Ақындар түсті тартысқа

Дәстүрлі республикалық «Армысың, Әз-Наурыз» айтысында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы мен Қарағандының 90 жылдығына орай 14 ақын бақ сынасты. Жеті суырыпсалма ақындар жұбы алты сағат бойы шешендік өнерлерін ортаға салып, өзара сайысты.

Айтыстың ашылу салтанатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын:

– Кезіндегі кеңес заманында біраз дүниемізден қол үздік. Уағында еркімізді алса да, еңсеміз түскен жоқ. Өкеніміз қайта  жанып, өлгеніміз қайта тірілді. Осындай асыл қазынамыздың бірі – айтыс өнері. Өзбекәлі Жәнібековтей арыс азаматымыздың қайраткерлігінің арқасында Наурыз өз деңгейінде тойлана бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған терең мағына үстеді. Биыл әз наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыстың жақындайтын, араздың татуласатын ерек күндері бұл. Жалпыхалықтық сипатқа ие болып жатқан тағалымы терең, дәстүрі дестелі Ұлт мерекесі баянды болсын! Ақындар алқынбасын, – деп тілегін білдірді.

Айтыскерлер Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының сахнасында Қаныш Сәтбаевтың еңбегі мен кеншілер астанасының жетістіктерін ғана емес, сонымен қатар өз аудандарының, қалаларының және жалпы Қарағанды облысының өзекті мәселелерін қозғады. Айтылған сында  жолдардың жағдайы, кеншілердің еңбек жағдайы және тағы да басқа дүниелер айтылды.

Финалға төрт ақын өтті.

Үшінші орынды Нұра ауданының ақыны Жандос Бақытұлы мен Қарқаралы ауданының айтыскері Бекарыс Оспанов өзара бөлісті. Екінші орынды Сырым Бейсенбек (Ұлытау облысы) және Нұрмұхамед Байсүгіров (Қарағанды) иеленді. Ұлытаудан келген Думан Самат бірінші болды. Бас жүлдеге Теміртау ақыны Еркеғали Бекболат ие болды.

Әділ БЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *