Құрметті Бақтыбай Жолжақсынұлы!

Сіздердің Қарқаралының жасын анықтауға байланысты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның (9 маусым 2023 жыл) қарарына және баспасөз беттеріндегі («Egemen Qazaqstan», «Ortalyq Qazaqstan», «Arqa Aqshamy», «Qaragandy Habary») ұсыныс-пікірлер туралы жазылған хатыңызға байланысты Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары тарапынан төмендегіні хабарлаймыз:

Қарқаралы өңірі Қазақстанның орталығындағы тарихи тамыры терең, киелі де көне аймақтардың бірі. Қарқаралының әрбір шоқысы мен жазығы құпиясын ішіне бүккен қазақтың қилы тарихының куәсі. Жалпы, қазақ жерінің кез-келген өңірінің ел тарихында өзіндік орны бар екендігі, тарихтың әр түрлі кезеңіндегі тарих оқиғалардың куәгері болғандығы анық.

Дегенмен, ел тарихын зерделегенде қол жеткізе алған деректерге ғана иек артып, осындай аймақтардың көне тарихына терең бойлаудан тартынатын үрдістің етек алғандығы жасырын емес. «Кез келген тарих – қазіргі заман тарихы»  деген тарихи фәлсафаға сүйене отырып, ел өткеніне тек қазіргі көзқарас пен сұраныстар негізінде ғана қарап келдік. Сол себепті де, тарихы терең Қарқаралы қаласының байырғы тарихына терең бойлаудан тартынып, орыс деректері мен кеңес кезіндегі зерттеулерге арқа сүйеп, өңірдің ХІХ ғасырдан бергі тарихын ғана қарастырдық. Ал бұл деректерге қала тарихы 1824 жылғы Қарқаралы қамалының негізі қаланған уақыттан басталып, 1869 жылы Қарқаралыға уездік қала мәртебесі берілгені, ХІХ ғасырда оның маңызды сауда орталығына айналғандығын, Қарқаралыдағы аты әлемге әйгілі Қоянды жәрмеңкесі сауда-саттық байланыстар мен мәдениетті дамытуда маңызды рөлін ғана тілге тиек еттік.

Қазақстанның көне және ортағасырлық тарихын зерделегенде сол кездегі мәдениетті тек бізге ортағасырлық деректерде баяндалатын ірі сауда жолдарымен ғана байланыстырамыз да, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында кездесетін тарихи ескерткіштерді ескерместен өркениеттен тысқары жатқан меңіреу аймақ ретінде қарастырып келгеніміз жасырын емес. Ботай мәдениеті, Бегазы-Дәндібай сияқты қола дәуіріне қатысты археологиялық ескерткіштердің денінің осы аймақтарда орналасқандығына қарамастан, ортағасырларда өркендеген сауда жолдарында орналасқан оңтүстік аймақтарға ойыса береміз. Біз осы арқылы тарихи-мәдени сабақтастық мәселелерін естен шығарып, еліміздегі жекелеген аймақтардың тарихтағы орнын ескерусіз қалдыратынымыз жасырын емес.

Шындығына келгенде, еліміздің ортағасырлық тарихындағы ірі сауда-экономикалық орталықтар тек оңтүстік өңірлерде ғана емес, бірнеше бағыт арқылы өтіп, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарын да қамтыды. Қарқаралы қаласы мен осы өңір де бір кездері базары қызған, тоғыз жолдың торабындағы саудасы өркендеген, солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа жол тартқан керуендердің тоқайласқан мекені болды.

Ортағасырлық деректерде бұл туралы анық жазылған. Мысалы, әл-Идриси (ХІІ) картасында қырғыздардың патшасы тұратын қала мықты, биік дуалмен қорғалған. Дуалдың етегіне терең ор қазылған. Ол қимақтардың Ертіс жағалауында он алты қаласы бар деп жазады (Иақуби Ахмад. Ал-Булдан. – Техран:ВТНК, 1347х/ж. -371б.). ХІХ ғ. Қоянды жәрмеңкесі де сол байырғы замандарда сынақтан өтіп, ел жадында үйреншікті болған табиғи сауда жолының қайта жаңғыруы еді.

Бұдан өзге, Қарқаралы өңірінің тарихы қарлұқ тайпалық одағымен байланысты екендігін де ескеруіміз керек. Соңғы зерттеулерде Қарқаралының ортағасырлық араб-парсы деректерінде кездесетін «Қырқыр хан», «Хазлажия» атауларымен байланысын анықтап отыр. Жалпы алғанда, жазба және ауызша деректерді кешенді талдау Қарқаралының тарихының терең екендігін, қала тарихының тамыры сонау ортағасырларға, дәлірек айтқанда қарлұқтардың тарих сахнасына шығып, мемлекетін құрған кезден, яғни біздің дәуіріміздің 840 жылынан басталатынын көрсетіп отыр.

Жалпы қорытындылай келе, «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның (маусым, 2023 ж.) шешімін және баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың тұжырымдарын қолдай отырып, бір жағынан, Қарқаралының негізінің қаланған уақытына қатысты Кеңестік кезеңде жіберілген өрескел қателіктерді дұрыстау мақсатында қалаға биылғы жылы 1183 жыл толып отырғандығының нақтылануы тек өлке тарихы үшін ғана емес, жалпы тәуелсіз ел тарихы үшін маңызды шешім болып табылатындығын хабардар етеміз.

ҚҰРМЕТПЕН, ШОҚАН УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ

ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫ                                                                           

 ЗИЯБЕК ЕРМҰҚАНҰЛЫ  ҚАБЫЛДИНОВ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *