Жақында Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы тірек мектебінің (РО) базасында Халықаралық «Robotland 2026» робототехника, бағдарламау және инновациялық технологиялар фестивалінің аудандық кезеңі ұйымдастырылып өткізілді.
Фестивальдің басты мақсаты – оқушылардың техника мен заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту болып табылды.
Аталған шараға Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің, Ә.Ермеков және Ш.Батталова атындағы тіректі мектептерінің, Ақжал негізгі орта мектебінің, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының, С.Мұхамеджанов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің, Жарық тірек мектебінің, Талды және Нұраталды жалпы орта білім беру мектептерінің оқушылары қатысып, белсенділіктерін көрсете білді.
Қатысушылар 9 түрлі категориялары бойынша 30 модельдеу, кегельринг квадро, лабиринт, шағын футбол, жұптық теннис, робот құрастыру, шығармашылық жобалар, робо-садақ ату, теңге алу сайыстарына қатысты.
Жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар Шет аудандық білім беру бөлімінің арнайы дипломдарымен және медальдарымен марапатталды. Енді алдағы уақытта жеңімпаздарымыз «Robotland 2026» халықаралық фестивалінің кезеңдерінде ауданымыздың намысын қорғайтын болады.
Жерлестерімізге сәттілік тілейік!
Қалижан Бекқожин,
Ақадыр кенті
