Қарағанды қаласында екінші мәрте «Ортеке» этнофестивалі өтті. Былтыр облыстық деңгейде жарыс биылғы жылы республикамыздың барлық өңірін қамтыды. Республикалық этнофестивальдің ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы және облыстық Демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы.
Қытай, Моңғолиядан келген өнерпаздар, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарынан және Ұлытау мен Жетісу облыстарынан он тоғыз қатысушы Қаздрамтеатр сахнасында «Ортеке» этнофестивалінде өз шығармашылықтарын ұсынды.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі – қатысушылар тек осы байқау үшін жазылған авторлық күйлерін орындады.
– Болашақта біз «Ортеке» этнофестивалінің үздік күйлерінен жинақ жасағымыз келеді, – деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы, халықаралық байқаулардың лауреаты, музыкант, Б.Сарыбаев атындағы музыкалық аспаптар мұражайының негізін қалаушы, қазақ халық аспаптарын жасау шебері Азамат Бақия.
Бас жүлдені Қытайдан келген Бағдар Жарқын жеңіп алды. Бірінші орынды қарағандылық Ерлан Сәду, екінші орынды Ақмола облысының қатысушысы Айжан Құрақ, үшінші орынды Жетісу облысынан Жәнібек Мақатан қаңжығаға ілді.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында фестивальдің басты шарасы ұйымдастырылып, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды, онда қолөнершілер өз жұмыстарын ұсынды.
– Мен металды, ағашты, былғарыны және басқаларын өңдеймін. Қазақ қолөнерінің барлық түрімен айналысамын. Бұқар жырау ауданының Сарытөбе орта мектебінде еңбек пәні мұғалімі болып жұмыс істеймін, сондай-ақ 20 жыл бойы «Жас шебер» жас шеберлер клубын басқарып келемін. Мен фестивальге екінші рет қатысып отырмын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына эмблема жасап, оны көрмеге ұсындым, – деді Мәлік Жомарт.
Экспозицияның ерекшелігі Астанадан келген «Марс» робототехника орталығының мамандары дайындаған электронды ортеке болды.
– Бізге ортекенің электронды нұсқасын жасау туралы ұсыныс келіп түсті, содан кейін олар біздің командамен жұмыс істей бастады. Модель әлі де әзірленуде. Болашақта біз ортекені интерактивті тақта арқылы гаджеттерде ойнауға бейімдеуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Марс» робототехника орталығының өкілі Марс Мақсот.
20 жастағы Есжан Мұратбек Моңғолиядан тәжірибе жинап, одан әрі ортекені өз отанында өнер түрі ретінде дамыту үшін келгенін айтады.
– Ортекемен соңғы екі-үш жылда айналысамын. Фестивальге «Көксерке» күйін алып келдім, – деп бөлісті Есжан Мұратбек.
Сондай-ақ, фестиваль аясында ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен материалдық емес мәдени мұра бойынша семинар өтті.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ