Күз – көңілдің көркем метафорасы

Қазіргі қазақ поэзиясындағы күз бейнесі табиғат көрінісінен адам жанының айнасына қалай айналды? Осы мәселеге байланысты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Жанат Жаңқашұлы, Ерболат Баятұлы, Сағыныш Намазшамова,  Нұрлыхан Айтова, Шапағат Әбдір сынды ақындардың Facebook желісінде жарияланған күз тақырыбындағы өлеңдеріне қайта үңіліп көрдік.

Күз… Бұл сөздің өзінде бір сыр, бір мұң, бір сағыныш бар. Жаздың қызуы басылып, табиғат біртіндеп сабырға көшеді. Жапырақтар сарғаяды, құстар жылы жаққа қайтады, күн қысқарады. Жай ғана табиғи өзгеріс сияқты көрінгенімен, ақын үшін күз – уақыттың, өмірдің, сағыныштың, кейде адамның ішкі жалғыздығының көркем бейнесі.

Сондықтан күз туралы өлеңдерді оқығанда, біз табиғатты ғана көрмейміз. Ақынның өз жанын, уақыт туралы толғанысын, өткенге деген көзқарасын сеземіз. Қазіргі қазақ поэзиясындағы күз бейнесіне назар аударсақ, бір ерекшелік анық байқалады: бір ғана табиғи құбылыс әр ақынның көркемдік танымында түрлі мағынаға ие болады. Бірінде жапырақ – жастықтың белгісі, екіншісінде – мезгілдің нотасы, үшіншісінде – жанның парағы. Күздің өзі де бір шығармада уақыт, бірінде өмірдің өткіншілігі, енді бірінде сағыныш пен музыкалық ырғақ ретінде көрінеді. Демек, мәселе – күзді қалай суреттеуде ғана емес, күз арқылы нені айтуда.

Күздің поэзиядағы ең терең мағыналарының бірі – уақыт. Адам уақытты көзбен көре алмайды. Оның қозғалысын өзгерген табиғаттан, адамның өзінен, өткен мен бүгіннің айырмасынан аңғарамыз. Ақын осы дерексіз ұғымды нақты табиғи бейнелер арқылы сезіндіреді.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Уақыт та жайқалады ауада» деген жолы – осының айқын мысалы. Уақыттың «жайқалуы» – логикалық тұрғыдан мүмкін емес, бірақ поэзияның тілінде өте табиғи естіледі. Ақын уақытты өсімдікке ұқсатып, көзге көрінбейтін құбылысты тірі, қозғалыстағы бейнеге айналдырады. «Жайқалу» ұғымы уақыттың тоқтаусыз қозғалысын, өмірдің бір кезеңнен екіншісіне ауысуын аңғартады.

Ерболат Баятұлының «Сарғаяды өмірлер күз секілді» деген жолында бұл байланыс одан әрі айқындала түседі. Мұнда күз – табиғат мезгілі ғана емес, адам өмірінің метафорасы. Жапырақтың сарғаюы уақыт өте келе адамның да өзгеретінін, әрбір өмірдің өз «күзі» болатынын меңзейді. Ал Жанат Жаңқашұлының «Күзгі вальс. Шопен» шығармасындағы: «Жайлауынан жаз көшті» деген бейне уақыт қозғалысын ұлттық дүниетаныммен сабақтастырады. Жаздың «көшуі» – мезгілдің ауысуы ғана емес, бір кезеңмен қоштасу, басқа кеңістікке бет алу. Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі көш ұғымы бұл метафораға қосымша мағыналық реңк береді. Осы шығармаларда күз табиғаттағы мезгілдік өзгерістен адам ғұмырының қозғалысын танытатын философиялық образға көтеріледі.

Күз туралы поэзияда жапырақ образы жиі кездеседі. Бірақ оның қайталануы бірсарынды сипатқа әкелмейді. Керісінше, әр ақын жапыраққа өзінше мағына береді. Сағыныш Намазшамованың: «Сен жасыл ең жапырақ, мен де онда жас едім» деген жолдарында жапырақ – жастықтың метафорасы. Мұндағы «жасыл» түс табиғи реңк қана емес, балалық пен жастықтың, өмірдің балғын кезеңінің белгісі. Жасыл жапырақтың сарғаюы – уақыттың өтуін білдіреді. Сондықтан жапыраққа қараған ақын өзінің өткен шағына қарайды. Нұрлыхан Айтова бұл образды басқа арнаға бұрып: «Жапырақтар – мезгілдің ноталары», – дейді. Мұнда жапырақ – нота. Табиғат – музыка. Күз – тұтас бір шығарма. Желдің үні, жапырақтың сыбдыры, табиғаттың қозғалысы музыкалық ырғаққа айналады. Шапағат Әбдірдің «Сағыныш күйін сары жел тарт» деген бейнесі де осы музыкалық жүйені толықтырады. Жел – күйші, ал күз – оның тартқан мұңды күйі. Осы ақынның «Жанымның қауырсыны», «жанымның бір парағы» деген бейнелерінде жапырақ адамның ішкі әлемімен сабақтасады. Табиғаттағы жапырақ адамның жан дүниесіндегі нәзік сезімнің баламасына айналады.

Осы екі ақынның қолданысын салыстырғанда, бір образдың үш түрлі мағыналық деңгейге көтерілгенін көреміз. Жапырақ дегеніміз – жастық, мезгіл әрі жан. Бұл – метафораның поэзиядағы басты мүмкіндіктерінің бірі. Ақын дайын образды қайталамайды, оған жаңа мағыналық жүк артады.

Күзгі табиғаттың өзгеруі адам өмірінің кезеңдерімен де астасады. Жайқалған ағаштың жапырағы сиреп, бұтағы жалаңаштанады. Осы көрініс ақынға адамның қартайған шағын елестетеді. Жанат Жаңқашұлының «Сәмбі талдың сирек шашы» деген тіркесінде ағаштың сиреген жапырағы адамның шашына ұқсатылады. Мұндағы «сирек шаш» тіркесі табиғаттың күзгі қалпын ғана сипаттамай, қарттық ұғымын да қатар алып келеді. Дәл осы ақынның «Күзгі вальс. Шопен» өлеңіндегі «кәрі ағаштар», «қаусаған сүйектер» деген тіркестер осы адам мен табиғат арасындағы ұқсастықты күшейтеді. Ағаштың бұтағы – сүйек, жапырақсыз қалпы – қартайған адамның әлсіз денесін елестетеді. Ал ағаштың «көзін сүртуі» табиғатты жандандыру тәсілі арқылы күзгі көрініске эмоциялық сипат береді. Шапағат Әбдірдің «бұлт ұйқышыл», «күн де еріншек», «жел жеңілтек» деген бейнелерінде де табиғатқа адам қасиеті беріледі. Мұндай метафоралардың мақсаты – табиғатты жай ғана жандандыру емес. Ақын табиғат арқылы адамның көңіл күйін көрсетеді. Табиғаттың баяу қозғалысы, солғын түсі, салқын желі адамның ішкі сезімімен үндеседі. Сөйтіп, сыртқы пейзаж психологиялық пейзажға айналады.

Күзді көруге болады. Поэзияда оны естуге де болады. Нұрлыхан Айтова күзді музыкаға айналдырса, Жанат Жаңқашұлының «Күзгі вальс. Шопен» шығармасында табиғаттың қозғалысы би ырғағымен беріледі. Бұл екі шығармадағы ұқсастық – табиғатты музыкалық қабылдауында. Бірақ көркемдік тәсілдері әртүрлі. Нұрлыхан Айтовада музыка дыбыс, нота, күй арқылы жасалады. Жапырақ – нота, жел – күйші. Ал «Күзгі вальсте» музыка қимыл мен ырғақ арқылы көрінеді. Қайыңның шайқалуы, өзеннің иірімі, құстардың қайтуы – біртұтас қозғалысқа бірігеді. Бірінде күзді құлақпен тыңдаймыз, екіншісінде оның ырғағын көзбен көреміз. Осылайша табиғат көрінісі дыбыстық және қозғалыстық эстетикаға ие болады.

Күздің поэзиядағы мұңды сипаты оның табиғи болмысымен байланысты. Жапырақ ағаштан ажырайды, құс жылы жаққа ұшады, жаз аяқталады, күн қысқарады. Табиғаттың әрбір өзгерісінде қоштасу сарыны бар.

Ал қоштасу бар жерде адам өткенге қарайды. Сондықтан күз – сағыныштың  мезгілі. Адам күзгі табиғатқа қарап отырып, өзінің өткен күндерін еске алады: балалық шағын, жастық шағын, бірге жүрген адамдарын, орындалмаған армандарын. Осы тұста табиғат пен адам арасындағы шекара жойылады. Сырттағы күз адамның ішіндегі күзге айналады. Күзгі жел – сағыныштың үні. Сарғайған жапырақ – өткен күннің белгісі. Жалаңаш ағаш – уақыттың таңбасы. Салқын аспан – көңілдің тыныштығы немесе жалғыздығы. Сондықтан күзді тек мұңның мезгілі деу жеткіліксіз. Ол – ойланудың, толысудың, өткенге есеп берудің де кезеңі.

Бір мезгіл – мың мағына. Қарастырылған шығармаларды салыстыра келгенде, күздің поэзиядағы мағыналық ауқымы кең екеніне көз жеткіземіз.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлында – уақыт; Ерболат Баятұлында – өмір; Сағыныш Намазшамовада – жастық; Жанат Жаңқашұлында – қартаю, қозғалыс пен қоштасу; Нұрлыхан Айтовада – музыка; Шапағат Әбдірде – жан.

Бұлардың барлығын біріктіретін нәрсе – табиғаттың адам болмысымен байланысы. Яғни, күздің поэтикалық мағынасы оның табиғи белгілерінен басталғанымен, адам санасында жалғасады. Сондықтан қазіргі қазақ поэзиясындағы күзді тек пейзаждық лирика шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Күз – уақыт пен жадының, табиғат пен адамның, сыртқы әлем мен ішкі сезімнің арасын жалғайтын күрделі метафоралық жүйе.

Ақындар табиғатты суреттеу үшін ғана күзді жырламайды. Олар табиғатқа қарап, адамды таниды. Жапырақтан – жастықты, сарғаюдан – уақытты, кәрі ағаштан – қартаюды, желден – сағынышты, музыкадан – көңілдің қозғалысын көреді. Осы тұрғыдан алғанда, метафора – жай ғана көркемдеу тәсілі емес, ақынның дүниені тану құралы. Табиғаттың сыртқы көрінісі адамның ішкі әлемін ашуға қызмет етеді. Сондықтан бір ақынның күзгі жапырақтан жастықты көруі, екіншісінің одан музыкалық нота табуы, үшіншісінің жанның парағын тануы – кездейсоқ ұқсастық емес. Бұл – әр ақынның эстетикалық әлемінің ерекшелігі.

Күз бізге ештеңенің мәңгі еместігін ұқтырады. Мәселен, жапырақ көктемде бүр жарады, жазда жайқалады, күзде сарғаяды. Оның түсуі – табиғаттың аяқталуы емес, жаңа айналымның бастауы. Адам өмірі де осындай.

Балалық та, жастық та өтеді, кемелдік пен қарттық келеді. Бірақ әр кезеңнің өз мәні бар. Сондықтан күзді тек мұңмен байланыстыру біржақты болар еді. Күз – толысудың, жинақтаудың, өткенге көз жіберудің мезгілі. Оның сұлулығы да осында. Осы көпмағыналылық күз бейнесінің поэтикалық қуатын танытады. Демек, күз туралы өлеңдер табиғатты суреттеумен шектелмейді. Олар табиғат арқылы адамның уақытпен қарым-қатынасын, өткенге деген сезімін, жалғыздығын, сағынышын, толғанысын көрсетеді.

Сонымен, күз – уақыттың бейнесі. Күз – жадының ізі. Күз – сағыныштың үні. Күз – адамның өзімен-өзі сырласатын шағы. Ал ең бастысы – күз көңілдің көркем метафорасы.

Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

 жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі