Қарағандыдан қаралы хабар келді. Өмірден ақын Қайрат Асқаров өтіпті. Небәрі 16 жасында мөп-мөлдір өлеңдер жазып, ақын атағы ерте шығып еді, елуге екі жас жетпей бұл фәниге қош депті. Қайратжан-ау, құлыным-ау, неге бұлай болды? Нағыз қызық көрер шағың емес пе еді…
Сейіл марқұм баяғыда: «Қайратжанның елу жылдығын жасаймыз, Кеншілер сарайында үлкен шығармашылық кеш қылып өткіземіз. Қайратжанның өлеңдеріне жазылған әндер көп қой, Мейрамбектен бастап барлығын шақырамын», – деуші еді. Енді екеуің де жоқсың. Қасыңда ініңдей серік болған Сәттібай ақын да жоқ…
Ай, аңғал-саңғал Арқаның ақындары-ай! Қадірлеріңді ешкім білмей қойды-ау сендердің! Қамқорсыз Қарағандым-ай, өзгеге жуық, өзіңе суық болып, қаншама ұлыңды өзекке теуіп өлтірдің, қаншама еріңді қаңғытып жібердің. Қашан ел боласың сен!
Барлығымыз сені Қайратжан деуші едік. Өзіңнен жасы үлкеннің бәрі сені осылай еркелетуші еді. Соңғы рет кездескенімде Астанаға көштім… деп едің. Осы сөзіңе күллі ғұмырың мен тағдырың сыйып тұрғандай болып еді. Одан кейін екеуміз кездесе алған жоқпыз.
Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың 75 жылдығына барғанда көзіммен сені іздеумен болдым. «Келмеді сені» деді.
Әңгімелескім келіп еді. Қазір кең отырып әңгімелесу мүмкін болмай барады ғой. Барлығының қабағына қарайсың… Өзімізден де бар – бір-бірімізге көңіл бөлмейміз. Кейде ойлаймын мен, жаныңа жақын адаммен соңғы рет көріп тұрғандай әңгімелесу керек деп. Қоштасқанда да қатты құшақтап қоштасу керек. Бірақ өйте алмаймыз. Тіршілік қамымен асығып жүреміз. Қайда асығамыз, білмейміз. Әйтеуір артымыздан біреу қуып келе жатқандай үнемі алып-ұшып, асығыс-үсігіс жүгіреміз де жүреміз. Әр сәттің аяулы екенін, әр жүздесудің қымбат екенін, әр кездесудің соңғы болуы мүмкін екенін еш ойламаймыз.
Ақын Кәкімбек Салықов:
«Кездесу мен қоштасудың арасын,
Жалғастырып жатады екен сағыныш», – деуші еді. Бір-біріміздің күйбең тірлігімізді әлеуметтік желілер күнде көз алдымызға әкеліп отыратындықтан, бәлкім сағынбайтын болған шығармыз…
Енді өкініп отырған, неге соңғы рет кездескенде ақтарылып әңгімелеспедім, қоштасарда қатты құшақтап бауырыма қыспадым деп. Тап бір күнде кездесіп жүргендей жеңіл қоштасып, желпі жүре бердік…
Қайратжан, сен ақын едің! Ақын болғанда сирек лирик едің. Сенің өлеңдерің мөлдір тұмадай еді. Алайда сенің ақындығыңды өзге де, өзің де бағалаған жоқсың. Осы күнгінің ақындары ақындығын дәлелдеу үшін аянбайды ғой. Күреседі кәдімгідей, алысады арпалыса, тіпті ақын болмаса да болмай қоймаймын деп тырмысып жатады. Сен ешқашан ақындығыңды дәлелдеп жанталаспадың. Ешкіммен бәйгеге, атаққа таласпадың. Соныңды біліп алғандар: «Е, Қайрат ренжімейді» деп саған бәйге бере қоймайтын. Берсе – соңынан беретін. Ал сенен әлдеқайда төмен ақындар бәйге алатын. Оған сенің жаның ауырмайтындай көрінетін. Бірақ ауырған да шығар. Білмейміз ғой.
Дегенмен, ақындығыңды дәлелдеу үшін күреспегеніңнің өзі – ақындық қой. Шын ақын өлермен болмақ емес.
Шын ақын тіршілікке бейімделе алмақ емес. Сен бейімделе алмадың.
Қарап отырсам, шын ақындар Дарвин теориясындағы құрбандар тәрізді.
Дарвинның эволюциялық теориясы бойынша жер бетінде тіршілік етуге бейімделгендер ғана аман қалмақ. XX мен XXI ғасырлар шын ақындарға ауыр, өлеңшілер үшін жеңіл болды. Шын ақындар рухани катаклизмдер салдарынан қырылып жатса, осынау аласапыран рухани хаоста ұпайын түгендеп алған өлеңшілердің тасы өрге қарай домалауда. Егер бұлай бола берсе келешекте шын ақын қалмауы мүмкін.
Иә, шын ақынға, шын өнерпазға, шын ғалымға қазір өмір сүру мүмкін болмай барады. Өйткені бұл заман билікпен ауыз жаласқан жеңіл ауыз өлеңшілердікі, ауыз жыбырлатқыш фанерщиктердікі, докторлықты сатып алған ғалымдардікі.
Сен олай істей алмадың, Қайратжан! Сен өлеңмен ғана өмір сүрдің. Өлең үнемі сенің ішіңде жүрді бәлкім сен өлеңнің ішінде… Бірақ мұны ешкімге түсіндіре алмайсың ғой. Бәрінің айтатыны – ел құсап тіршілік ет! Ал сен оған көнбедің, Қайратжан!
1992 жылы Тоқтар Әубәкіров космосқа ұшып келгенде, алдында «Қасымның егіп кеткен шыбығымын» деп жырлап едің. Сонда Тоқтар батырдың қолынан бәйге алғанда 16-ақ жаста екенсің ғой. Қайратжан! Сонда саған күллі Қарағанды жалт қарап еді. Тілеуіңді тілегендер көп болды, тілемегендер де… Сол шыбық бәйтерекке айналар еді. Ерте құлады. Қош, Қайратжан, қош бауырым, бақұл бол!
Асқаровтар әулетіне, Қайраттың әке-шешесі – Бегайдар ағама, тәтеме, жан жары Балаусаға, ұлы Мағжанға, қыздары Еңлік пен Алуаға қайғыра көңіл айтамын.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
дәстүрлі әнші, өнертанушы
Қайрат десе Қайрат еді!
Күн тас төбеде тұрған шақ. Далаға шығып, көшеде келе жатып, әлеуметтік желіден футбол кубогын ұстап тұрған Қайраттың жұқалтаң да жайдары жүзін көрдім де ойланбай лайк баспақшы болдым. Сұм жүрек бірдеңені сезді ме, қолымды күшпен тоқтатты. Суреттің үстіндегі бір жарым жол жазбаны түртіп қалып, көрінбей тұрған жерін ашып оқи бастадым.
Суық хабар екен. Қаза туралы. Ауыр хабар.
Сенер-сенбесіңді, не деріңді білмейтін.
Қайрат Қарағандының еркесі еді. Серкесі деп те айтуға болар еді. Ортасының еркесі де, серкесі де бола алатын, бірақ, соған еш ұмтылмайтын жан еді.
Жас арамыз алшақ. Мен көп біле де бермеймін.
Бірақ сыйластығымыз жақсы еді. Өзара сеніміміз бар еді.
Атам туралы кітабымды қарап берші деп те беріп, біраз күткенім бар. Қолы тимейді екен ғой. Ол өзінің «Дауысын» сыйлаған.
Бірде мені оқушы жастармен кездесуге шақырды. Бардым. Ол өзі сәл кешігіп келді ме, әлде басқа ма, әйтеуір, бірдеңені тілге тиек етіп, күлісіп отырдық. Айтсаң, айтқан жеріңе барамын, сен ұялма, бізді, ағаларыңды жұмсап үйрен деп қоямын. Ол менің шын айтып отырғаныма сенбей, кешірім сұрап, қысылып бітті.
Өзі көп нәрсеге мұрындық болып, шауып жүретін. Қарағандыда Қайратсыз іс бітпейтіндей көрінетін. Оқу ошағынан мәдениет ордасына, одан футболға, одан соң тағы бір шараға көзге көрінбес желкенін керіп алып ұшып бара жататын. Негізі не бітіріп, не нәпаха тауып жүргенін біле бермеймін де. Ол ауамен қоректенетін. Қуатын поэзиядан алатын.
Ақ жүрек, ақ жарқын, ақадал, аңқылдаған азамат, айтулы ақын еді. Оған ақ деген теңеу ғана жарасады. Елуге де толып үлгермепті. Енді елу жасаса да елден атақ-даңқ сұрамай өтер жанның бірі де, бірегейі еді.
Ол адамдардың арасында жүргеніне мәз еді, риза еді. Көпшіл еді. Көп адам көретін, көп адам қатысатын футболды жанымен жақсы көрді. Қай жерде футбол, сол жерде Қайрат жүретін. Небір әсем әннің сөзінің авторы Қайрат екенін кейін білуші едік. Досы көптін, жанашыры көптін. Оны есепсіз пайдаланғандар да жетерлік.
Сұғанақ емес, емінген емес. Ерінген емес. Қай уақытта өлеңдерін жазатынын бір Алла біледі.
Сөйткен Қайрат үн-түнсіз, ешкімге шағынбай, ешкімге жалынбай, ешкімнен ештеңе сұрамай, келместің кемесіне мініп кете барыпты.
Көрмеген көшесінен жарылқасын! Артында қалған ұрпағының жолы даңғыл болсын! Келін қарағым, бекем бол! Азаматыңнан айрылдың! Шаңырағы саған аманат!
Қайран да, қайран інішектер, ой-шұңқыры көп қай көшеге түсіп кеттіңдер?
Біз сендерге әрдайым тілекшіміз, жолдарың даңғыл да ашық, әрбір қадамдарың сәтті болсын дейміз. Өздерің де байқап жүріңдерші. Абай болыңдаршы! Бұралаңы да, бұрқасыны да көп өмірдің жарқын жағына өтіңдерші. Қиындықтардан қашпасаңдар да, өздерің барып ұрынбаңдаршы! Қатарларың нығыз болсын, ұйымдарың берік болсын!
Болат КЕНЕЛҰЛЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Есіл-дерті өлең болатын…
Ақын Сәттібай Жүнісов өмірден өткенде бір топ әріптестер көңіл айтуға бардық. Ақын Қайрат Асқар ағамыз ешкімге қосылмай, шетте тұр екен. Амандасып жатып, көзіндегі үш-төрт тамшы көз жасын байқатпай сүртіп тастады. Ойлы жанары мөлдіреп, алысқа үнсіз қарап тұрды…
Сейіл ағамыз қайтыс болғанда да, «Сейіл жүрек» деген өлеңін оқып, егіліп едік. Қазір соның бәрін еске алып, жақын жандарын, қимас асылдарын жүрекпен жоқтағанына көз жеткізіп отырмыз.
Жалпы, ақындығы бір бөлек, адамгершілігі бір бөлек жаратылған жан еді. Елдің бәрі «Қайратжан» деп жақсы көретін. Өйткені, Қайрат ағамыз да, ешкімді кеудесінен итеріп, сыртқа тепкен емес. Бірде-бір рет әлдекіммен сөзге келгенін, ренжігенін не ренжіткенін байқамаппын. Қашан көрсең, алып-ұшып, аңқылдап тұратын. Жұмысқа, дүнияуи шаруаларға бас қатыра қоймайтын. Есіл-дерті өлең болатын…
Қарағандыда жүргенінде жиі жүздесіп қалатынбыз. Астанаға қоныс аударған соң телефонмен хабарласып тұрдық. 23 сәуір күні қоңырау соғып, бір кісінің телефон нөмірін сұрады. Сол соңғы тілдесуіміз екен. Дауысы жарқын шығып тұрды. Іштей қуанып едім. Бірақ, «Өмірден өтті» деген суық хабар, қабырғамызды қайыстырып кетті. Айтарға сөз таппай, амалсыз, есеңгіреп қала бердік…
Қулық пен сұмдықтан ада ақын жүрек мынау жарық дүниедегі небір озбырлық пен лас дүниені көре-көре көтере алмады-ау, сірә. Сәби сынды пәк бейнесі, әзілқой әрі аңқылдақ тұлғасы жүрегімізде сақталып қалды. Өлеңдеріңіз де жүректерде мәңгі жасайтынына сенеміз!
Жаратушы Иеміз алдыңыздан жарылқап, рахымына бөлесін!
Бақұл болыңыз, Қайрат аға!
Жәлел ШАЛҚАР,
ақын
Ақын өтті, «Дауысы» қалды
Өлімнің һақ екенін, әр бәйгенің мәресі мен соңы болатынын білсек те, жарқын жандарға деген қимастық қалады жүректе. Сондай асыл ағаларымыздың бірі, ақын Қайрат Асқар дүниеден озды. Бағдат Мүбәрак ағамыз қалай тура айтқан.
Өткердік талай аламанды да,
Азулы дейтін аз ақын.
Қара таппаймын, Қарағандыда
Қайраттай мөлдір жазатын.
Досының жазған осы өлең жолдарынан артық не айтармыз? Шынымен, Қайрат Асқардың өлеңі де, өзі де мөлдір еді ғой. Ал азаматтық өлеңдері бір төбе. «Дауысы» – классикалық дүние. Өзі үш-ақ шумақ. Бірақ осы жолдарда қаншама ой жатыр түсінген жанға.
Сәби туса, жаны пәк, ойында арай,
Сыйлайтынын сезбейді ғұмыр қайғы.
Заңдылықты ешқандай мойындамай,
Азаттық деп, шындық деп шырылдайды.
Біз Дауысты жүрекпен түйсінбейміз,
Ал, бейғамдық – адамға талайғы жау.
Шырылдаса нәресте, сүйсінбей біз,
Тыныштықты бұзды деп қараймыз-ау.
Сәби сынды қорғансыз, гүл халыққа,
Күз боп ызғар шашамыз үлкендікпен.
Өмір сосын өтеді бір қалыпта
Тыныштықты бұза алмай жүргендіктен…
Иә, адам өлмейді. Басқа бір кеңістікке өтеді. Ал ақынның өлеңдері мәңгі жасайды. Жүректерден жүрекке көшеді. Небәрі 48 жыл ғұмыр жасаған ағамыздың «Дауысы» қалды. Бақұл бол, Қайрат ақын! Жасай бер, мөлдір өлең!
Ерболат ҚУАТБЕК,
ақын
Қара жерге қалай қиясың қара өлеңнің алыбын…
Қаралы хабар жанымызды жабырқатып кетті. Қайран менің Қайрат ағам… Бала жүректі, мөлдір жан еді ғой.
Көктем еді… «Таңсәуле!» деді бір таныс дауыс. Артыма бұрылдым. Сырттай көріп, жырларына тамсанып оқып жүретін кәдімгі Қайрат ақын. Сәлем беріп, алдыңғы қатарда отырғаныма ыңғайсызданып қалдым. Себебі дәл сол орын Қайрат ағамдікі еді…
Сол бір ақжүрек, мейірімі шексіз ақын Қайрат аға… өмірден озды деген қаралы хабар жанымызға батты. Көзімізге еріксіз жас келді. Ол кісі әдебиет әлемінде әрдайым қолдау білдіріп жүретін.
Жаны кең, пейілі дархан азамат еді… Сол асыл қасиеттері үшін де ел оны ерекше қадірлейтін.
Сенбеймін… Қимаймын ғой қара жерге…
Сіз біздің жүрегімізде мәңгі қаласыз, Қайрат аға! Арқа жұртына, қаламгерлер қауымына қайғырып көңіл айтамын.
Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ,
ақын
Ұлағатты ұстаздың ақын шәкірті дүниеден озды
Қазақ поэзиясының аспанында бір жарық жұлдыз ақты. Ол – сырлы жырдың сазгері, өлеңнің өзегінен өмірдің үнімен сөйлеген ақын Қайрат Белгібайұлы Асқаров еді. «Дауыс» атты жыр жинағы арқылы жан тебіренткен жырсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан ол – өлеңге ғашық, өмірге адал, сөзге сертпен қараған қаламгер.
Қайрат Белгібайұлы жаратылысынан туа біткен талант иесі болатын. Оның поэзиясы – көптің үні емес, көкірек күйі еді. Өлеңдерінен өр мінез де, мөлдір сағыныш та, азаматтық үн де қатар өріліп тұратын. Қазақ сөзінің бояуын қанық, ішкі мағынасын терең жеткізетін ақын өмірді жүрекпен сезінді. Көңілі таза, жаны нәзік жанның қаламынан туған әрбір жолда шынайылықтың табы жататын. Ол – жүрекке дауыс берген ақын еді…
Нұрмақов мектебінен түлеп ұшқан жас талант сол кездегі ұстаздарының, әсіресе ұлағатты мұғалім Ләззат Бәйішқызының үкілеп баптаған үміті болды. Өмірінің әр белесінде ұстазының берген білімі мен рухани бағыт-бағдарын ерекше ілтипатпен өлең жолдарымен жырлап жүретін. Сол ұстазға деген іңкәрлігі – өлеңдегі ілтипатқа, сөздегі сағынышқа айналды. Оның жырлары тек өзі туралы ғана емес, ұрпаққа бағытталған үн, қоғамға айтылған сыр болатын.
Республикалық «Шабыт» фестивалінің, түрлі мүшәйраның жүлдегері атануы – талантты мойындатқан белес еді. Бірақ Қайрат үшін атақ емес, ақиқат қымбат болды. Ол ешқашан өлеңді жеңіл жолмен жазбады. Керісінше, жанын салып, әр сөзін жүректен өткізіп барып төгетін. Сол себептен де оның жырлары жүрекке жетті, оқырманын ойландырды, тербетті.
Қайрат аға арамыздан ерте озды. Бірақ оның ақиқатты айтқан, адалдықпен өрілген өлеңдері – мәңгі. Ақын өмірден озса да, артында қалған сөзі тірі. Қазақ поэзиясының аспанында оның үні өшпейді. Себебі ол – «Дауыс» деп ат қойған жинағындай, өз даусын халық жүрегіне қалдырып кеткен тұлға.
Жаның жәннатта болсын, Қайрат аға. Сенің жырың – мәңгілік…
Нығмет Нұрмақов атындағы
маманданған мектеп-лицей интернаты ұжымы