Отандық фармацевтикаға серпін керек

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды қаласына жұмыс сапарымен келді. Ол «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ және «Қарағанды фармацевтикалық зауыты» ЖШС-ны аралап, өндіріс пен ғылыми зерттеу­лердің қазіргі ахуалымен танысты.

Айта кету керек, бұл келудің басты мақсаты – отандық фармацевтика саласының дамуына жаңа серпін беру. «Фитохимия» ҒӨО» АҚ-да депутат 12 ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-өндірістік бөлімшелердің жұмысын қарап, дәрілік шикізатты көмірқышқыл және сұйықтық экстракциялау, субстанцияларды бөлу, тазалау, таблеткаларды қабықпен қаптау, өндіріс сапасын бақылау, фармакологиялық зертханалар сияқты бағыттардағы жұмыстармен танысты.

Орталықта 72 бірегей фитопрепарат шығарылған, оның ішінде, ісікке қарсы «Арглабин», паразитке қарсы «Саусалин», атеросклерозға қарсы «Атеролид», гепатопротекторлық «Салсоколлин», анаболикалық, адаптогендік және сергітетін «Экдифит» пен фитошәрбат «Экдисоп» сияқты дәрілік құралдар бар.

«Қарағанды фармацевтикалық зауытының» жаңа өндіріс жобасы, 2 000 шаршы метр алаңда дәрілік шикізатты экстракциялау және сублимациялық кептіру цехын салу.

Жаңа цех пайдалануға берілгеннен кейін жылына 75 000-нан астам бірегей лиофилизацияланған, қатты және сұйық дәрілік қаптамалар шығарылады. Жобаның жалпы құны 10 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаның жалпы құны 10 млн. АҚШ долларын құрайды, оның ішінде  5 млн. долларды Нинбо халықаралық ғылыми-инновациялық орталығы құйса (Қытай Халық Республикасы, Тайчжоу қ.), қалған соманы Қазақстандық тарап инвестициялайды.

– Алғашқы кездесуді «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығынан бастадық. Бұл – іргелі мекеме. Әрине, алдағы уақытта істелер жұмыс көп, шешетін мәселелер де жеткілікті, – деп атап өтті депутат.

Арнайы  дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оны «Фитохимия» ҒӨО» АҚ директоры, химия ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Серғазы Әдекенов жүргізді. Кездесу барысында отандық фармацевтика саласының өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Академик Серғазы Мыңжасарұлы шетелдік нарыққа шығу үшін туындап отырған қиындықтарды атап өтті.

– Отандық бірегей дәрілік препараттардың бәсекеге қабілетті болуы үшін GMP (Good Manufacturing Practice) стандарттарын қатаң сақтау қажет. GMP халықаралық стандарты өндіріс процесінің барлық қадамын, цехтағы температурадан бастап қызметкерлердің киіміне дейін, қадағалайды. GMP сертификаты бар компаниялардың өнімін тұтынушылар өз денсаулығы үшін алаңдамай, сеніммен пайдалана алады, – деді академик.

Кездесуде дәрілік құралдарды цифрлық таңбалау мен штрих-кодтау мәселесі де көтерілді. Бұл рәсім шетелдік препараттарды бақылауға тиімді болғанымен, отандық бірегей дәрілік құралдарға қосымша шығын әкеледі, себебі, таңбалау мен штрих-кодтау үдерісі қымбатқа түседі. Сонымен қатар, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізу шығындары да үлкен мәселеге айналған.

Бір препараттың төрт кезеңдік клиникалық зерттеулеріне орта есеппен 200 млн теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Бұл өнімді өндіруге кететін шығындарды есептемегендегі сома. Осы мәселелерді шешу үшін дженериктік препараттарды тіркеу тәрізді бірегей отандық дәрілік субстанция­ларды тіркеуден уақытша бас тарту ұсынылды.

Академик Серғазы Әдекенов пен жас ғалымдар ғылыми кадрларды даярлау мен ынталандырудың маңыздылығын да атап өтті.

Жас мамандардың жалақысын көтеру, ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін ашуды сұрады.

– Ғылыми әлеует – еліміздің фармацевтика саласының болашағы. Егер жас мамандардың материалдық жағдайы мен кәсіби дамуы қамтамасыз етілмесе, олардың потенциалы толық пайдаланылмай қалады, – деген Серік Өтешов бұл мәселені де назарда ұстайтынын жеткізді.

Жиын барысында отандық фармацевтика үшін жоғары білікті кадрларды даярлау мәселесі университеттер мен ҒЗИ бірлескен жұмысы арқылы шешілуі тиіс, сонымен қатар мемлекеттік гранттар арқылы оқыған түлектерді міндетті түрде отандық кәсіпорындарға 3-5 жылдық жұмысқа тарту қажеттілігі айтылды.

– Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың теңсіздігі де өзекті. Қазіргі кезде қаржының 90 пайызы Алматы мен Астана қалаларының ҒЗИ мен ЖОО-ларына бөлінеді, ал өңірлерде ғылымды дамыту қаржы тапшылығына ұшырауда. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығын Алматыдан Астанаға көшіру және «Ғылым қоры» АҚ мен «QazInnovations» АҚ қызметін қайта қарау қажет, –  деді Серғазы Әдекенов.

Инновациялық жобалардың игілігі Сапар қорытындысы бойынша Серік Өтешов пен академик Серғазы Әдекенов фармацевтика саласының дамуы үшін нақты іс-қимыл жоспарын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Жобалар жаңа өндіріс цехтары арқылы бірегей дәрілік препараттардың көлемін арттыруға, ғылым мен өндірісті біріктіруге, жас ғалымдар мен мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Отандық фармацевтикаға ин­вес­тиция салу, GMP стандарттарына сәйкес өндіріс жүргізу, отандық ғылым мен өндірісті қолдау, жас мамандарға жағдай жасау – бұл тек өндірістің дамуына ғана емес, ел тұрғындарының денсаулығын қорғауға да үлкен үлес қосады. Бірегей фармацевтикалық субстанциялар негізіндегі отандық дәрілік құралдар өндірісін дамыту арқылы Қазақстан шетелдік нарыққа шығуға, өз өнімін әлемдік сапа стандарттарына сай шығаруға мүмкіндік алады.

–  Республика халқын өз дәрі-дәрмектерімізбен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударған жөн, өйткені елдегі фармацевтикалық кәсіпорындардың басым көпшілігі шетелдік субстанциялар негізінде өнім шығарады, яғни іс жүзінде шетелдік препараттарды қаптаумен ғана айналысады.  Бізге бірегей фармацевтикалық субстанциялар негізіндегі дәрілік құралдар өндірісін дамыту қажет. Сондықтан отандық фармацевтикаға серпін керек,  –  деді Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ