Тоғызқұмалақтан топ жарған жас таланттар

Ақыл-ойды ұштап, зерделілікті шыңдайтын ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақтың жастар арасында кеңінен қанат жайып келе жатқаны қуантады. Бұл бағытта спорт мектебіміздің жас тәрбиеленушілері де жақсы нәтижелерімен ел мерейін асырып жүр.

2026 жылдың 30 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Абай қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан Қарағанды облысының командалық чемпионаты өтті. Облыстың әр өңірінен жиналған жас спортшылар өзара бақ сынасып, ұлттық зияткерлік спорт түрінен шеберліктерін көрсетті. Аталған додада ауданымыздың намысын Ақадыр кентінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақшылары қорғады.

Жарыс тартысты әрі қызықты өтіп, әр ойыншыдан терең ойлау, дәл есептеу, сабырлылық пен ұтымды шешім қабылдауды талап етті. Осындай жауапты бәсекеде спорт мектебіміздің шәкірттері де өздерінің жоғары дайындығын дәлелдеп, жүлделі нәтижелерге қол жеткізді.

Қыздар арасында командалық есепте Қожанәсіп Балғын, Муздыбаева Нұрай, Хамзе Кәусар, Боранқұл Ділназ топ жарып, чемпион атанды. Осы әдемі жеңіс жас спортшыларымыздың тынымсыз еңбегі мен жаттығудағы ізденісінің жемісі.

Ал ұлдар арасында жеке есепте Амангелді Мұхаммад, Нұрбек Нұрлан үздік нәтиже көрсетіп, чемпиондық тұғырдан көрінді.

Қыздардың да, ұлдардың да жеңістерінің артында шәкірттердің маңдай терімен қатар, оларды күн сайын жаттықтырып, жарысқа жан-жақты дайындаған білікті жаттықтырушылардың еңбегі тұр. Жас тоғызқұмалақшылардың шеберлігін шыңдап, үлкен додаларға дайындап жүрген Қожанәсіп Аңсаған және Нұртай Шапинов сынды мамандардың еңбектерін айрықша атап өтуге лайық.

Тоғызқұмалақ – ұлтымыздың ойлау мәдениеті мен зерделілік қасиетін қалыптастыратын тағылымды ойын. Сондықтан осындай жарыстарда топ жарып жүрген жас өрендердің әрбір жеңісі – ұлттық спортымыздың болашағына деген сенімнің белгісі.

Спорт мектебінің жас тоғызқұмалақшылары облыстық чемпионатта жеңіс тұғырынан көрініп, өз мектебінің ғана емес, туған өңірінің де абыройын асқақтатты.

Жас чемпиондарға алдағы жарыстарда да сәттілік, толағай табыс тілейміз! Ұлттық спорттың көкжиегін кеңейтіп, биік белестерді бағындыра беріңдер!

Қалижан БЕКҚҚОЖА,

Ақадыр кенті