«Отбасы – қоғамның іргетасы»

«Наурыз мейрамын» мерекелеу онкүндігінің «Шаңырақ» күні Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, Қарағанды қаласының перзентханаларында жаңа туған балалардың ата-аналарын құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

Облыстық клиникалық аурухананың №1 перинаталдық орталығында егіз туып, 6 балалы ана болған Сағынаева Замзагүлге, облыстық клиникалық аурухананың № 2 перинаталдық орталығында 6-шы баланы дүниеге әкелген Исмаилова Жайнағұлға, өңірлік акушерлік-гинекологиялық орталықта анасы 4-ші рет ана атанған Тұрлыбек Айданаға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің атынан көп балалы аналарға естелік сыйлық пен гүл табысталды

Зәмзагүл Сағынаева алтыншы  баласын 14 наурыз күні дүниеге әкелген.

– Наурыз айы барлық қазақстандықтар үшін маңызды. Бұл ай біздің отбасымыз үшін де қуаныш сыйлады. Жолдасым 14 наурызда туған, егіз ұлдарымды да осы күні жарық дүние есігін ашты. Менің де туған күнім 22 наурыз. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тама сыйлық болды, – дейді Зәмзагүл.

Аналарды құттықтай барған Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмеевский оларға денсаулық тіледі.

– Отбасы құндылығы – барлығымыз үшін қастерлі. Ол – қоғамның іргетасы. Мереке құтты болсын! Әр шаңыраққа бақыт тілеймін. Аналарға да жаңа туған сәбилерге де денсаулық мықты болсын! – деді ол.

Әділ БЕК

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *