Биыл біртұтас еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын сән-салтанатымен атап өтуде. Әлбетте, ол уақыт кезеңінде майдан даласында оққа кеудесін тоспаған жан кемде-кем. «Ешкім де ешқашашан да ұмытылмайды» деген қанатты сөз осыны меңзеп тұрғандай. Осы орайда, қасық қаны қалғанша отан үшін күрескен жауынгер атамыз һақында ой өрбітсек орынды болар…
Асқаралы атаммыз Сыздық Дүсембиннің ғазиз ғұмыры 1907-1989 жылдар аралығына ұласты. Сонау 1939 жылы ол Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Совет-Фин, Екінші дүниежүзілік соғысы және Совет Жапон сынды дүниежүзілік сипат алған аты мәшһүр үш түрлі соғысқа қатысып, тек 1946 жылдың ақпан айында ғана елге,яғни, Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Киевка ауылына есен оралды.
Мәскеу мен Тула облыстарынан фашистерді қуып шығару үшін басталған шабуыл шайқастарында жерлесіміз Сыздық Дүйсембин саяси бөлімше ротасы командирінің орынбасары бола жүріп, сарбаздарды жауынгерліктің өзгеше үлгісімен руһтандыра білді. Басқыншы жауды жаппай қуу үшін болған ұрыстарда аға сержант 55-миллиметрлі миномет взводының командирі болып тағайындалды. Шабуылдаушы жаяу әскердің ең алғы қатарында болған минометшілер жаудың жеке құрамын тас талқан етіп ақ жол аша білді.
Осындай қиян-кескі қанды шайқастардың бірінде Сыздық Дүйсембин жараланып госпитальға жеткізілді. Сауығып есен шыққан соң 11-ші миномет полкінің 120-миллиметр минометтерінің командирі ретінде Кенигсберг бағытыннда ұрысты жалғастырды. Майдан шебінде жоғары әскери шеберлік пен физикалық төзімділік таныты. Ірі Хинганды жеңіп, Сыздық Дүйсембин басқарған минометшілер Квантун армиясын жойып жатқан жаяу әскерлерге жол ашты. Жапония басқыншыларын Солтүстік-Шығыс Қытайдан қуды. Осылайша Сыздық Дүйсембин үшін соғыс Порт-Артурды алумен аяқталды.
Ол еткен ерлік істеріне сай I-ші жәнеII-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендарімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны женгені үшін», «Жапонияны женгені үшін» және басқа да мемлекеттік маңызы бар медальдармен марапатталды. Сыздық Дүйсембин милитаристік Жапонияны талқандағаннан кейін 1946 жылдың ақпанында елге оралып, аудандық қаржы бөлімінің аға инспекторы болып еңбек жолын жалғастырады.
Ержүрек жауынгер, таңғажайып тағдыр иесі Сыздық Дүйсембин өмірінің тоғызыншы онжылдығына аяқ басқан кезде, 1989 жылы дүниеден өтті. Ал, ақиқатында жоғарыда келтірген деректер ақпарат айдынан сүзіп алған фактілер. Ол ешқашан соғыс туралы ештене айтқан емес. Асылы, әр ардагер өзінің естеліктерін тереңде қалдыруға тырысатын болар деген ой тұжырдық…
Жолымыз болған екен. Дер шағында оны есен-сау қалпында көруге жазған екен жаратқан. Көз алдымда аласа бойлы, үнсіз, күртешелі, басына қалпақ киген, сондай-ақ,аяғына шұлғы мен брезент етік киіп жататын жарқын елесі қалыпты есімізде… Өте сабырлы, қос көзі өткір еді.
Жеңісті жақындатқаның үшін, мың алғыс саған, ата!
Динара ДҮЙСЕМБИНА,
немересі