Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірігіп, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Бұл бастама ел әдебиеті мен мәдениетін жаңаша қырынан танытып, тарихи-танымдық бағыттағы шығармаларды дамытуға бағытталған. Осы үлкен жобаның аясында Солтүстік Қазақстан облысына сапар жасап, оның рухани және тарихи байлығын терең сезініп, жаңа әдеби туындылар жазуға мүмкіндік алдым.
Шөбі «мені, шіркін, шауып алса» деп ырғалып тұрған сағымға сіңген сары бел. Биіктігі қаншама тарихты, оқиғаларды көрсетпей, жасырып тұрғандай әсер қалдырады. Табиғатының әсем көрінісіне көзіміз бір тоймағанмен, жағалай бітен ауылдарда адамның аздығын көріп қынжылғанымыз бар. Қалаға келе беретіндердің легі ауылға көңіл бөлмесе тоқтамайтынын сездік. Солтүстіктегі ауылдардың қара қазанын қайта қайнатуға тырысып жүрген жандардың да жоқ еместігін байқадық әрине. Әр тасын, орман-көлін жазылар шығармамызға арқау етіп келе жатқан сапарда алдымыздан сондай жан шыққан. Солтүстікке көшті, ауыл айдала боп адыра қалмасын деп шыр-пыр боп жүрген – Бурахан Дақанов. Осы бір бір қарағанда көзге ебедейсіз көрінгенмен, шөбін шауып, малын бағып, техникасын жүргізіп жатқандардың легін көбейтуге епті жігітпен таныстығымыз басталған. Айтушыдан кемдік жоқ болғанымен, тыңдаушыда кеңдік жоқ екен демесін дедік біз де. Осы бір азамат бізді тақырып іздеп тентірмей, індете жазуымызға барлық жағдайды жасауға тырысты. Еліміздің ең солтүстігінде орналасқан аймақтың орталығы – Петропавл қаласы. Қаланың табиғатын одан әрі көркейте түсіп Есіл ағып жатыр. Қалада көптеген тарихи ғимараттар сақталған. Олардың ішінде XIX ғасырдағы көпестердің үйлері мен көне мешіттер бар. Осы көріністің бәрі белден қазылған тақырыптай болашақ кітабымыздағы өлең жолдарына арқау боларын ойлағанда, ойдағыдай шыққан шығармадай бір жеңілдеп қалғандай күй кешкеніміз рас. Солтүстік – ғашықтық дастандар, небір хикая, аңыздардың өңірі екен.
Түрлі шара ұйымдастыру бар да, жазу бар. Бұл сапар тек шығармашылық үшін ғана емес, өз ішімдегі ой мен сезімдерді тереңірек түсіну үшін де маңызды болды. Барлық алған әсерім мен тәжірибем маған жаңа идеялар мен ойларға жол ашқан ерекше бір кезең. Петропавл қаласындағы «Мағжан орталығы», облыстық кітапхана, мемлекеттік архив пен тарихи-өлкетану мұражайы секілді рухани нысандарды аралап, Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев музейіне барып, ақынның туған жері Сасықкөлге ат басын бұрдым. Осы сапарымның нәтижесінде ұлттық рух пен тарихи тұлғаларға арналған төрт поэма «Айғаным», «Мағжандану», «Ұмсын сұлу» және «Белгісіз күйші. Белгісіз күй» топтамасын жаздым.
Маған көрсетілген қолдауы үшін Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Жарасбай Сүлейменовке, сондай-ақ өңірге қазақтарды қоныстандыру мәселесін көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақановқа шын жүректен алғысымды білдіремін.
Әділет ШОПЕН
