Сұлтан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ: «АҚ ҚАҒАЗҒА АҚТАРЫЛЫП АРДЫҢ СӨЗІН ЖАЗАЙЫН»

Сұлтан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ – 1980 жылы Моңғолияның Байөлке аймағында дүниеге келген. 1992 жылы атажұрты Қазақстанға көшіп келді.

2002 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

2005 жылға дейін Бұқар жырау ауданында мектеп мұғалімі болып қызмет еткен.

2005-2008 жылдары өзі оқыған университеттің филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болды.

2008-2022 жылдар аралығында өзі тұрған Тоғызқұдық ауылындағы мектеп директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

2019 жылы «Атажұртқа тағзым» атты жыр жинағы жарық көрді.

2021 жылы «Қарағанды облысының білім саласындағы 100 жаңа есім» кітабына есімі жазылған.

2022 жылдан бері Доскей ауылындағы «Мирас» балалар өнер мектебінің жыршы-жырау сыныбының оқытушысы.

2025 жыл 8 қазан күні сағат 17:00 Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сұлтан Дәулетханұлының «Сағынышым, төрге шықшы, келші, өлең!» атты әдеби кеші өтеді. Шығармашылығының 25 жылдығына орай қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақынның есеп беру кездесуінде Сұлтан Дәулетханұлының сөзіне жазылған жаңа әндер шырқалып, екінші кітабының тұсауы кесіледі. Тамаша кештің куәсі болып, жыр мерекесінен қапы қалмаңыздар!

Редакциядан

 

«Мен туған күн»

Естелігі болса да кешегінің,

Шаттанған шақ – әке мен шеше бүгін.

Ән шырқапты әжеміз осы күні

Сөзін толғап атамыз көшелінің.

 

Тұңғышының жалғасы – мені көріп,

Жөргегімде иіскепті еміреніп.

Жиналысып ет-жақын, көрші қолаң

Жаудырыпты пейілін тебіреніп.

 

Мейіріне қарттардың бөленіппін,

Батасымен солардың көгеріппін.

Алыстатты, қайтейін, асылдардан

Зулап содан ай мен жыл, жөнеліп күн.

 

Әке-шешем тойы ғой – мен туған күн,

Кейіпкері жыр қанат төлтумамның.

Разылығын алсам деп бұл фәниде

Ойлай-ойлай жүректе шер тұнған мың.

 

Туған күнім – белгісі кешегінің,

Өткен сайын жылдарым, еседі мұң.

Бір Аллаға түнімен дұға қылдым,

Таңын қарсы ап қырықтың бесеуінің.

09.06.2025

 

 

Атымды шығарам деп түспедім әлекке де еш

Атымды шығарам деп түспедім әлекке де еш,

Жалған даңқ, бос мақтаулар тегінге қажет те емес.

Кешкенім – қоңыр тірлік, көргенім көппен бірге,

Естірім ен даладан – елде жоқ бөлек кеңес.

 

Жағалап жан бақпадым «тірегі» күшті ағаны,

Жанымды семіртеді көктемгі құстар әні.

Жаратқан өзі жар боп, ешқашан тайдырмасын

Жүректің түбіндегі үміттің үштағанын!

 

Шындыққа ара түсіп, тастайтын отқа жанын,

Мен де бір ақыныңмын арманы Хаққа мәлім.

Кешегі, бүгінгіні, ертеңгі сезгенімді

Баршаңа еш бүкпесіз өлең ғып ақтарамын!

01.01.2010

 

Қой соңында жүрсем де…

Қой соңында жүрсем де Айтөбелмен,

Айтсам деймін жұртыма ой тереңнен.

Ойланудың бақыты бұйырмаса,

Қайтер ем мен?

 

Ой соңына ілесіп қылауланған,

Көз жүгіртем ескіге мұнарланған.

Ойларменен жаңарып тұрады ылғи

Мынау жалған…

28.07.2011

 

Тартыс

Құлқынға құл пасық жанды ойлайтыны байлық кіл,

Ақ найзағай, жарқылыңмен жиі-жиі шайлықтыр!

 

Елді теріс жолға салар екіжүзді сатқынды,

Ақ борандар, адастырып жаһаннамға тап қылғын!

 

Ақша бөгеп, жемқорлардың жетпей жатса сотқа ісі,

Пері құйын, бар жиғанын ойда жоқта көкке ұшыр!

 

Төмендегі жұрт зарына құлақ аспай, түсінбей

Жүрген дөйді, аяз көке, алқымнан ап үсіргей!

 

Арамдардың момындарға көрсеткенін көңілден

Ала кетіп, ақша бұлттар, жөңкіліңдер көгімнен!

 

Адалдықты ту еткендер жалындасын, жайнасын,

Ақ нөсерлер, ақиқаттың жуып кетші айнасын!

 

Ақ қағазға ақтарылып ардың сөзін жазайын,

Қара ниет танытқандар тартсын деймін сазайын!

10.10.2014

Досты жұбату

Бақытты етіп, біреуді еңіретіп,

Желдей есіп барады өмір өтіп.

Жылама, дос, еңсеңді көтер тіктеп,

Жастығыңның барады көбі кетіп.

 

Біреулерге жүргенде есең кетіп,

Өмір өтер селдетіп, нөсерлетіп.

Ағындарға күш жина қарсы жүзер,

Жігеріңді алмағын бәсеңдетіп.

 

Тірлігіңді бір демде ауырлатып,

Өтеді өмір боратып, дауылдатып.

Сынақ-өмір сағыңды сындырса да,

Сабыр сақта, күйзеліп, тарылма түк.

 

Туған елден жүрекке тауып бақыт,

Арманыңды жүргейсің қалықтатып.

Өткен күнді ұмытпай еске алысып,

Өмір әнін шырқайық шарықтатып!

13.02.2000

 

БОРАН

(Тергеубеков Боран ағама)

 

– Қай ауылдансың?

– Тоғызқұдықтан.

– О, сендердің БОРАНДАРЫҢ жойқын ғой, жойқын…

Жол үстіндегі әңгімеден

 

Біздің жақтың алты ай қысқы әңгімесі – ақ боран,

Біздің жақтың алты ай жазғы әңгімесі – ат, Боран.

Қыста сырттан қонақ күтсем, қорқатыны – ақ боран,

Сыртқа қонақ бола қалсам, сұрайтыны – ат, Боран.

Үшеуін де ерек көріп, қастерлеумен жүрген соң

Әңгімеге тұздық етіп әркімдерге мақтанам.

 

Біздің жақтың ақ бораны ел төзімін сынайды,

Біздің жақтың ат, Бораны ер төзімін сынайды.

Айлап соғар ақ боранға елдің елі шыдайды,

Ат, Боранмен дос болуға ердің ері шыдайды.

Жүректе де алай-дүлей арпалыс пен аламан

Болғандықтан БОРАНДАРДЫҢ болмыстары ұнайды!

13.12.2017

 

Таңғы толғаныс

Есен-аман тағы бір таңды атырдық,

Басталады қайнаған жанға тірлік.

Болса дағы екінің бірі алдамшы,

Күнді күтем шығатын алға шындық.

 

Таңды атырдық айнала тыныш, аман,

Тірі адамға жан бағу, жұмыс алаң.

Бір адамға мысқалдай пайдам тисе,

Келер таңға шүкір деп тыныс алам.

 

Тыныш, аман тұрса екен Отан, ордам

Жау қарасы көрінбей жоталардан.

Ұмытылар кеш болса күндік уайым,

«Әкетайлап» шыққанда ботам алдан.

 

Отан, ордам аманда бақыттымын,

Арқалаудан арыман уақыт жүгін.

Таңғы ауасын желтоқсан жұта тұрып

Жүрегімнің ақтардым ақық сырын.

 

Мендік арман

«Біз арманыңызды ақиқатқа айналдырамыз».

Халық Банкі банкоматындағы жарнамадан

Бұл не ғажап?

Өңім бе, әлде түсім бе?

Уәделерің рас болса күшінде,

Аллаға аян, арманым бар, айтайын,

Жүректегі жүрегімнің ішінде.

 

Жалғыз арман,

Жалғыз арман бар менде,

Мысықтілеу жандар ұқпас көркеуде.

Байлығына жат құныққан елімде

Болмаса екен қайыр тілер шерменде.

 

Қолын жайып, көше кезіп, сенделіп,

Жүргендерді жарылқаңыз тең көріп.

Айнала ма ақиқатқа арманым,

Ғайыпқа еніп қараулық пен пенделік?

03.03.2015

 

Сейілдің әні

…Иә, ол кезде қазіргідей қалағаныңды телефоннан тауып алатындай мүмкіндік жоқ еді. Аяғанов Сейіл ағамыз орындайтын «Таң самалы» әні жазылған кассетаны қаладағы біреуден тыңдауға сұрап алып, екінші біреудің ән жазатын магнитофонымен әзер дегенде көшіртіп, Қарқаралының қиырындағы Салтанатыма қалааралық телефон арқылы аптасына, айына бір рет тыңдата алсам, кеудемді ғажап бір шаттық кернеуші еді…

Автор

 

Сейілдің әні – мен тыңдар,

Сейілдің әні – сен тыңдар,

Сергек қып жанды гүл етер,

Сағынышымызды үдетер,

Сәт сайын тулап толқындар.

 

Сейілдің салған сырлы әні

Сейілтіп демде наланы.

Сүйіктім, саған жолыққан,

Сарғайған аңсап даланы,

Сапарға шыққан күн есте

Сандалтқан тастап қаланы.

 

Сүйсініп сұлу дүниеге,

Сол әнді айттық тауда да.

Серттесіп қайттым өзіңмен,

Сөндірмей отты лаулаған.

 

Сәулем-ау, бізге сол бір ән

Сыйлайтын шаттық тосыннан.

Самалын таңның сезуші ем

Сағына жеткен хошыңнан.

 

Сағынып, аңсап үздіккен

Сезіміміздің қорғаны,

Сый ғажап біздің тағдырда,

Сейілдің әні болғаны.

 

Сиқырлы әннің серісі

Сазына үндес жыр-жақұт.

Сәніндей болған сахнаның

Сейілді тыңдау– шын бақыт.

 

Сейілдің әні естілсе,

Сергіп те кетер күндер-ай.

Сүйікті әнді бір шырқар

Сәттердің келмей жүргені-ай.

 

Сағат та жетер біз күткен,

Серуен құрар сейілдеп.

Сынаптай сусыр уақыт

Сырғымаса екен кейінге.

Күнгей, 20.12.2022

 

45

 

Адамды сүй! Өйткені адам – ең биік,

ең соңғы жаратылыс, ақылдың иесі.

Сандық мәні: А – 1, Д – 4, М – 40.

Сонда: 1+4+40=45

                                                            Профессор М.Әбдуовтың

                                                           «Абай және әбжад» кітабынан

 

«Өмірің әр кез жайнасын!» –

Деп жүрер ақын Қайратым*

Бақиға кетті бұрып көш

Көргенде таңын қырық бес.

 

Сәттібай** доссыз күн кешіп

Рухымен келем тілдесіп.

Жолықпан ондай жігітке еш

Жасасам да енді қырық бес.

 

Жүректі демеп көктем-жыр,

Жарылқау көрдім көктен дүр.

Сирепті достар үміттес,

Қиырын шолсам қырық бес.

 

Болмысым туа бетеге,

Арбалмай «аға-көкеге»,

Қулармен болмай іліктес

Саған да жеттім, қырық бес.

 

Ермедім дүние соңына

Өлеңім қалар соңыра.

Ғажабын сезіп тұнық кеш

Жырладым сені, қырық бес.

 

Қанағат қылып барымды,

Алла үшін сақтап арымды,

Кірлетпей жанды былыққа еш

Байрағын алдым қырық бес.

10.08.2025

 

* ақын Қайрат Асқаров

** ақын Сәттібай Жүнісов