Ортақ мүлікке – ортақ жауапкершілік

Қаланы абаттандыру ісіне қоғам өкілдері белсенді араласып отыр. Аяқталған нысанды қабылдауға, оның сапасын бақылауға да қоғамдық бақылау өкілдері де тұрақты қатысып келеді. Мәселен, Қарағанды қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулалар мен көшелер көркейіп, жаңадан нысандар қойылып отыр. Жобаның маңызы сол – әр  тұрғын өзі тұратын жердегі мәселені көтеріп, оның түзелуіне атсалысады. Бұл орайда қоғамдық бақылау ұйымдары да шет қалған емес. Кеңес мүшелері тұрғындардың базынасын қала әкімдігіне жеткізіп, билік пен халық арасында алтын көпірге айналып отыр.

Қоғам өкілдері кез келген шаруаға белсене кіріседі. Олардың қатысуымен қараңғы жерлерге шамдар қойылып, жолдардың ойықтары бүтінделді. Бала көп аулаларға футбол және ойын алаңдары орнатылып, қираған мүліктер жөнделді. Бұған мысал да жеткілікті. Мәселен, былтыр Қазыбек би ауданыдағы қоғам өкілдерінің араласуымен 20 аула абаттандырылды. Ал биыл 60 аула салу жоспары бар.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы үш жыл бұрын қолға алынды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір жемісін беріп отыр.

–  Жоба 2022 жылы басталды. 2023 жылдан бастап нәтижесін беріп отыр. Алғашқы жылы үш үйдің ауласын абаттандырдық. Былтыр 20 аулада жұмыс жүргізілді. Ал биыл 60 ауланы анықтап отырмыз. Халық көбіне ересектер мен балаларға арналған екі түрлі алаң салып беруді сұрайды. Алаңдарға мердігерлер үш жылға дейін кепілдік береді. Аяқталған жұмысты қабылдауға әкімдік өкілдерімен бірге қоғамдық бақылау ұйымдарының өкілдері, тұрғындар да қатысады, – дейді Қазыбек би ауданы әкімдігі абаттандыру және жоспарлау бөлімінің басшысы Нариман Итқарин.

Ал кепілдік мерзімі аяқталған соң ортақ мүліктің бүлінбеуіне тұрғындар өздері жауапты болмақ. Яғни оны тазалау, абаттандыру және жөндеу жұмыстарын өздері жүргізеді. Себебі бұл – халықтың өзінің сұрауы және сол халықтың қаржысына салынған нысан. Әкімдік өкілінің айтуынша, кейінгі жылдары жобаға халық тарапынан сұраныс көбейіп келеді.

Жалпы, биыл Күзембаев атындағы, «Ғасыр» сауда үйі жанындағы және 14 шағынаудандағы саябақ та жөндеуден өтеді. Сондай-ақ «Алаш» саябағы, К.Станиславский атындағы театрдың алдындағы алаң, сондай-ақ Бұқар жырау даңғылындағы жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады.

Бұдан бөлек, Н.Әбдіров даңғылындағы №25-26 үйдің аулаларын абаттандыру, Кеншілер даңғылы бойындағы саябақты ағымдағы жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары, орамішілік жолдарды, кіреберістерді абаттандыру, аулаларда шұңқырларды жөндеу және жаяу жүргіншілер жолдарын орнату, Қарағанды тартымды қалаға айналады көгалдандыру, ағаштарды кесу, ауданды безендіру жұмыстары жүргізіле береді. Бұл мақсатта Қазыбек би атындағы аудандағы жұмыстарға 8,2 млрд теңге қарастырылса, Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша 3,4 млрд теңге жұмсалады. Бұл жұмыстардың сапасын бақылауға қоғамдық бақылау органдары белсене қатысады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *