Құрылысшы мамандығы қашан да қадірлі. Әсіресе, қазргі кезеңде. Елімізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жер-жерде, қала мен далада бой көтір жатқан ғимараттардың басы-қасында осы қызығы да, шыжығы да мол еңбек адамдары жүр. Солардың бірі – Мұратбай НАРЫМБЕТОВ. Ол буыны бекіп, бұғанасы қатқалы құрылыс саласында еңбек етіп келеді.
Мұратбай Еңсейтбайұлы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Тақтакөпір ауданы, Мүлік ауылының тумасы. Ауылдағы қазақ орта мектебін бітірді. Бозбала мектеп қабырғасында жүргенде сурет өнеріне бейімдігін байқатты. Оның салған суреттері талайдың таңдайын қақтыратын. Бала кезінен үйдегі жұмыстарға араласып, оның ішінде құрылыс саласына ерекше көңіл қойды. Әскер қатарына шақырылғанша біраз ғимараттың құрылысына үлес қосты.
Əскери борыш өтеп келген соң Көкшетаудағы «Курорт Строй» мекемесіне жұмысқа кірді. Ал, Приозерск қаласына 1995 жылы қоныс аударды. Алғашқыда жиһаз жасаумен айналысты. Алайда, 2005 жылы құрылысқа қайтып келді. Осылайша, құрылысқа біржола бет бұрды.
Маман өз жұмысына ерекше ілтипатпен қарайды. Саланың ұңғыл-шұңғылы мол екенін айтып, аса ыждаһаттылықты талап екенін айтады.
– Құрылыста ауытқуға жол беруге болмайды. Стандарттар, нормалар мен ережелер талаптарын түгел сақтау қажет. Себебі, таразы басында сол ғимараттарда өмір сүретін, жұмыс істейтін адамдардың өмірі тұр. Құрылысшы мамандығын таңдаған адам өз жұмысына өте жауапкершілікпен қарауы қажет. Қазір Приозерск қаласы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жаңа нысандар көптеп салынып жатыр. Бұл әрине қысы-жазы ыстық пен суыққа қарамай тер төгетін құрылысшылардың маңдай терінің жемісі, – дейді құрылысшы.
Осылайша, құрылысшылар елдің əлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Біздің кейіпкерімізен салынған нысандардың жəне көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жұмыстарын жүргізеді. Су, жылу құбырлары мен кəріз, электр жүйесін тартады. Сондай-ақ, тозығы жеткен нысанда жаңғырту жұмыстарын атқарады.
Ғимарат құрылысынан бөлек су желілерін де тартады. Сәулет ісіне де үлес қосып келеді. Мәселен, қаладағы аялдамалардың дизайнын жасауға қатысып, ерекше келбетке енуіне үлес қосты. Сарышаған мен Гүлшаттағы саябақ, спорт және балалар ойын алаңдарын жөндеуге атсалысты.
Дегенмен, құрылысшы салада маман тапшы екенін айтады. Оның айтуынша, білікті, жас кадрларды табу қиын. Соның салдарынан кейде құрылыс нормалары бұзылып, жобалауда қателік кетіп жатады. Сондықтан, ғимаратты жобалаудан бастап, қолданысқа берілгенге дейінгі әрбір қадамды есептеп, өлшеп отыратын маман табу – басты мәселе дейді Мұратбай Еңсейітбайұлы.
Өзі де балаларын осы кәсіпке баулып жүр.
– Қазір ұлым Олжас жолымды қуып келеді. Бала күнінен құрылыс мамандары сұраныс жоғары екенін түйсініп өсті. Кішкентайынан қасымнан бір елі қалмай, құрылыс нысандарын бірге аралайтын. Басында заңгер мамандығын меңгерді. Кейін құрылысшы боламын деп шешім қабылдады. Ұл балаларды құрылысқа үйрету керек. Бірде болмаса, бірде өзінің қажетіне жарайды. Мен де бала күнімнен құрылысшы боламын деп армандадым. Зәулім үйлердің суретін салып, әр кірпішін қалай қалайтынымды ойластыратынмын, – дейді құрылысшы Мұратбай.
Маман қазір де жастарды құрылысшы мамандығына баулуға сүбелі үлес қосып келеді. Өндірістік тəжірибеден өтем деп келген жастарды қашанда қолдап отырады. Олардың арасында құрылысшы мамандығын оқыса да, әрі қарай осы салада еңбек еткісі келмейтіндер көп екенін айтады кәнігі маман. Ал, ынтасы бар, талапты жастарды қолтығынан демеп, болашақ өмірге жол ашу – өзінің борышы деп түсінеді ол. Сөйтіп, ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға тынымсыз тер төгіп келеді.
Манас АҚСАРЫ