Санитариялық дәрігер – қоғам саулығының сақшысы

Қазіргі қоғамда адам денсаулығын қорғау – ең маңызды міндеттердің бірі. Осы жолда ерекше рөл атқаратын мамандықтардың бірі – санитариялық дәрігер. Бұл маман халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі аурулардың алдын алуға күш салады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің атқарып отырған жұмыстары әрқашан халықтың назарында бола бермейді. Әлі күнге дейін осы сала мамандарын тек тойхана, кафелерді, базарлар мен дүкендерді тексереді деген пікір қалыптасқан. Ал шындығында санитариялық дәрігердің негізгі міндеті – қоршаған ортаның тазалығын бақылау, ауыз судың сапасын тексеру, тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау. Сонымен қатар, олар өндіріс орындары мен қоғамдық мекемелердегі санитариялық талаптардың сақталуын бақылау, балалардың денсаулығын сақтауда және нығайту үшін қолайлы жағдай жасауын тексеріп, қадағалап отыру.

Әсіресе, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуда санитариялық дәрігерлердің еңбегі зор. Олар эпидемия кезінде шұғыл шаралар қабылдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары орын алған түрлі індеттер бұл мамандықтың маңыздылығын тағы да дәлелдей түсті. Ең бастысы эпидемиологиялық жағдайды туындатып отырған себебін анықтап, оны жоюда нақты іс-шараны дер кезінде, әрі дұрыс қойсаң ғана – жағдай дұрысталады.

Міне осындай шараның басы-қасында жүрген Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары – Айман Жанаева.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын 1991 жылы тамамдаған жас маман өзінің еңбек жолын қарапайым санитариялық дәрігер-интерні, дәрігер-бактериолог, дәрігер-эпидемиолог ретінде бастаған ол өз ісіне деген адалдығы мен жоғары жауапкершілігінің арқасында кәсіби биіктерге көтерілді. 1993 жылдан бері балалар мен жасөспірімдер гигиенасы бөлімінде қызмет ете жүріп, жас ұрпақтың денсаулығын қорғауға, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне зор үлес қосты.

Кейін бөлім басшысы қызметіне тағайындалып, ұжымның жұмысын үйлестіріп, көптеген маңызды жобалардың жүзеге асуына жетекшілік етті. Оның бастамасымен білім беру мекемелеріндегі санитариялық талаптар күшейтіліп, профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіле бастады.

Қазіргі таңда басқарма басшысының орынбасары ретінде ол өз тәжірибесі мен біліктілігін кеңінен қолданып, саланың дамуына тың серпін беріп келеді. Әріптестері оны білікті басшы, әділ жетекші және өз ісінің нағыз жанашыры ретінде құрметтейді.

Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде Басқарма мамандары – демалыссыз, күн-түн демей осындай жұқпалы аурудың алдын алуда аянбай еңбек етіп жүргенде, жұмысты ұйымдастыруда, оны іске асыруда А.Жанаева да аянып қалған жоқ. Қызметтің осындай қырына отбасымыз да түсіністістікпен қарайды. Себебі, атқарылып жатқан ісіміз – халықтың санитариялық-эпидемилогиялық әл-ауқатын бірқалыпта ұстау.

Осындай дәрежедегі маман иесі болу үшін жоғары медициналық білім қажет. Сонымен қатар, жауапкершілік, мұқияттылық және адамдармен жұмыс істей білу қабілеті де маңызды. Өз ісіне адал, білікті маман – «Шапағат», «Халық алғысы» төс белгілерінің иегері атанып, бірнеше дүркін аудан, қала, облыс әкімінің, денсаулық сақтау Министірінің алғыс хаттарымен марапатталған А.Жанаева, 2023 жылы республикалық үздік санитариялық дәрігер титулын жеңіп алған болатын. Осының барлығы өзінің көп жылғы қажырлы, адал еңбегінің арқасы деп білеміз.

Бүгінде осындай саналы ғұмырында басқарма басшысының орынбасары, мекемеміздің санитариялық дәрігері – Айман Бөкенқызы Жанаева 60 жасқа толып отыр. Бұл – тек мерейлі жас қана емес, сонымен қатар ел денсаулығы жолында атқарылған елеулі еңбектің жарқын көрінісі.

60 жылдық мерейтой – өткенге есеп беріп, болашаққа жаңа мақсаттар қою кезеңі. Осы айтулы күні мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасылық бақыт және қызметінде жаңа жетістіктер тілейміз. Оның еңбегі әлі талай ұрпақтың саулығына қызмет ете беретіні сөзсіз. Бастысы – қоғам денсаулығының сақшысы. Осындай мамандардың еңбегі арқасында Біз қауіпсіз ортада өмір сүріп, болашағымызды сеніммен құра аламыз.

Құрметі, Айман Бөкенқызы, Сіздің 35 жылдық еңбек жолыңызда халықтың денсаулығын жақсартуда қосқан үлесіңіз мол. Өміріңіздің осы бір елеулі шағында өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға бақыт, игілікті істеріңізге жетістіктер тілей отырып, осы өлең жолдарын өзіңізге арнаймыз!

Абыроймен қызмет еттіңіз, Қарағанды қаласында,

Өзіңіз сүйген мамандық – тазалық саласында!

Құтты болсын, бүгінгі 60 жас -– мерейтойыңыз,

Мәртебеңіз арта берсін туған-туыс, әріптестер арасында!

Изгі ниетпен,

Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,

Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, ұжым  басшысы