Қос қарлығаш

           Мынау жарық дүниеде, күнделікті өмірде оқыстан, аяқ астынан бола қалатын сынақтар бар. Кедергілер де кездесіп жатады. Солардың бірі – қыркүйек айының соңында қатты ауырып «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға түстім. Екі күн есімді білмей жансақтау бөлімінде жаттым… Есімді жиғанда аурухананың палатасына ауыстырыпты.

Басқа науқастармен бірге екі күн сонда болып, үшінші күні тағы да қатты қысылып, есімнен айырылып қалдым… Ес-түссіз жатқан мені көріп, жанымда жатқан аурулар да, дәрігерлер де әбігерге түскен. Арада бір сағатқа жуық уақыт өткенше сол ауруханадағы екі медбике – Аружан, Мерей есімді екі қыз менің жанымнан кетпей, шырылдап: «Ағатайды жансақтау бөліміне апарайықшы» деп аузыма су тамызып, жылап тұрып алыпты. Осы екі медбике қыздың көп көмегімен тынысым тоқтап қалған мені қайтадан жансақтау бөліміне әкелген. Сонан әлгі жерде тағы төрт күндей жатып, әрең дегенде өзіме-өзім келіп, оңала бастаппын. Әрі қарай палатаға шығып, сырқатқа дауа болар ем-домын алдым. Қазір, құдайға шүкір, шипа қонып, науқасымнан ептеп айығып келемін.

Айтайын дегенім, тіршілік белгісі білінбеген, «өлдіге» жорыған ауыр дертке дер кезінде қарлығаш қанаттарымен су себелеп, шыбын-жанымды алып қалған осы қазақтың қос қызына зор алғысымды білдіремін:

–  Бақтарың жанып, бақытты болыңдар, айналайындар!

Аружан мен Мерейдей мейірбан медбикелермен бірге Х.Ж.Мақажанов атындағы аурухананың жансақтау бөлімі дәрігерлеріне, терапия бөлімінің бөлімше меңгерушісі Асанова Сандуғаш Сағымбекқызы бастаған медицина мамандарына көп-көп рақметімді айтамын. Бұл дүние мен о дүниенің арасында жатқанда қол ұшын беріп, жанымды сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға және тілеулес ағайын-туысқа, дос-жарандарға азаматтық алғысымды айта отырып, баршаларыңызға:

–  Алланың нұры жаусын, Ғұмырлы болыңыздар! – дегім келеді.

Оның ішінде Мерей мен Аружандай қос қарлығашқа қайырымды көмектері мен мейірімді жүректері үшін ақ батамды беремін:

–  Аппақ жүректеріңе Алланың ақ нұры құйылып, өмірде жолдарың болсын! Әлемдегі бар жақсылық пен қуаныш-қызықты өздеріңе нәсіп етсін! Ұлтымыздың мақтанышына айналып, еңбектеріңнің жемісін ұзақ көріңдер! Жасаған жақсылықтарың алдарыңнан еселеп қайтсын. Ұрпақтарымызға осылай үлгі-өнеге бола беріңдер, Алтындарым!

Ізгі тілек-ниетпен: Мәнетай БӘДЕЛХАН,

Қарағанды қаласы.

  1. 10. 2024 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *