Осылай «озған» қай озған?..

Автокөліктің қуатын әлі күнге аттың күшімен есептейді. Техника жылқыны «тұралатып» кеткелі қашан, бірақ? Ал ақылдың, жанның, рухтың, түйсіктің, сезімнің, ойдың, қуаныш пен қайғының күшін ше? Осы ғажаптың бәрін үйлестіріп, бір нүктеде ұстап тұра алған адамның қабілет қуатын ше? Компьютер ме, әлде компьютер басты пенделер ме, мүмкін болашақтың «иесі» роботтар өлшейтін шығар? Жасанды интеллект дегеннің өзі – ғалымдар осы күні адам қабілеттерін өлшеп болып, дәлдігін нақтылап, соның бәрін техникаға салып жіберді дегенге жуық емес пе? Адам істегенді техника да істеуге «ақылы» жетіп тұрған соң не керек? Қысқасы, адам жаралғалы қиялының соңынан қуа-қуа өзінен «озып» барады… Шыр-шыр етіп соңында жан мен рух, мінез бен сағыныш қалып барады… Көз алдыма өзі сынды, бірақ пластмасса не темірмен құрсауланған бейнемен сөйлесіп отырған кісі келеді. Көз жасы жоқ, иіссіз, түссіз, тебіренбейтін пенделер, соның тілін табуға көшкен адам баласы онымен сөйлесуге тырысады… Яғни оның өлшеміне сыятын қысқа-нұсқа термин сөздер айтсаң ғана кілті ашылып саған қызмет көрсетеді. Қас-қабағыңды «ұрып» қойыпты ол сенің. Сол заманды өзі тудырып, тұтқынында қалған адам жанталасып әлгіні «оятатын» кілт сөздерді ғаламтордан қарап жатқаны… Келісерсіз, келіспессіз, бұл болашақ суреттер әдебиетте туып қойған.

Адам туралы бастап жылқы туралы айтқым келмеген негізі… Бірақ бала күнімде құлағымда қалып қойған жалғыз-ақ сөйлем күні бүгінге көкейімде күмбірлеп тұр. Ауылдағы мен деген атбегінің бірі көршім-тұғын. Тоқсаныншы жылдардың жуан ортасы, мектепке барған-бармағаным да есте жоқ. «Аймаңдайдың өзі ағып келе жатып құлағын тігіп тоқтап тұра қалып, қайта айдайтын көрінеді ғой» дейді әлгі атбегі жігіт. Ұстаған аттарынан дәмелі ауылдағылар соның аузына кіріп кетердей ентелеп, таңырқайды. Ал әңгіме айтушы ауылдағылар үшін сол кездің сұмдығы шетелдік «таза қанды» тұлпарлардың бәйгесін айтып тұр. Біздің аймақта бәйгенің алдын бермеген айтулы жүйрік Аймаңдайды тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары шетелден келе бастаған «таза қанды» жылқылардың жарысына ипподромға апармай ма? Сөйтсе, соңғы айналымда Аймаңдайдың алдына бірер қара түсіп кетсе керек. Оны көрген сайын шабысын үдете түскен ақылды пырақ-ай, «жын ба, сайтан ба?» дегендей құлағын тігіп бір қарап алып, қайта заулайтын көрінеді (Тегінде жүйрік біткеннің бәрі есті, ақылды келетіні басқа әңгіме). Сөйтіп қазақ даласында туғалы шаң жұтып көрмеген тұлпар өмірінде үшінші келіп, тұңғыш рет сағы сынып қайтқаны туралы әңгіменің жосыны жаныма әлі де қозғау салады. Гәп – бұрын далада шапқан жануардың ипподромда көсіле алмағанында емес, Аймаңдайдың бабы мен бағы, қаны мен сүйегіне біткен жүйріктіктің кемдігінде де емес, шетелдік «ЧК-лардың» («таза қанды») дәрімен жүгіруінде еді. Соны таныған жүйріктің түйсігін көрмейсіз бе? «Бұлар не боп кетті?» дегендей қарап-қарап алып заулаған. Ол уақта ауылдағылар шетелден әкелінген жылқы-сымақтың бәрін келсін-келмесін «ЧК» (чиста кровный – «таза қанды») дей беретін. Қайдағы қаны таза асыл тұқымды! Аяқтары ұзын, тұрқы сидаң, бірақ бастары жерге жетпейтін, далаға жіберсең өздігінен жайыла алмайтын (өмір сүре алмайтын), оттықтан ғана жем жеп, су ішпесе арам қататын жылқының бір пошымы. Бірнеше рет будандастырылып, селекциядан тек жүгіруге ғана бейімделіп шыққан бұлардың тұрқы сұлу, пошымы жылқыға ұқсағанымен, тексіз хайуандар. Себебі, қазақы жылқының тұқымы сияқты үйір ала алмайды. Айғыр боп басын төмен салып, өз басына үйір құрауға қауқарсыз. Ең сорақысы, өз құлынына шаба береді. Қазақы айғырлар өз құлынын тайдан байтал шығарда, яғни аталығымен жұп құрар уақытта үйірден «ұзатып» салады ғой… Мұны жылқы шаруашылығынан мақұрымдарға түсіндіріп жатпаймыз. Қазақта «текті айғыр тамырына шаппайды» деген сөз де бар. Әлгі ұзынсирақтардың тексіздігі сол, өз баласына шаба береді. Сосын мініс көтермейді. Жауға салған былай тұрсын, аңға бірер мініп шықса тұралайды. Жүрісі қатты, алдында жыра, құдық тұрса, соған түсіп кете беретін иісалмастың өзі. Мәселен, қазақы жылқының ішінен небір шу асауды үйретіп, бастықтырып мінесіз. Ол бар екпінімен шауып келе жатса да, алдында иесін мерт етер терең жыра, құз-шатқал немесе батып кететін қайнап жатқан ми-батпақ жатса, өмірі баспайды. Қарымы жетсе секіріп өтеді, болмаса жалтарып кетеді. Бұл – қазақы жылқыға туа біткен түйсік. Тіпті мініп жүргенде талай байқадық, құмырсқаның илеуінің өзін опырып басып өтпейді. Қамшыласа да айналып кетеді. Керек десе, обал-сауаптың өзін түйсінеді. Адасып боранда қалған иесін үсіріп өлтірмейді, басын қоя берсе үйіне алып келеді. Ал ана шетелдік «таза қанды» жылқы-сымақтарда бұл қасиеттердің бірі жоқ. Бетімен жіберсе ми-батпаққа да батып кетеді, ұраға түсіп үйелеп өледі, арнайы тегіс, жұмсақ жерде мінбесеңіз, тау-тас, ой-шұңқырда аяғын ұрып алып кеміп қалады. Қысқасы сәбидей өбектеп отырып бәйгеге қосуға ғана жарамды. Оның өзінде бәйгенің алдында қаншама ай бұрынғы күтім, күш беретін дәрумендер мен арнайы қуаттандырғыш дәрілер, қылаяғы жарысқа шабар алдында егілетін күшті дәрі (допинг)… Бұлар жүгірмегенде қайтеді? Біздің даланы бес мың жылдан бері қорғап келген далалық шын тұлпарлар тәуелсіздік алған жылдардың басында дәрумен беру былай тұрсын, селекция жасап, қанын асылдандырудың бірі болған жоқ. Керісінше кеңес үкіметі орныққалы қазақтың асыл тұқымды жылқысының көзін құртумен болды өкімет. Одан да аман шығып еді қазақ жылқысы. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында жоғарыда сипаттағанымыздай шетелдік «таза қандылар» шыға келгенде, еліккіш қазақ өз жылқысына қараудан қалды. Өздерінің тілімен айтқанда бір-бір «ЧК» әкелді де, даланың шын тұлпарлары Аймаңдай, Байшұбарлар далада қалды. Екінші сортты жылқы саналды. Олардың жақсысын іріктеп селекция жасап, қанын асылдандырса, әлгіндей дәрумен, допингтерсіз-ақ шетелдік жылқы-сымақтарды басып озарын білген жоқ. Қазақы тұлпарлар күтімсіз-ақ басып озар еді оларды. Егер әлгі ұзынсирақтар қуаттандырғыш дәрісіз, бойындағы барымен ғана шапқанда. Өйткені аймаққа белгілі жүйріктер бәйгелерде шетелдік «жүйріктермен» бірнеше шақырым бойы таласып, соңғы айналымда ғана қалыңқырап, екінші, үшінші өткенін талай көргенбіз. Соның өзінде дәрінің күшімен шапқандардың қаншамасын қалдырып кетті емес пе? Бірақ жеме-жемге келгенде дәрінің күші жеңіп кетеді ғой. Қаншамасы мәреден өтіп өліп кетті әлгі ЧК-лардың. Ақымақтары «ойбой, шын тұлпар осылар екен ғой, озып өлді!» десе, кейбір қырағы қазақтар «шамадан тыс дәрі салған соң көзі ақиып озып өлмегенде қайтеді, солай дәрілеп жіберсе сен де сөйтесің» дегендерді естіп бақтық. Ол кезде біз шабандоз едік, себебі. Мұны дер кезінде біліп дабыл қаққандар да шығып жүрді, бірақ қазақ қолында барды қор тұтудан алдына жан салмайды ғой. «Өзінде бармен көзге ұрғысы» (Абай) келмейді. Өзінде барды ұқсатып, дамытып жіберуге құлықсыз. Ақшасын шетелге құйып, дайынын сатып алып, озуды ойлайды. Ол озған қай озған, бірақ?.. Ілияс Жансүгір жырлағандай,

«Батыраш бала жастан атқа құмар,

Айқайшыл ат әперген баққа құмар.

Арам ой, ата намыс ұр-шоқпары,

Кір көңіл, сарайының батпағы бар» дегендей, сол кезде атақ қуған ақымақ байлардан озамыз деп шетелдік ЧК-лармен будандастырған қазақтардың көбі нағыз қазақы жылқының тұқымын құртып тынды. Бұл туралы әнші, өнертанушы, этнограф Ерлан Төлеутай кезінде былай жазды:

«ДӘРІШАПҚАН…

(Немесе екі ЧК-ның арасы)

Қазір дәрі шабады, дәрінің соңынан бәрі шабады. Дәрімен жүлде алған «жүйріктің» соңынан қиқулап, есі кеткен жұртты айтам. Музыка бәйгесінде де солай – өнерлі шаппайды, фанерлі «шабады».

Осыдан кейін қазақтың өнері мен дәстүрінде не құн қалды? Өстіп біз қазақы жүйріктер мен қас өнерпаздарды құсадан өлтірудеміз. Қазақтың тексіз байлары арабтың, ағылшынның «асыл қанды» аттарын пәленбай миллионға сатып алып, бәйге ұйымдастырып, кезектесіп «Джип» мінуді модаға айналдырғаны қашан. Ал қазақтың сақарасын тұяғымен қорғаған тарландар тұсынан мұндай ұлы дүбір өтіп жатқанда қорада жылап тұрады не қойдың соңында жүреді тепеңдеп, не тай күнінде соғымға сойылып, сол тексіз байлардың дастарқанына қазы-қарта, жал-жая боп тартылып, өзіндей тағы бір тексіз байдың жұмырына түседі. Мен таңғаламын, кезінде Әлихан Бөкейхан бастаған алашорда ардақтыларының түбіне большевиктер құрған қанқұйлы орган – ЧК (Черезвычайный комитет) жетіп еді, енді арада аттай жүз жыл өткенде қазақы тұлпарлардың түбіне тағы бір ЧК (чистокровка деген сөздің қысқарғаны – надан қазақтардың ағылшын мен араб тұқымды аттарына қойып алған атаулары) жетуде. Символдық тұрғыдағы сәйкестікті қарашы!

Сонда, мына сұмдыққа қараңыз, біздің сасық байлардың түсінігінше – ағылшын мен араб жылқылары таза әрі текті де, ал кезінде Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Райымбекке қанат болып, мына ұланғайыр даланы тұяғымен қорғап қалған қазақтың жылқысы тексіз яки қаны таза емес көрінеді.  Меніңше, осы байлардың өздерінің қаны таза емес – сарт яки қаңғыған кірмелердің тұқымы болса керек. Әйтпесе, домбыралы өнерпазды тойда қор қылып, оның алдында кілең  фанерщик сартты тайраңдатып, өз тұлпарларымызды жаттың жылқысына жығып бермейді ғой» деп күйінгені әлі есімде.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Жалғасы бар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *