«Сәби болғым келеді, сәби болғым…»

Ұлы ақын Мұқағалидың осы өлеңін оқығанда көңілің толқиды. Жүрегің жүз дірілдейді. Әрине, мұң мен сағыныштан… Кейін осынау лирикалық өлеңге сыршыл да әсем әуен шықты. Оны тыңдағанда тіпті көзіңе мөлтілдеп жас келіп, жан-жүрегің елжірейтін болды. Өнер құдіреті деген – осы да. Халық  даналығында: «Бала – бауыр етің», «Балалы үй – базар…», «Баланы жастан…» дейтін қанатты сөздер бар. Астары қалың, мағынасы терең осы сөздердің өзінде халқымыздың бала тәрбиесіне қаншалықты көп көңіл бөлгендігі көрінеді. Тәрбиенің тамыры құрсақтан бастау алады дегенді де айтады тәмсілдердің бірі.

Белгілі ғалым Альберт Эйнштейн: «Бала ақылды болуы үшін не істеу керек?» деген сұраққа: «Егер де балам ақылды болсын десеңдер, ертегі оқып беріңдер. Егер олардың одан да ақылды болғанын қаласаңдар, одан да көп ертегі оқыңдар» – деген екен. Ал ертегіні іздесеңіз, оны кітаптан табасыз. Сонда балаға кітап оқып беру және сол кітапты оқуға үйрету – тәрбиенің қайнар көзі екен.

Кезінде хакім Абай: «Адамның бір қызығы – бала деген, Баланы үйретуді жек көрмедім!» – деп текке айтпаған.

Алаштың алғашқы ұстаздарының бірі Ыбырай Алтынсарин: «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық!» – деген еді.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең – бесігіңді түзе!» – деп айтты. Ұлылар осылай ұрпаққа үлгі қалдырды. Шындығында бала тәрбиесі қашанда қоғам назарында болуға тиіс.

Бүгінгі жаңарған Жаңа Қазақстанда балаларға көп көңіл бөліп жатқандығы бәрімізді қатты қуантады. Балаға дер кезінде берген тәрбие – оған құйған инвестиция. Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы болары сөзсіз. Тек, тәрбиені тал бесіктен дұрыс жолға қою керек. «Баланы жастан…» дейтін халық сөзінде көп мән жатыр. Яғни, баланы жасынан, тіпті әу басынан руханиятпен тәрбиелеу қажет. Осы орайда бесік жыры мен балаларға арналған ақындардың өлеңдері көмекке келеді.

Бүлдіршіндерге бағытталған біршама әндердің де пайдасы зор. Мысалға: «Баламын әлі… Басымда қиял, көп үміт, Бәрі де маған оттан да ыстық көрініп. Өзіммен өзім, ойымнан өмір өріліп, Қиялмен жеңіл, қиялдан ғана жеңіліп. Баламын әлі, баламын әлі, баламын, Бауырыңа, өмір, енемін міне, емініп…» (Кеңшілік Мырзабеков),

«Сыр-сезім алам өлеңге, Бейкүнә сәби өзіңнен. Адамзат біткен әлемге, Қарасың сенің көзіңмен!» (Дәулет Рысбайұлы) дейтін ақындар өлеңдері қаншама сыр мен ыстық сезімдерге оранған.

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған, қазақтың ғажап жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабы, кейіннен осы туынды бойынша түсірілген фильм балалар қауымының керемет рухани қазынасы болып, балаларға арналған тәрбиелік құралға айналды деуге де болады.

Ұлтымыздың бірнеше буын ұрпағы, толқын-толқын легі осы ұлы жазушының шедевр шығармасымен тәрбиеленіп, үлгі-өнеге тұтқандығы даусыз.

Дәстүр жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Осы орайда, бүгінгі өскелең ұрпаққа осындай толағай туындылар жазылса, олар дер кезінде оқылса, нұр үстіне нұр болар еді!

Ең бастысы – періштелерімізді адамзаттың асыл руханияттарымен сусындатайық, қадірлі қауым!

Жанбы КАДИНА,

Е.А.Бөкетов атындағы

Қарағанды зерттеу университетінің

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *