Қылмыс: өшті ме өсті ме?

Қылмыс  жеңіл немесе ауыр деп бөлінгенімен, түбі алажіпті аттау. Бүгінде қылмыс түрі көп. Дегенмен, мал ұрлығы, киберқылмыс азаймай тұр. Сонымен қатар, есірткі де есті алуда.

Заманына қарай амалы дегендей елімізде алаяқтықтың түр-түрі шыға бастады. Ал жаңадан құрылған киберполиция да осы басқаның қаражаты мен затын әлеуметтік желі арқылы үптеп кетушілерге қарсы ашылған ұйым.

Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Ислам Мусин:

– 2023 жылдың 1 жартыжылдығында Қарағанды қаласы бойынша барлығы 1001 алаяқтық тіркеліп, аталған қылмыс саны 21,8%-ға өскен. Оның 277-і ауыр қылмыстар санатында. Өсім – 30,7%. Сондай-ақ, орташа дәрежедегі 469 алаяқтық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға жоғары. Құзырлы орган өкілдері одан бөлек, 148 ұсақ алаяқтық тіркелгенін де айтады. Өткен жылы бұл көрстекіш те 5%-ға төмен болған. Айта кету керек, 2022 жылы 822 алаяқтық тіркелген. Оның 576-ы – орташа ауырлықтағы, 141-і – жеңіл дәрежедегі алаяқтық, – дегенді айтады.

Киберпол нәтижелі жұмыс істей бастады. Мысалы, Қарағанды полициясы қаладағы мекемелердің біріне хакерлік шабуыл жасады деген күдікпен Теміртау қаласының тұрғынын ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол вирусты бағдарламаларды пайдалану арқылы мекемеден 63 млн теңге ақша жымқырған. «Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Мал ұрлығы да азаймай тұр. Жақында ғана Бұқар жырау ауданының полиция басқармасына екі ауыл тұрғыны жүгініп, сарайларынан 12 қой мен жылқы ұрланғандығын айтқан. Мал иелерінің әрқайсысына 600 мың теңге шығын келтірілген.

Жедел іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан топтың ізіне түсті. 19 бен 21 жас аралығындағы алты жігіт оңай олжа үшін осындай қылмысқа барған. Ұрланған түліктің етін сатып, түскен ақшаны өзара бөліскен. Күдіктілердің үйінен тәртіп сақшылары мал терісі мен бір тірі қойды тәркіледі.

Қарағанды облыстық Поли­ция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскем­баев:

– 2023 жылдың басынан бастап, облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылды, –  дегенді айтты.

Есірткі тасымалы да есті алып тұр. Көбінесе бұл қылмыс түрі арнайы іс-шаралар уақытында белгілі болып жатады. Ал ұсталмай сол есірткінің қаншама жанды жапа шектіріп отырғаны белгісіз болып қала береді. Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері «Алматы-Екатеринбург» тас жолында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.

Түнгі сағат 3.30 шамасында полиция қызметкерлері қалаға жақын маңдағы ауылдардың бірінің маңынан 38 жастағы азаматтың басқаруындағы жеңіл автокөлікті ұстады. Көлікте 41 жастағы жолаушы болған. Автокөліктің Жамбыл облысы, Шу қаласынан келе жатқаны анықталды. Көлікке жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында көліктен ірі көлемдегі есірткі заттары анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктілердің әкеле жатқан заттары 146 келі марихуана және 94 келі гашиш екені белгілі болды.

Күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданып, тергеу амалдары жүргізілуде.

2023 жылдың қаңтар-қараша қорытындысы бойынша, елімізде есірткіге қатысты 7 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл 2022 жылға қарағанда 10,1 пайыз көп.
Мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірден 68,2 пайызы есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен және сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бабына қатысты: 2022 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 4,8 мың іс — 9,5 пайыз көп.

Сонымен қатар аймақта бопсалау да маза алған қылмыс болып түр. Өйткені мұнда ірі компаниялар көп. Ол дегеніміз қылмыс әлемінің көзіне түсіп, ықпалына алғысы келетіндігі анық. Сондай жағдай жақында ғана тіркелді. Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестірумен «Қармет» кеншілерінен қорқыту, моральдық және физикалық қысым көрсету арқылы ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында топтың осындай 15 дерекке қатысы бар екені анықталды. Сонымен қатар, қылмыстық топтың мүшелері қару қолданып, криминалдық жанжалдарға қатысқан және аталған облыстың Абай ауданына қарасты теміржол станциясында тасымалданатын жүктерді ұрлаған.

Күдікті адамдарды ұстау барысында 15-ке жуық тінту іс-шаралары жүргізілді, соның нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қарулар, сондай-ақ оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленді. Барлығы 10 адам ұсталды, олардың ішінде топтың көшбасшысы мен ең белсенді төрт мүшесі қамауға алынды.

Байқағанымыздай, қылмыс өшпей тұр. Тәртіп сақшылары болдырмаудың түрлі амалын жасауда.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *