ТАТУЛЫҚ – ТОПТЫҢ ТІРЕГІ

Адам өмірінің маңызды бөлігі – қарым-қатынас. Әсіресе білім алушылардың күнделікті ортасында өзара сыйластық, түсіністік пен қолдау болуы олардың оқуына, көңіл күйіне және тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан топта жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру – куратор мен білім алушы үшін ортақ міндет.

Моральдық-психологиялық ахуал дегеніміз – топ мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы, өзара сенімі, сыйластығы және ортақ мақсатқа ұмтылысы арқылы қалыптасатын психологиялық орта. Егер топта әр адам өзін еркін, қауіпсіз әрі маңызды сезінсе, білім алушылардың белсенділігі де арта түседі.

Жағымды ахуалдың негізі – өзара құрмет. Әр адамның пікірі мен көзқарасын тыңдай білу, өзгелердің ерекшеліктерін қабылдау, орынсыз сын айтпау – мәдениетті қарым-қатынастың басты белгілері. Топ ішінде бір-біріне қолдау көрсету, қиын жағдайда көмек қолын созу да достық пен ынтымақтастықты нығайтады.

Топ кураторының да бұл бағыттағы рөлі ерекше. Куратор білім алушылармен ашық сөйлесіп, олардың пікірін тыңдап, мәселелерін түсінуге тырысқаны жөн. Әр білім алушыға жеке тұлға ретінде қарау, жетістігін атап өту және кемшілігін дұрыс бағытта көрсету – сенімді қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді.

Топтағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру үшін түрлі тәрбиелік іс-шаралар, тренингтер, пікірталастар, топтық жұмыстар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырудың маңызы зор. Мұндай жұмыстар білім алушылардың бір-бірін жақынырақ тануына, ортақ қызығушылықтарын анықтауына және ұжымдық жауапкершілігін арттыруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жанжалдың алдын алу да маңызды. Кез келген түсініспеушілікті ушықтырмай, сабырмен сөйлесу, мәселені бірге шешуге ұмтылу қажет. «Менің пікірім ғана дұрыс» деген ұстанымның орнына «Біз бұл мәселені қалай бірге шеше аламыз?» деген көзқарас қалыптасса, топтағы бірлік те нығая түседі.

Жақсы моральдық-психологиялық ахуал – бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті қарым-қатынастан, қарапайым сәлемдесуден, жылы сөзден, өзара көмектен және сыйластықтан басталады. Әр топ мүшесі өз әрекетіне жауапкершілікпен қарағанда ғана шынайы ұйымшыл орта қалыптасады.

Бірлігі бекем, қарым-қатынасы жақсы топта оқу да, еңбек ету де жеңіл. Сондықтан әрқайсымыз өз ортамызда мейірімділік пен сыйластықты қалыптастыруға үлес қоссақ, топтағы жағымды ахуалдың берік негізін қалаймыз. Жылы қарым-қатынас – жақсы көңіл күйдің, ал жақсы көңіл күй – жоғары жетістіктің бастауы.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ