Пошташы еңбегі

Еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан пошта қызметінің тамыры тереңде жатыр. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы қазіргі Алматы қаласында ашылған. Ол көп ұзамай пошта – телеграф кеңесі болып қайта құрылған.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары пошта саласында да көптеген қиындық болды. Бүгінгі таңда пошта байланыс тораптары мерзімді басылымдарға жазылуды жүргізу, оларды таратумен қатар түрлі төлемді қабылдау және тағы да басқа түрлі заманауи қызметтерді атқара бастады.

Жыл өткен сайын елімізде пошта байланысы саласы дамып келеді.

 

Осы маңызды салада негізгі мамандықтардың бірі болған пошта тасушының еңбегі зор бағаланады. Өйткені, ол  өзінің күнделікті жұмысында халықпен бірге бір қазанда қайнасады. Аптап ыстықта да, қақаған аязда да ел ішін жаяу аралайтын пошташылардың еңбегін бағаламау мүмкін емес. Пошта тасушы әрбір аулаға барады. Халықпен етене жақын жұмыс істей жүріп, яғни зейнетақы, жәрдемақы, газет-журнал, хат-хабар тарата жүріп халықтың жағдайын жақсы біледі.

Ақадыр байланыс торабында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар жеткілікті. Солардың бірі 16 жыл бойы бір орында пошта тасушысы болып еңбек ететін Ибраева Жазира Қасқатайқызы.

Жазира Шет ауданының Ақсарылы ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қасқатай Сауқымбекұлы Ұлы Отан соғысына белсене қатысқан майдангерлердің бірі. 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып 1945 жылы еліне жеңіспен оралады. Неміс басқыншыларын жеңуде шешуші кезең болып, тарихта қалған Сталинград түбіндегі шайқаста ерлігімен көзге түседі. Бірнеше орден, медальмен марапатталады.

Бейбіт жылдары колхозда, «Ақадыр» кеңшарында есепші қызметін атқарады. Майдангер өте сауатты адам болған. Қазақ, орыс, араб тілдерін жетік меңгерген. Шетел тілдерінде сөйлеуді де, жазуды да білген. Өмірінің соңына дейін намаз оқып, діндарлық жолынан таймаған. Ел арасында «Жомарт Қасқатай» атанған. Ауылдастарының ішінде жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын созып, ешкі, қойын беріп отырған.

Ауылға жаңадан түскен бір келін жұмыс сұрап келгенде:

– Қарағым, есепші мамандығын қызыл дипломмен  бітіріп келген екенсің, болашағың зор, менің орнымды алып, бухгалтер бол, – деп өзінің атқарып жүрген жұмысынан бас тартып, ел алдында тағы да бір жомарттығын көрсеткен екен.

Алайда, соғыста алған жарақаты жылдан жылға сыр беріп 56 жасында өмірден ерте кетеді. Әкелерінің ұлағаттық ұясындай, өнегенің өрісіндей берген ақылдары, жасаған қамқорлығы балаларының жүрегінде қалғаны сөзсіз.

Аналары Дариға Қаракекілқызы 6 баланың анасы болғандықтан үй шаруасымен, балаларының тәрбиесімен айналысқан.

Жазира бала кішкентай кезінен әкесіне тартып, есепші болсам деп армандайды. Оның үстіне әкесінің бауыры, өмір бойы кеңшарларда, мемлекеттік мекемелерде бухгалтер болып қызмет атқарған Саян ағасының үйінде жатып мектепте оқиды. Әрине, оның да әсері тигені айдан анық.

1984 жылы Жұмыскер ауылындағы Абай орта мектебін бітірген бетте сол уақыттағы Жезқазған облысы, «Талап» совхоз техникумының бухгалтерлік оқуына түседі. Оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң, Ақадыр аудандық байланыс торабында материалдық есепші болып, еңбек жолындағы алғашқы қадамын сол жерден бастайды.

Екі жылдан соң жары болған Ибраев Аманкелді Бимағанбетұлымен кездесіп, сөз байласып, отау құрады. Жұбайы Ақсарылы ауылынан болғандықтан, сол жаққа қоныс аударады. «Ақадыр» кеңшарында әртүрлі жұмыстар атқарады. Заманның ағымымен кеңшар мемлекет иелігінен кетіп, жекешелендіруге жатқан соң Ақадыр кентіне көшіп келуге тура келеді.

Ендігі кезекте Жазира Қасқатайқызы қайтадан өзінің еңбек жолын бастаған мекемесіне келіп жұмысқа тұрады. Тек осы жолы пошта тасушысы болып. Міне, 2009 жылдан бері абыроймен  осы жұмысын атқаруда.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы Шет аудандық байланыс торабының басшысы Зекен Жанат Тілеубекұлынан ұжым мүшелері жайлы айтып, сұқбат алуға бір адамды ұсынуды сұрағанымда:

– Қазпошта саласы – әлеуметтік құрылым.  Халықпен жұмыс істегенде сапалы қызмет көрсетуімізді талап етеді. Жылы қабақ танытып, тіл табыса білудің де маңызы ерекше. Халыққа кең көлемде қаржы қызметін көрсетеміз. Атап айтсам, коммуналдық төлемдердің кейбір түрлерін, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейдегі банктер қызметін қабылдау, электрондық әмияндар қызметі және заң ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдарды төлеу түрлері де қарастырылған.

Жұмысымызда  үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандықтың бірі – пошта тасушы қызметі. Мұндай жұмыс атқару әрбір ауылда бар. Олар ұжымымыздың қызметінің негізін қалайды. Бұл жерде көптеген тәжірибелі мамандарымыз да бар. Солардың ішінде Ибраева Жазира Қасқатайқызын ерекше атап өткім келеді. Жұмысына ұқыпты, тәртібі үлгілі, жастарға өнеге көрсетіп жүрген ұжымымыздың белді бір мүшесі, – деді.

Шынында да таңнан кешке дейін сөмкесін асынып алып, ауыл ішін жаяу аралап, газет-жорналдарды, хат-хабарларды тұрғындарға жеткізу оңай жұмыс емес.

Жазира Қасқатайқызы өзінің жұмысы жайлы төмендегідей толғайды:

– Жас кезімде марқұм болған әкем мен Саян ағама тартып есепші болсам деген мақсатым болса да, бухгалтерлік оқуын оқып маман атансам да тағдырдың жазуымен пошта тасушы болып жұмыс істеп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Халыққа жақсы хабар жеткізу, оларды әрдайым қуантып отыру күнделікті сауапты ісіме айналған.

Әрбір үйге поштаны апарғанда санқилы жағдайларға тап болатын күндер де болады. Кейбір адамдар иттерін бос жібергеннен немесе көшеде жүрген қаңғыбас иттердің кедергі жасайтын кездері де жоқ емес. Мысалы, бір үйге барсам енгезердей қабаған иті бос жүр екен. Жаңағының маған тап бермесі бар емес пе? Мен қаша жөнеліп, сасқанымнан ба, әлде қорыққанымнан ба есік алдындағы балалардың алтыбақанының үстіне өрмелеп шығып кеткенімді байқамай қалыппын. Абырой болғанда үй иесі аулаға шығып итін өзіне қайтарып алды.

Ертеде әр үйдің кіреберіс сыртында көк жәшіктер болатын. Онда аулаға кірмей газет-жорналдарымызды, хаттарымызды, хабарламаларымызды қиналмай салып кететінбіз. Қазір ондай жәшіктер бірен-саран ғана. Сондықтан үйлердің сыртқы есігіне дейін барып, тұтқаларына қыстыруға мәжбүр боламыз. Кейде оларымыз жерге түсіп қалып жатады екен. Келесі барғанда үй иелерінің реніш білдіріп жататыны болады. Осы мәселе бойынша біз көшелеріміздегі үй, пәтер тұрғындарына пошталық жәшіктерін, болмай жатса сөмкелерді іліп қойыңыздар деп үгіт шараларын жүргіземіз. Алайда, ол жұмысымыз баяу жүруде.

Пошташының басты міндетінің бірі – халықтың мерзімдік баспасөзге жазылуын қамтамасыз ету. Осы орайда халық арасында газет-жорналдарға, басқа да басылымдарға жазылуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Кей адамдар пошта торабына келіп жазылып жатса, кейбіреулері мекеме арқылы жазылады. Ал енді көшеге шыға алмаймын, келіп жаздырыңыздар десе үйлеріне дейін барып, қаражаттарын алып, баспасөзге жазылған түбіртектерін қолдарына ұстатып жатамыз. Дегенмен бұл мәселе бойынша жылдар өткен сайын баспасөзге жазылу барысы төмендеп бара жатқаны қынжылтады.

Бір сөзбен айтқанда, жалпы жұмысымыз абыройлы да, қызықты да. Бір сарынды жұмыс емес. Сол себептен осы салада жүргеніме еш уақытта өкінген емеспін, – деп сөзін аяқтады.

– Жазира  Қасқатайқызы,  жұмыстарыңыз  жайлы  басшыңыздан  да, өзіңізден де жақсы мағлұмат алдық. Енді балалық, жастық немесе студенттік кездеріңізден қызықты оқиғалар болса айтып бересіз бе? – деген сұрағыма:

– Балалық шағым Ақадыр кентінен 18 шақырымда орналасқан «Подхоз» атты жерде өтті. Жазғы каникул айларында үш-төрт қыз бала мал бағудың кезегіне барамыз. Шамамен 5-6 сыныпта оқитын кезіміз болса керек. Ондай күндерді біз асыға күтетінбіз. Мал кезегіне баруға арнайы дайындаламыз. Үйлерімізден түрлі түсті көйлек, байлам, маталарды ала шығамыз. Содан малдың соңынан жүріп Жартас деген жерге қарай өтеміз. Жолшыбай өзеннен өткенде алдымен сиыр малын жібереміз. Өйткені солар арқылы судың тереңдігін білеміз және өзіміз өтетін тұсты белгілейміз. Жайылымға жеткенде жаңағы үйден алып шыққан көйлектерімізді киіп, байламдарымызды иығымызға жауып, маталарымызды оранып үнді киноларының көріністерін қайталаймыз. Билейміз, жүгіреміз, өтірік құлаймыз, үндіше жапан далада қатты дауыстап әндер айтамыз. Анықтап айтқанда рөлге (образға) кіреміз. Ол уақытта өздеріңіз білетіндей кеш уақыттарында ауданнан адамдар келіп, қабырғадан үнді киноларын жиі қойып кететін. Сол көріп шыққан киноларымыздың көріністерін сомдаймыз.

Кезегімізден қайтқанда малымыз көк шөпке, өзіміз ойынға тойып, масайрап қайтатынбыз. Сонда әке-шешеміз: «Ой, мыналарың даладан шаршаудың орнына сергіп келіпті ғой?» – деп таңырқап жататын.

Ал студенттік кезімізде Жезқазған қаласының маңайындағы Талап ауылынан жүк машинаның үстіне отырып Кеңгірге дискотекаға баратынбыз. Ол уақытта жаспыз, қай жерде той-думан, сол жаққа тартып кетеміз. Дискотека күнде болмайды, болған күнде кеш аяқталады. Кеш келген соң вахтер есікті жауып алып жатақханаға кіргізбейді. Оның үстіне ертеңінде техникум басшыларынан таяқ жеп жатамыз. Мұндай тығырықтан шығу үшін біз қулық жасауға көштік. Дискотекаға кетер алдында простыняларды бір-біріне жалғап, терезенің тұсынан білдіртпей шетін шығарып қоямыз. Түннің бір уағында келгенімізде арамыздағы жігіттеріміздің бірі жаңағы жалғаулар арқылы жатақхананың терезесіне секіріп мініп, ғимараттың артқы есігін ашып, үнсіз, шулатпай бәрімізді кіргізіп алатын. Ертеңінде вахтер апамыз қалай кіргенімізді біле алмай, аң-таң болып жүруші еді, – деп жымия естелігін айтып берді.

Жазира Қасқатайқызының еңбегі бағаланып келеді. Жұмысындағы жоғары жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамы басшылығының Алғысхатымен, Шет ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, Қарағанды облыстық филиалының және Ақадыр байланыс торабы басшыларының бағалай және ақшалай сыйлықтарымен марапатталған.

Бір ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлы Біржан Астана қаласының теміржол көлігі колледжін бітірген. Ақадыр белгі беру және байланыс дистанциясында (ШЧ-21) электромонтер болып жұмыс істейді. Зайыбы Сәнім Бақытжанқызы, мамандығы аспаз-кулинар. Көзайым атты, егіз туған Әлихан – Әмина есімді балаларын өсіріп отыр.

Қыз баласы Манара Қарағанды қаласындағы Қазтұтынуодағы университетін «Есеп және аудит» мамандығы (бакалавр) бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта Балқаш қаласындағы «Халық банкі» акционерлік қоғамының бөлімшесінде аға маман болып қызмет етеді. Жұбайы Абзал Жұмабайұлы Балқаш мыс зауытында шебер (мастер) болып істейді. Екеуі Алдияр, Айлин есімді балаларды тәрбиелеп өсіріп отыр.

Отандық пошта қызметінің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғару қиын емес. Қазіргі даму деңгейі нарық талаптарымен, жаңа стратегиялық мақсаттармен, халықаралық стандарттармен үндес. Бұрынғы дәстүрлі хат-хабар тарату, газет-жорнал мен сәлемдемелер жеткізу жүйесі электронды, қаржылық қызметтің тың түрлерімен толығып, әмбебап байланыстың жаңа тұрпаты, осы заманға лайық бизнес үлгісі қалыптасып келеді.

Осы мақала арқылы бүгін біз Сіздердің назарларыңызға елді мекеніміздегі пошта қызметінің, оның ішінде пошта тасушының еңбегін барынша баяндап бердік. Адамның еңбегі қай салада болсын бағалану қажет. Сондықтан саналы өмірін пошта тасушы қызметіне арнаған Жазира Қасқатайқызына алдағы уақытта да деніне саулық, еңбегіне жеміс, бұдан да жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектес болайық.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *