Қолөнер шебері

«Қолөнер –  рухани жан серігің» – демекші  жыл сайын Қарағанды қаласы қолөнершілерінің Наурыз мейрамына арналған сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі өтіп тұрады. Үш күн бойы қала тұрғындары мен қонақтар қызықтап көріп, тамашалады. Мерекеге арналған, күнделікті үй тұрмыстарына қажетті заттарды қызықтап сатып алғандар да кездесті.

Абай ауданы, Сәрепті ауылының тұрғыны Шәкәрім атындағы жалпы білім беретін №38 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Балдырған  Қабиқызының  қолөнерінен шыққан әртүрлі бұйымдарды бізде көріп, тамашаладық. Аяулы әкесі Қаби Мұқаш алтын, күміс бұйымдарынан келістіре алқа, білезік, сырғалар жасаған зергер болыпты.  Ал,  «Алтын алқа» иесі мейірімді асыл анасы Ермекей   қазақтың ою өрнекті қолөнерін  дамытқан.  Елге сыйлы,  абыройлы үлкен шаңырақтың құты болған екен.

Балдырған ұстаз үйінің бір бөлмесін қолөнер жұмыстарына ыңғайлап  алған.  Арасында ауыл тұрғындарының тапсырыстарын да орындайды.  «Ана көрген – тон пішер» дегендей қазақи ою өрнектерді көріп көзі қанған   қабілетті, жан-жақты шаруаға икемді заманға сай  қызығушылықпен     өзін дамытып,  шығармашылық кәсіппен айналысуға да уақыт табады.

Ісмер қолөнерші, тәжірибелі үлгілі ұстаз Балдырған аудан, облыстағы өтіп тұратын конкурстар мен  фестивалдарға да катысып тұрады.

Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігі «Алтын білім кілті» әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен Халықаралық балалар журналының ұйымдастыруымен өткен «Бояулар құпиясы» атты конкурсына шәкірт дайындап, өнерге деген құштарлығын оятқаны үшін, сонымен бірге осы министрліктің «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығының «Абай оқулары» конкурсына шәкірт бойындағы дарынды шыңдауға ат салысып, білім саласына қосқан үлесі үшін, Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің,  Қарағанды білім басқармасының,  Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

«Пони (Пайымда, Ойла, Нәтижеле, Игер) Халықаралық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін сапалы дайындағаныңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз! Сіздің қажырлы еңбегініздің арқасында оқушылар аталмыш байқауда жоғары нәтиже көрсетті. Бұл Байқау балалардың білімге, ғылымға деген құштарлықтарын арттыра түсті. Сіз бен біздің асыл борышымыз –  болашақ ұрпаққа саналы білім беру және кемеліне жеткізу. Ұстаздық қызметіңізде жаңа жеңістер мен барлық істеріңізге сәттілік тілейміз», — деп жазылған Ресей  мен Қазақстан бойынша Ұйымдастыру комитетінің  Дипломы қошаметпеп табысталды.

Бұл дегеніміз ұстаз еңбегін аса құрметпен бағалау. Сонымен бірге Республикалық оқу ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қазақ тілі пәнінен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Педстарт» республикалық қашықтықтан олимпиадасының  І дәрежелі жеңімпазы Дипломын  Сертификатымен қоса алған үздік жүлдегер.

Облыс қолөнершілерінің  «Қол өнері – қазақтың төл өнері» облыстық форумының өтуіне белсене қатысып, әртүрлі ою өрнектермен өрнектелген, көздің жауын алатындай камзол, бешпеттер мен балаларға арналған үкілі тақияларымен ерекшеленді. Өнердің дамуына қосқан зор үлесі мен кәсіби қарым-қатынастың қалыптасу жолында сіңірген еңбектері үшін талай рет марапаттарға ие болды.

«Алтын алқа»  иесі, тәжірибелі ұстаз Балдырған Қабиқызы «Өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағидамен талмай еңбек жасауда. Қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттап ата-бабаларымыздан мирас болып жеткен мұраларымызды жаңғыртып, бала мен үй  тәрбиесіндегі ерекше жауапкершілікті қоса алып жүрген  осындай жаны жайсаң аналар бар арамызда.

– Ұлттық киім –  ұлтымыздың айнасы киімде халқымыздың тарихы, мәдениеті мен жан көркемділігі ерекшеленіп көрініп тұрады. Біз көпшілікке насихаттау арқылы өзіміздің әдепті салтымызды көрсетіп, мақтан етеміз. Ұлттық құндылық дәстүр жалғасы қазақтың колөнері, көне заман тарихымен бірге жасап келе жатқан бай қазынамыз. Ұлттық киімдер барша сәнділігімен, моншақтармен де көмкеріліп бір-біріне ұқсамайтын әсемділігімен, дене сымбатын ашатын үйлесімділігімен ерекше. Ол жай киім емес бүкіл ұлтымыздың бет-бедерін айқындап, ұлан ғасыр тарихын көрсететін, сырлы дүние. Мектепте мұғалімдерімен бірігіп ұлттық Музей тамаша жабдықталған, – дейді бізбен сұхбатында, ұлағатты ұстаз.

«Адам – отбасымен көрікті» десек, жұбайы Ержан Жанімқанұлы да осы мектепте алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәндерінен сабақ береді. Бақытты отбасында апа мен ата, құда-құдағи аталып отырған шаңырақ иелері Мариям, Кәусар, Аян, Балауса, Томирис, Диас деген жиен балапандарды қызықтауда.

Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен бірге  ұлттық тәрбие мұралары да  халқымен бірге жасауда.  Көпшіліктің құрмет, ризашылығына бөленіп жүрген, қарасаң көз тоятындай көркем, сәнді тігілген ұлттық киімдеріміз талай шет ел өкілдерін де тамсандыруда. «Шебердің қолы – ортақ» демекші, осындай тамаша халықтық мұраларымыздың құнын жоғалтпай, қастерлеу жолындағы ұстаз еңбегіне шығармашылық толағай табыс пен қажымас қуат тіледік.

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының

мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *