Партизан

Биыл Жеңіске 80 жыл. Бейбіт өмірде өмір сүріп жатырмыз. Еліміз тыныш, халқымыз аман болғай.  Сұм соғыс, атын есітсең тұла бойың түршігері анық. Ал енді екінші дүниежүзілік соғысты көз алдымызға елестетіп көрейікші бір сәтке. Қаншама жастар қыршын кетті, қаншама адамдар із-түзсіз кетті. Анасы баласынан, әйелі жарынан айрылды. Жауға қарсы жанкештілікпен, өздерінің сенімділігімен, ержүректігімен  Отанына деген махаббатымен тұрған аталарымыздың ерен еңбегі, қайсарлықтары еш уақытта ұмтылмайды.

Біз жас кезімізде соғыс жайлы кинода қиян-кесті майданды көріп соның өзінде жүрегіміз ауыратын еді. Менің атам Өтенов Көшербай 1920 жылы Арал ауданы Сазды учаскесінде  туған. Ата-бабасы бай болып репрессияға ұшыраған. Сол жылдары ағайын жұртымен Қарақалпақ еліне өтіп кеткен. 1932-1935 жылдары Қызылорда балалар үйінде тәрбиеленген. 1935-1936 жылдары Қызылорда облысындағы баспаханада бір жылдық ФЗУ-ға түсіп, әріп теруші болған. 1936-1939 жылға дейін Алматыдағы кітап-журнал баспаханасында әріп теруші, кітап құрастырушы, линотипист, инструктор-линотипист болып қызмет атқарған.

1939-1940 жылдары Қарағандыдағы облыстық баспаханада «Социалистік Қарағанды» газетінде инструктор-ленотипист болып қызмет атқарып жүргенде, Ленин аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған.

Әскер қатарында жүргенінде соғыс басталып кетеді. 1941 жылы 1 қарашаға дейін 42-ші мотоатқыштар  полкінің полктік барлаушылар қатарында болған. Атам соғыстың бірінші күнінен бастап әуелі полк барлаушысы, содан 31-ші атқыштар армиясының барлаушысы болған. Полк барлаушысы болып жүргенінде солтүстік-батыс майданында біріші рет немістің үш мотоцикл жүргізушісін тұтқындады. Ленинград қаласы жау қоршауында қалғанда партияның шақыруы бойынша және жоғарғы майдан қолбасшыларының нұсқауы бойынша атам Ленинград облысында партизандар отрядын құрушысы болған. Әуелі қатардағы барлаушы одан взвод командирі, танкке қарсы қоладанылатын ПТР қаруының  командирі болған. 1941-1944 жылдары қоршауда қалған Ленинград қаласындағы аш халыққа азық-түлік жеткізген әрі оларды блокададан алып шығушылардың бірі болған.  1941-1944 жылдары барлық партизан опирациясына қатысқан. 1944 жылдың наурыз айында 3-ші партизан отряды таратылған соң Ленинград облыстық коммунистік партиясы шақырту жіберген.  1944-1945 жылдары Парховский Мұнайбазасының меңгерушісі болған. 1945-1947 жылдары «Псковская Правда» газетінде инструктор-линотипист қызметін атқарған. 1947 жылы елге оралған. Атам Өтенов Көшербайдың  ерліктері  туралы жазылған бірнеше кітап бар.

«Казахстан в период Великой Отечественой войны Советского союза» кітабында: 1 кітап: «Сотни Қазахстанцев боролись за свободу и независимость нашей Родины в партизанских отрядах и соединениях, действовавших в тылу противника. Среди них был Өтенов. К заслужившие любовь и уважение партизан Ленинградской боласти, и многие другие сыны и дочери Казахстана.

Из наградого листа на партизана 17-го отряда 2-го полка 3-ти партизанской бригады имени Германа действовавшей в Ленинградской области К.Утенова.

Тов. Утенов. К находится в пртизанах с 1941 года будуши наводшиком противотанкового ружья находиясь в обороне в партизанском крае збил самолет и подбил один танк неоднократно участвовал в боях с карательныйми отрядами и экспедициями. На своем личном счету имеет 25 уничтоженных гитлервоцев.  Командованием полка представлен к правительственной награде-медали партизану отечественной войны первый-степени,

Командир 2-го партизанского полка     капитан Ершов».

2-ші кітап: «Всегда начеку» кітабында жазылған ерліктері:

«Неоднократно отличался в борьбе с врагом рядовой боец 3-го полка 3-й партизанской бригады косомолец Кушербай Утенов. В феврале 1942 г. он участвовал в разгроме ст. Маево и железной дороги Навосольники и Себене, где было уничтожено до 75 гитлеровцев. В марте 1942 г. в схатке скарательной экспедицией в деревне Шурубано Пусташкинского  района Калининской области вместе с товарищами он истребил около 200 гитлеровцев. В сентябрских-октябрских боях 1942 г выполнял отвественые  задание командование. Однажды, будучи бронебойшиком Утенов лично сбил один самолет, подбил танк и уничтожил 2 огневые точки противника вместе с их расчетом. Принимал участие в прорыве болкады Ленинграда (171 стр)».

Тағы да Қазақстан ССР тарихы (көне заманнан бүгінге дейін – 5 том 172 бет) кітабында  ерліктері жазылған.

Міне өзінің өмірінде жасаған ерліктері мен қалдырған құнды жазбаларын, құнды естеліктерін оқырман қауымға ұсынғанымды жөн көрдім.

1947 жылы елге оралған соң отбасылы болып төрт ұл, бір қыз сүйді. Отаны үшін кеудесін отқа тосқан атам бейбіт өмірде де аянбай халқына қызмет жасады. Туған-туысқа, дос-жаранға, қызметтестеріне сыйлы болған. Атамды білмейтін адам кем де кем шығар. Ол кісінің атын естіген адамдардың бәрі мақтап, істеген көмектерін, жасаған қайырымдылығын айтып жақсылығын асырып жүреді. «Әкең өлседе, көзін көргендер өлмесін» деген сөз осыдан қалған деп ойлаймын. Өзі кетсе де көзі болып қалған атамның осы ерліктері мен жақсылықтары әр қашанда ұрпақтарының жүректерінде мәңгі сақталады.

Атамның ерлігі, еңбектері бағаланып, өзінің атына 2010 жылы көше берілді.

 

Әкенің әңгімелері

«1942 жылы жаз айында бізден алыстау бір деревнядан немістер басып алды деген хабар жетеді, соған командир бастаған барлаушы партизандар сол деревняға жол тарттық. Біз жақындап қалғанда жағымсыз күйіктің иісі шығып тұрды. Бұл ненің исі деп барғанымызда бүкіл деревняны өртеп жіберген екен, біз үлгере алмай қалдық, адамдарын іздестіріп таба алмадық. Сөйтсек, деревнядағы адамдардың барлығын бір қоймаға қамап өртеп жіберген екен. Бара жатқанымызда барлаушылар әруақытта отрядтың алдында, қайтар уақытта отрядтың артында жүруші едік.

Орман ішінде қайтып бара жатқанда ағаш арасы сыбдыр ете қалды, қолымыздағы автоматымызды кезеп, қасына барсақ, бір шал мен он жасар шамасындағы кішкентай бала отыр екен, бері қарай алып шықтық, командир қасымызға келіп, неге бір өзі аман қалады, дезертир болуы мүмкін деп шалды аттырып тастады. Баланың аты Бондарчук екен, полкке алып келдік. Полк баласы болып, біз тарағанша қасымызда болды. Кейіннен бала үлкейіп, офицер болған, хат алысып тұрдық. Міне балам, біздің соғыстағы өміріміз қасіреттен тұрды, сол қайнаған ұрыстан аман қаламыз деп кім ойлаған.

Соғыстың басталған уақыты, бір көпірді жаруға бардық, сол кезде  немістерді бірінші көруіміз еді, неміс деп атын дардай қылып жүргенге, жалғыз көзді дию сияқты елестетін едік, сөйтсек өзіміз сияқты адам екен ғой деп жатырмыз. Немістердің үш машинасымен он шақты мотоцикл солдаттарын көрдік, олар мостыны қорғауға келген неміс отряды екен. «Осылармен соғысып, не болса да көпірді міндетті түрде жаруымыз керек» деп командиріміз бұйрық берді, бір кезде қасымыздағы солдат «соғыспаймын» деп қарсылық білдіріп қаша бастады,  командиріміз атып салды, біз «неге оны аттыңыз?» деп едік, «Қашқан адамға бір өлім, иә соғысып батыр болып өлесіңдер, иә халық жауы сатқын  болып өлесіңдер» деді. Солай соғысқа кірісіп, олармен соғысып, көпірді жарып жібердік, халық жауы болып өлгеннен батыр болып өлген мың артық деген», деді әкем.

 

Баласының естелігі

Мен студент кезімде арасында қасында болған кездерінде айтқан соғыс кезіндегі басынан өткен уақиғаларын айтатын, ол кезде жас болғандықтан көп аса сақтай қоймаппын. Бір есте қалған әңгімесінен есімде қалғаны.

Әкем соғыста жүргенінде басынан кешкен оқиғалары көп еді, өзі оның үстіне партизан болған адам. Жылы мен айын ұмытып қалдым, әкемді соғыста Николай деп атап кеткен, қасында бірге жүрген досы «Николай сені командир шақырып жатыр» деп, командирге баруын айтады. Командирге барған кезде қасында полковник тұрады, командирі әкемді полковникке таныстырып, осы Николай сізбен бірге барады деп қасына қосып жібереді. Командиріме аузы берік, сенімді адам керек деп полковниктің сұрағанына мені шақырғаны содан екен, дейді әкем. Сол жерден шыққан соң, полковникпен бірге бір деревняға барады, деревняға барған соң, келіп бір үйдің есігін қағып еді, ішінен бір кемпір шықты да полковникті құшақтай алады, сөйтсе шешесі екен. Екеуі сөйлесіп тұрып, әкем үйде ме деген сұрағына кемпір үйде деп жауап береді.

Екеуміз де кірдік, мен есік көзінде автоматымды кезеп тұрып қалдым, полковник келесі бөлменің есігін ашып еді, киімсіз жатқан қыз көрінді, полковник есікті жауып алғаннан кейін, пистолеттің тұншығып атылған  дауысы естілді, негізі көпшіктің үстінен атқан болу керек.  Ол бөлмеден шыққан соң, келесі  бөлмеден әкесі шығып, балам деп ұмтылған кезде полковник тоқта дегендей қолын көтерді.

Шешесімен қоштасып, әкесін ертіп алып шықты, полковник алдында ортада шал, артында мен үшеуміз кетіп бара жатырмыз. Біраз жер жүрдік. Бірталай жер жүргеннен кейін тоқтадық. Бір кезде тоқтап, менің қасыма келіп, «менің әкемді атып таста» дейді, мен аңтарылып тұрып қалдым, сол кезде полковник «менің әкем сатқын, талай партизан жауынгерлердің обалына қалған, сондықтан жазасы осы, бірақ бұл тек қана екеуміздің арамызда қалсын, аузыңнан шықпасын» деп арқамнан қақты да өзі кете берді. Шалды сатқын деген соң қаным басыма шапты, талай немістерге  құрған тұзағымыз теріс қарай кететін, орындалмай талай партизандарымыздан айрылғанбыз, сөйтсе осы шал немістің жансызы екен ғой деп, қаным қарайып, жалынғанына қарамай басынан атып салдым, қаны бетіме шашырады. Қарындасы немістердің қол жаулығы болған екен.

Полковник басқа полктен болу керек, кетерінде маған  әмиянын беріп тұрып, мынау  Германиядан шыққан әмиян деп, маған сыйлыққа ұсынып кетіп қалды. «Еліне қастық жасаған, отанын сатқан адам ешқашан адам болмайды балам, деп» деп айтып отыратын.

Шамшат ӨТЕНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *