ұстаған соналар
Күзетіп тұр есікті.
Қашады-ау дер жобалап,
Бітеді бар тесікті.
Көз әйнекті бақалар
Аяғыма жақындап,
Бірдеңе деп бақылдап,
Мес патшасы мөңіреп,
Отырғандай мақұлдап.
Әлгі бақа бір уыс
Топырақ пен бетімді
Салыстырып тұрды да:
«жерге ұқсайтын секілді»,
Деп тұрғандай болды бір.
О, тамаша, тамаша,
Жер жәндігі болды бұл, —
Деп бақалар қуанды,
Сипап қойып сақалды.
Содан кейін бастадым
Айдағы бұл сапарды.
Бір мезгілде оянсам,
Түсім екен бәрі де.
Космонавтай ғарышқа –
Кетіппін тым әріге.
СУДЫРМА
Ағай тұрып: тақтаға,
Қарабала шық деді.
Сен әуелі мынаны
Жадыңда тұт, ұқ! – деді,
Жануардың өздерін,
Төлдейтұғын төлдерін
Атап, атап шық деді.
Құрғап кетті таңдайым,
Терлеп кетті маңдайым.
Ал, содан соң, содан соң
Түстім қиын сыныққа,
Түсінбей-ақ сұраққа
Айта бердім ағылып,
Кідірмедім бірақ та.
Бөлер болса сөзімді,
Кеттім деймін жаңылып.
Ал, содан соң, содан соң…
Қойым тұрды лақтап,
Ешкілерім қозылап,
Ешкі мен жанында
Ойнақтайды қозы, лақ.
Биелерім бұзаулап,
Түйелерім құлындап,
Сиырларым боталап,
Азан-қазан шырылдап.
Ағай көзін алартып:
-Кеттің, — деді, — жаңылып.
Ал содан соң, содан соң
Судыраттым ағылып:
-Бота туды биені,
Құлын туды түйені,
Қозы туды қойларлы,
Сиыр туды есекті… –
Лақ туды ешкіні,
Бес түлікке осылай
Берген едім есепті.
Ағай көзін алартып:
-Әй, жаңғалақ, жаңғалақ,
Кеттің, — деді, — қаңғалап.
..Ал, ендеше өздерің
Бір-бірімен салыстыр.
Жаңылмастан төлдерін
Енесіне табыстыр.
САНАМАҚ
1
Аспандағы бір тырна,
Жерде жатқан бір тырма,
Су ағатын бір тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
Аспандағы қос тырна,
Жерде жатқан қос тырма,
Су ағатын қос тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
Аспандағы үш тырна,
Жерде жатқан үш тырма,
Су ағатын үш тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
Аспандағы төрт тырна,
Жерде жатқан төрт тырма,
Су ағатын төрт тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
Аспандаға бес тырна,
Жерде жатқан бес тырма,
Су ағатын бес тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
Аспандағы он тырна,
Жерде жатқан он тырма,
Су ағатын он тұрба,
Бәрін қосса нешеу?
2
Көрдік он құсты,
Біреуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Екеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Үшеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Төртеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Бесеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Алтауы ұшты,
Нешеуі қалды?
Көодік он құсты,
Жетеуі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Сегізі ұшты,
Нешеуі қалды?
Көрдік он құсты,
Тоғызы ұшты,
Нешеуі қалды?
3
Екі ағаштың басында
Екі торғай.
Екі ағаштың қасында
Екі торай.
Жеке ағаштың басында
Жеті торғай.
Жеке ағаштың қасында
Жеті торай.
Неше ағаш?
Неше торғай?
Неше торай?
САНАМАҚ
(екінші түрі)
Он күшік – оң жақта,
Он мысық – сол жақта.
Үш күшік – солға шық!
Бес мысық оңға шық!
Оң жақта неше күшік,
Сол жақта неше мысық –
Қалады?
Сол жақта неше күшік,
Оң жақта неше мысық –
Болады?
ШӨЖЕ МЕН ҚОЗЫ
Бірі – қызыл,
Бірі – көк.
Бірі – ұзын,
Бірі тоқ
Шөжелерім бар менің.
Неше шөжем бар менің?
***
Екі көз,
Екі құлағы бар,
Төрт тұяғы бар,
Қарашы өзің,
Қара қозым бар менің.
Неше қозым бар менің?
ҚАРҒАЛАР
Қарғалар –ау, қарғалар!
Қанаттарың қар болар.
Тез-тез ұшып кетіңдер,
Жылы ұяға жетіңдер.
Қарғалар-ау, қарғалар,
Балапаның бар болар?
Қарлы боран соғады,
Балапандар тоңады.
Тез-тез ұшып кетіңдер,
Балапанға жетіңдер!
Қар жауып тұр, қарғалар!
Ұяларың бар болар?
Тез-тез ұшып кетіңдер,
Қанаттарың қар болар.
Қарғалар-ау, қарғалар!
Ұяларың бар болар.
Кешке суық болады,
Аяқтарың тоңады,
Тез-тез ұшып кетіңдер,
Жылы ұяға жетіңдер!
КҮШІК
Үлкенге де, кішіге
Үріп келе жатады.
Таяқ алсаң ініне
Кіріп бара жатады…
ТЕНТЕК
Мұратжан!
«Нар» деші?
Най.
«Қара» деші?
Қай.
«Най емес»
Нар.
«Қай» емес,
Қар, —
Деп едім
Най.
Қай дегешін,
Қай,
Ап…а! – деп шыңғырды,
Қиқарлығын білдірді.
ҚАЙЫРЫМДЫ МЕН ҚАЙЫРЫМСЫЗ
ТУРАЛЫ ЕРТЕГІ
1
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөрте ме?
Өткен жайды осылай
Қариялар шерте ме?
Айтып отыр Әбілтай:
Мүсілімдей дананы,
Ел-жұртына пананы.
Мүсілімнің рухы –
Мәңгі от болып жанады.
Ой, Мүсілім, Мүсілім!
Көңілін жықпай кісінің,
Қайыр сұрай келгенді
Алтынменен аптаған.
Күміспенен күптеген.
Кедей-кепшік қуанған
Сыйлық алып күтпеген.
Жұртты алдына жиып ап,
Жүреді екен жер өңдеп.
Байлық кілті – ер еңбек!
Байлық көзі — теріңмен,
Кете берер тереңдеп.
Еңбегіңнің жемісін –
Өздеріңе берем деп,
Сахилықты еңбек пен
Жерден мына көрем деп,
Мүсілімдей данышпан
Ертеректе өтіпті.
Бар баласын аулының
Мектеп салып оқытты,
Өнер – білім тоқытты.
Зерек жігіт елінен
Білім іздеп кетіпті.
Мүсілімнің атағы –
Жер-жиһанға жетіпті.
Тату тұрып көршімен,
Өнер-білім өршіген.
Қысы –жазы еңбекпен
Маңдайлары тершіген,
Мүсілімнің ауылы,
Мүсілімнің қауымы,
Жетіп жатты көп жерге
Мүсілімнің дабылы.
Ашыққанға нан берген,
Тойынғанға ән берген,
Адамдықты пір тұтып,
Маңыз берген, мән берген.
Мүсілімнің үйінің
Арылмайды қонағы,
Біреу ерте аттанып,
Біреу кешке қонады.
Қайыр сұрап қақсағ
Ол да мейман болады.
Шытпайды еш қабағын,
Береді ас-су тамағын.
Кімдігіне қарамай,
Оңғарады талабын.
Жетімдерді уатып,
Жесірлерді жұбатып,
Жүрегі бар жандарды
Жүреді екен ұнатып.
Мүсілімнен ешқашан
Шыққан емес күй ағат.
Адам түгіл аңға да
Жасамайды қиянат.
Сол Мүсілім, Мүсілім
Қуат тайып, әр тайып,
Жасы жетіп қартайып,
Жүз жиырма бес жасында
Дүниеден өтіпті.
Еңбек пенен ерлікті
Аманат қып кетіпті.
Мүсілімнен парықсыз
Жалғыз бала қалыпты,
Елге ылаң салыпты.
Мүсілімді көргендер
Мұңайыпты, налыпты.
Жалғыз ұлы Жауғашар
Абыржытып халықты,
Ауыр салмақ салыпты.
Маңайынан қуыпты
Жетім-жесір ғаріпті.
Жас басымен жаман ұл
Он үш қатын алыпты…
Өмірзақ ҚОЖАМҰРАТОВ