Жақында Н.В.Гоголь атындағы кітапханаға 90-ға жуық адам жиналды. Бұрын мәдени шара өткізу керек болса, зал ішін мектеп, колледж оқушыларымен толтырып қоятын, тіпті әскерилерді автобуспен алып келетін жағдайларды көзбен көргенбіз. Ал бүгін ондай жағдай байқалмады, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер, қала руханиятының әр саласында қызмет етіп жүрген азаматтар қарасы мол болды. Дәрігер, мұғалім, өнер адамдары, әскерилер, қаламгерлер, депутаттар, кім жоқ дейсіз, бәрі бар.
Жиналған көпшіліктің осыншама шамадан тыс жиналуы – өлкетанушы, Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет саласының үздігі Тұңғышбай Өміртайұлының бүгінгі туындысы «Үш арыстың ауылынанбыз» атты кітабына деген қызығушылығы еді. Редакторы Оралбек Жүнісұлы.
Үнемі ізденісте жүретін Тұңғышбай аға бұл жолы да туған өлкесі Ақтоғайының тарихы жайлы қалам тербеген. Көз жүгіртіп шыққанымыз болмаса, 500-ден аса беттен тұратын кітапты әлі оқи алғанымыз жоқ. Ең соңғы бөлімін «Дәуірлерден із қалған» деп атапты. Осыдан-ақ кітаптың рухани салмағының осал еместігін түйсіндік.
Астанадан да бірталай қонақтар келген екен, олар жай келмепті, ағаларының шашбауын көтеріп, кітапты құрастырудың, баспадан шығарудың машақатымен қоса, барлық қаржылық шығынын мойындарына алған. Жақын туыстары да емес, бар болғаны ақтоғайлық, қазақ руханиятының шашбауын көтеріп жүрген әр саланың мамандары. Қандай жарасымдылық десеңізші! Басқаларға үлгі боларлық тамаша бастама. Ақтоғай осындай жарқын істерімен рухты, үлкен жүректі азаматтарымен танымал. Қызығып та, қызғанып та жазып отырмын. Оны жазып отырғаным, төрт атамнан бергі 400 беттік тарихымызды менде жазып едім, сол күйім есіме түсіп отыр.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі өте әсерлі өтті, сөз алған шешендер айшықты ойларын тамаша жеткізе білді. Тұқаңның еңбекқорлығын, Ақтоғай еліне, жалпы қазақ тарихына қосып отырған елеулі үлесін баса айтты. Кештің модератары Нұрлан Күлшікеновтің әуезді дауысы көпшілікке жағымды әсер қалдырып, екі сағаттан аса уақыт демде өтіп кетті.
Көрермендер Т.Мұқан ағаның өткен өмірі мен шығармашылығына арналған «Тынымсыз ғұмырым» атты бейнебаянды тамашалады. Қаламгердің ат жалын тартып мінгеннен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен өмір жолының мөлтектері қаламгердің баяндауымен көпшіліктің көңілінде көпке дейін сақталары ақиқат. Еш мақтансыз, екі ғасырдың куәгері өмірбаянын боямасыз жеткізе білген.
Кітаптың соңғы бір абзацын жаза кеткенді жөн көрдім: «Ақтоғайымыздың бай тарихының үзінділерінің әрбір көрсетілімдерінде туған жерге деген құрметімен, Астана мен Ақтоғайдың арасын Ақ дастарханның дәм-тұзымен жалғап, рухани шараға айналдырып келе жатқан жаны жомарт, мінезі мәрт, ел намысын жүректерінде жалау етіп, ата салтын ар жүгіндей сақтаған Айдос Майқыбеков, Ернат Жүнісов, Нұрлан Әрінбаев, Бақыт Жаңабаев, Ерсін Тойшыбеков, Азамат Жұмәділов бастаған барша бауырларыма, жер кіндігінің бір биігі Ақсораңның айбатын, Ел бірлігінің бір киесі Ақтоғайдың абыройын тілеп, ағалық алғысымды айтамын. Ізгі ықыласпен: Тұңғышбай Мұқан».
Аңғар СМАҒҰЛ