Қолдау біреуге құт, екіншіге «жегі құрт»

2023 жылы  Қарағанды облысында бизнесті дамыту үшін 935 грант пен шағын несие берілді. Шағын және орта бизнестің 1266 жобасы қаржылай қолдау алды. Кәсіпкерлік негіздеріне төрт мыңнан астам бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Бұл жоспарланғаннан екі есе көп. Дегенмен, өткен жылдары берілген мемлекет қолдауын өз пайдасына, яғни жеке басына жаратқандар да бары да шындық.

Өңірде мемлекеттік  қолдау шараларының арқасында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 100 мыңнан асса, жұмыспен қамтылғандар саны 242 мың адамға дейін өсті. 43 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту шараларымен 15 мыңға жуық жас қамтылған.

Қарағанды облысының әрбір екінші экономикалық белсенді тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.

Дегенмен, жеңілдетілген несиені майшелпек деп ойлағандар да бары айтыла бастады. Осы несиені қалтаға басып, уақытында төлемей өз керегіне шашқандар да бар дегенді естіп, «Даму» қорына хабарластық.

«Иә, қазіргі таңда субсидия алғандар жетерлік. Мақсатты түрде алмағандар да бар. Яғни, ақшаны алып төлемегендер. Оларды біз қордан бөлінген жеңілдетілген несиеден қағамыз. Жеңілдетілген несие бойынша ауылдық жердегілер 7, қалалық жердегілер 8 пайыз ғана өз қалтасынан шығаратын болса, уәдеде тұрмаған борышкер, 22 пайызды толығымен банкке төлейтін болады», – деген менеджер хабарын алдық. Олардың айтуынша толық мәлімет жоқ, әзірге мониторинг жүргізілмеген.

Кәсіп ашу үшін мемелекеттің жеңілдетілген несиесін алған  Құрма ауылының түрғыны Аян Мақыш болса, «әу» дегенде 5 миллион теңгеге өтінім берген. Сол ақшаға 10 бас сиыр алған. Әрине, бастапқыда ауыл табынымен жайылымға шығарғанымен, бөлек алып баққысы келіп, жер іздейді. Ауыл маңы басқаның игілігі болып шыққандықтан  ары қарай мал ұстауды жөн көрмей, сатып тынған. «Әрине, қолдау да, несиені жеңілдетіп бергені де дұрыс. Бірақ, жайылымдық жер болмаса қиын екен», – дейді ол.

Өңірде жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы да жалғасуда. 2023 жылы 146 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда бес есеге көп. Қарағанды облысының  кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Құдабаев атап өткендей, бес миллион теңгеге дейінгі гранттар конкурсына қатысуға 610 өтініш түскен. Алайда, тек 410-ы ғана қатысуға рұқсат етілген.

«Байқау комиссиясының қорытындысы бойынша облыстың 11 қаласы мен ауданынан 30 жеңімпаз анықталды», – деп түсіндірді ол.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Бірден айта кетейін, барлығына бес миллион теңге грант берілмейді, кейбіреулер үшін бұл сома аз. Жас кәсіпкерлерге арналған ұлттық жоба аясындағы бұл қолдау 2026 жылға дейін күшінде болады. Сонымен қатар, байқау жарияланған кезде белсенділік танытатын алаяқтар да аз емес. Тек ресми дереккөздерге сену керек екенін бірден ескертеміз. Егер кімде-кім осындай ұсыныстарға тап болса, бізге хабарлассын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде бұл мәселені бірге шешеміз. Сондай-ақ, көптеген жас кәсіпкерлер ынсапсыз болып шықты. Мысалы, 2021 жылы 12 грант берілді, оның жетеуі орындалмаған. Өткен жылы жеті грант берілсе, оның үшеуі ғана тексерілген. Ал грант алушылар мемлекеттік ақшаны қайтаруды талап еткен прецеденттер бар, – дейді ол.

2023 жылдың басында Қарағанды облысында бизнесті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған мемлекеттік грант заңсыз берілгендігі туралы айтылды. Жалпы құны 55 млн. теңгеге жуықтайтын 36 грант негізсіз бөлінген болып шықты. Сорақысы сол, бірнеше ауданда қомақты қаржы заң бойынша берілмеуі тиіс азаматтарға үлестірілген. Мемлекеттік қолдауға ие болған 11 азамат, «жеке кәсіпкерлігін»  қаржы қолға тиген соң, қайтадан жауып тастаған. Салдарынан жоспарланған жаңа жұмыс орындары ашылмаған. Бұдан бөлек азаматтарды жұмысқа тек құжат жүзінде орналастыру дерегі белең алған.

«Гранттар кәсіпкерлік субъектілеріне өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған, бірақ оқытуға және басқа да мақсаттарға жұмсалды. Қарағанды, Шахтинск қалалары мен  Абай және Ақтоғай аудандарында 9,8 млн. теңгеге тоғыз грант берілді, бұл нысаналы межеге сәйкес келмеген. 11 кәсіпкер 6,4 млн теңгеге грант алған соң бірден қызметін тоқтатып тастаған», – деп хабарлады прокуратура.

Облыста осындай 75 жағдай анықталды. Заңсыздықтар болашақ кәсіпкерлерді оқыту кезінде жиі болған.

Мысалы, Осакаров ауданында 2021 жылы 10 млн бюджет қаржысына 65 адам талап етілмеген мамандық бойынша оқытылған, нәтижесінде тек 10-ы жұмыс тапқан. 54 млн теңгеге 36 грант негізсіз берілген және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған болып шықты.

Ал өткен 2023 жылы мемлекет грантын алғандардың  есеп берер күні жақын. Оларды  кәсіпті ашып, нәсібің көргендер және өз мұқтажына арнаушылар деп екіге бөлетін болады. Кәсіп ашсам деп немесе бар бизнесті дамытсам деген гранттан үміткер елдің алдын алып, айласы асып түсетін «үміткердің» алысқа бармасы айқын.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *