Жақсы адамдар бірге өмір кешкен замандастары, достары мен шәкірттерінің жүрегінде ұмытылмас із қалдырып, өмірден батқан күндей өтеді. Осы өмір шындығы ешқандай құзіретке де, беделге де тәуелді емес.
«Елін сыйлаған ер – еңселі». Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Ақадыр өңірінде ғана емес, ауданымыздың, облысымыздың, республикамыздың спорт саласының өркендеуіне барлық қажыр-қайратын жұмсай біліп, терең білімімен, шеберлігімен қомақты үлесін қосқан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстанның «Құрметті спорт қайраткері», самбо, дзюдо және қазақ күресінің ақтаңгері Жанасылов Сейсенбай Қапасұлы туралы болмақ. Ол өзінің санаулы өмірінде адамгершілік туын жоғары ұстап, уақыт көшінің алдыңғы қатарында жүре білген жан болды. Көкейкесті арманына жете талпынды, өз қатарластарының алдыңғы шебінен көріне білді.
Дүниеде мыңдаған мамандық түрі бар. Солардың ішіндегі қиыны да, құрметтісі де – кейінгі ұрпаққа ұстаздық ету, оларға тәрбие беру, спортқа баулу, әрбір спорт түрімен айналысқан ұл-қыздардың шыңдалуына, шеберліктерін арттыруына ықпал жасау. Өзінің осындай мамандығына шексіз беріліп облыс, республика, Азия, әлемді бағындырған спортшылардың тәлімгері болған жан еді. Ақадыр кентіндегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне отыз жылдан астам басшылық жасап, жергілікті жастардың жоғары деңгейге көтерілулеріне өзіндік үлесін қоса білген.
Сейсенбай Қапасұлы 1957 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы орталығы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебіне барады. Мектеп қабырғасынан белсенді түрде самбо, қазақ күресі түрлерімен айналысты. Оның бағына қарай, дене шынықтырудан сабақ берген ұстазы, әрі жаттықтырушысы болып Шет ауданынан шыққан тұнғыш спорт шебері Төлепбеков Тұрар болды. Жас баланың күреске деген талпынысын, жеке дарындығын көре білген ұстазы басқа оқушыларымен бірге облыстық, республикалық жарыстарға апарады. Жас балуан аталған додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, жеке бапкерінің көңілінен шығып жүреді.
Мектеп бітірген жылының қазан айында Кеңес армиясының қатарына шақырылады. Әскери борышын Коми Автономиялық Республикасының Ухта қаласындағы ішкі әскер (внутренние войска) сапында өтейді. Жас кезінен күреспен айналысқаны ескеріліп, спорт ротасына орналастырылады. Аталмыш ротаға түскенінің арқасында күрес түрімен әрі қарай белсене айналысуы жалғасын таба береді. Осы жерде жүріп Автономиялық Республикасының аймақтық чемпионаттарына қатысып, самбо күресінен бірнеше жарыста озып шығады.
Жалпы жарыстарға қатысып жүрген жылдары Сейсенбай Қапасұлы самбо және қазақ күресінен Қарағанды, Жезқазған облыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, XVІ Қазақстан Республикасы спартакиадасының чемпионы, Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған. Осындай жетістіктерінің арқасында самбо күресінен Кеңестік Социалистік Республикалық Одағының (КСРО) спорт шебері, қазақ күресінен Қазақ Социалистік Республикасының спорт шебері атақтарына ие болды. Әскери борышын өтеп келген соң, Сейсенбай Қапасұлы өзінің туған ауылына келеді. Екі жылдан астам Шет аудандық спорт комитетінің басшылық тізгінін ұстайды.
1978 жылы Жаңаарқа ауданына қоныс аударып, №178 кәсіптік-техникалық училищесінде дзюдо күресінен жаттықтырушы болып орналасады. Осы жерде ол атағы Кеңес Одағына, республикамызға танымал балуандармен, жаттықтырушы мамандармен етене танысады. Әсіресе, есімі аңызға айналған, дүниежүзінің күрес әлеміне белгілі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, бірнеше әлем чемпионын, жүлдегерлерін дайындаған Биткөзов Диханбай Дүржанұлының қарамағында жұмыс атқару бақытына ие болғаны айшықты өміріне әсер етеді. Бұл кезең алдағы тағдырына, жаттықтырушылық өнерін жалғастыруға үлкен себебін тигізеді. Ағасының ақыл-кеңесін тыңдап, күрес сабақтарын, айла-тәсілдерін, жаттықтырушылық әдістерін алуды да ұмытпайды.
Жаңаарқа ауданынан кейін Жезқазған қаласындағы «Динамо» спорт қоғамында, Ақсу-Аюлы ауылындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы болып еңбек етеді. Еңбектен қол үзбей Қырғыз елінің Бішкек қаласындағы мемлекеттік дене шынықтыру институтын үздік бағамен бітіріп, оқытушы-жаттықтырушы мамандығын алып шығады.
Сейсенбай Қапасұлының жұлдызды шағы Ақадыр кентінде қызмет атқарып жүрген кезіне келді десек артық айтқанымыз емес. Ол 1986 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры лауазымына бекітіледі.
Облысымыздағы ең ірі елдімекеннің бірі болған кентте 3 орта білім беретін, 1 тоғызжылдық мектепте 3 мыңға тарта оқушылар болды. Мектеп шәкірттерінің біраз бөлігі спорт мектебінің үйірмелеріне баратыны белгілі. Енді спорт мектебінің директоры көптеген спорт түріне мән беруі керек. Бұрыннан келе жатқан спорт үйірмелері өз алдына, алдымен мектепте болмаған күрес түрлері самбо мен қазақ күресінің мамандарын жұмысқа тартып, үйірмелерін ашады. Жылдар өте дзюдо күресінен де секция жұмыс істей бастайды.
Қазақтың көне ойыны тоғызқұмалақ та жаңғырып, үйірмесі ашылады. Бұл жұмысқа осы спорт түрінің үлкен жанашырлары, жергілікті энтузиастар Қасқырбаев Балтабай, Сүлейменов Елеусіз тартылады.
Футбол, волейбол ойындары да ұмыт қалмайды. Бұл секцияларға белгілі мамандар тартылып, балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын артады. Бертінде кенттік спорт мектебінде бокс үйірмесі де ашылды. Оны жүргізуге қаладан арнайы маман Ақселеуов Асхат шақырылды.
Уақыт өте келе, спорт мектебі директорының және ол басқарып отырған ұжым мүшелерінің іс-қимылдары өзінің жемісін бере бастайды. Ақадыр мектебінің шәкірттері республика, Азия жарыстарында, әлем біріншіліктерінде алдыңғы шептен көрінеді. Атап айтқанда, самбо күресінен Жаңаниет Рахат әлем чемпионы атанса, Нұрланбек Мөлдір қола жүлдеге қол жеткізді. Ағайынды Серік, Сұңғат Қайранбековтер Азия біріншілігінің жеңімпаздары болды. Жаңғабыл Мәрлен самбо және қазақ күресінен Азия чемпионы болса, Искаков Рахат дзюдо күресінен әлем чемпионы, Айнатаев Самал әлем біріншілігінің жүлдегері, Балғымбеков Санжар Азия құрылығын ұтып алды.
Сонымен қоса, облысымызға белгілі жаттықтырушы Қанжанов Қайдар және әлем чемпионы Адамбаев Дәурен үшеуі бірігіп шәкірттері Смағұлов Жансай, Дәртаев Айдын, Қанжанов Бейімбеттің еліміздің құрама командасының сапына кіріп, Олимпиада ойындарында бақ сынауларына жолдарын ашады.
Тоғызқұмалақ ойнынан да ауыз толтырып айтатындай жетістіктер біршама. Ағалы-қарындасты Қожанәсіп Асылхан мен Аңсағанды бұл күндері бүкіл дүниежүзі таниды. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері республикамыздың, халықаралық турнирлердің, Азия мен әлемнің чемпиондығы мен жүлделерін жеңіп алған. Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарын бітіріп, өздерін тоғызқұмалақ ойнына баулыған спорт мектебінде жаттықтырушылық қызметтерінде. Олардың шәкірттері де облыстық, республикалық додаларына қатысып биіктерден көрінуде.
Балалар мен жасөспірімдер арасында футбол ойыны да жақсы жолға қойылған. Жас футболшылар облыстық жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері ретінде өздерін көрсетіп жүр. Тіпті бір жылдары республикалық «Соса-СоLа Былғары доп» турнирінің жеңімпазы да, жүлдегері де болды. Семей қаласында өткізілген турнирде қалалардың командаларын шақ келтірмеген. Қарсы ойнаған командаларды ірі есептермен жеңе бастағанда, сол жақтың жанкүйерлері кенттің командасы болуы мүмкін емес деп сенбеген екен. Осыған көздерін жеткізу үшін Ақадырға тексеріп қайтуға арнайы адамын жіберіп, ақиқатын білгенде ғана сенген. Сол кезде команданың құрамында ойнаған Швырев Вячеслав кейін Алматы қаласының «Қайрат» футбол клубының академиясын бітіріп, бүгінгі таңда сол команданың шабуылшысы. Құрамның сапында еліміздің чемпионы да, жүлдегері де атанды. Қазақстан Республикасының құрама командасының мүшесі де болды.
Мектеп директоры Сейсенбай Қапасұлына балалар арасында бокс түрінен спорт секциясын ашуда біраз іс-қимылдарын жасауға тура келеді. Ол үшін ең алдымен демеушілер арқылы бокс рингін алу керек болған. Елімізге белгілі меценат, «ASTANA GROUP» компаниясының президенті, жерлесіміз Смағұлов Нұрлан Еркебұланұлы көмекке келіп, Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласынан бокс рингін алғызып берді. Бірнеше жылдан бері елдімекеніміздің жас боксшылары облыстық, республикалық турнирлерге, жарыстарға қатысып биіктерден көрінуде. Алдағы уақытта осы спорт түрінен әлемнің, Олимпиада ойындарының жеңімпаздарын көреміз деген үмітіміз де жоқ емес.
Сайып келгенде жерлесіміз Смағұлов Нұрланның Ақадырдың спортына көрсетіп жатқан демеушілік шаралары ұшан-теңіз. Әрине, бұл жерде Сейсенбай Қапасұлының онымен және командасымен тіл табысуын жоққа шығаруға болмайды.
2011 жылы «ASTANA GROUP» компаниясы кентімізде балаларға арналған бассейні бар дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салып бергені бәрімізге мәлім. Жаңа бетінде бой көтерген спорт кешені елдімекеніміздің көркін де келтіруде.
Бір естіген әңгімемде меценат жерлесіміз республикамыздың әр жерінде салған әлеуметтік нысандардың хал-ахуалын, жалпы жағдайларын біліп беріңдер деп қарамағындағы қызметкерлеріне нұсқау берген екен. Олар жан-жаққа шығып тексеріп келгенде бір жерлерге санат бірліктері берілмеген, бір жерлерде ғимарат, мүліктердің күтімі болмаған соң дұрыс сақталмаған, ал бір жерлерде тіпті демеушілік есебінен салып берген нысандарының есігінде құлып та тұрған фактілері кездеседі. Ақадырға келгенде сыйға тартқан спорт кешені сол су жаңа қалпында, санат бірліктері жеткілікті, секциялары пәрменді түрде жүріп жатады. Осыны білген басшы Ақадырдан ештеңені аямаңдар деп бұйрық берген депті-мыс…
Шынында да, айтулы жерлесіміздің тарапынан кент спортшыларына әрдайым жақсы көмектер беріліп келеді. Балуандарға арналған татами (күрес кілемі), кимоно (балуандар киімі) қаншама! Біраз жылдардан бері жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен халықаралық турнирі өтуде. Бас кезінде республикамыздың қалалары ғана қатысқан жарыс кейін халықаралық турнирге айналды. Әр жылдары аталған турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген командаларынан басқа Ресей Федерациясының, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Пәкістан елдерінің командалары қатысып келеді. Компанияның берілетін жүлделері де қомақты. Сейсенбай Қапасұлы дүниеден озғаннан кейін аталмыш жарысты оны еске алу турниріне айналдыру туралы шешім қабылданды.
Негізі Ақадыр кентінде балалар мен жасөспірімдер арасында спорттың көп түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, самбо күресінен Зәкір Көкжалов атындағы халықаралық турнирі, бокстан Таңыбай батыр жүлдесі үшін облыстық турнирі, футболдан Жұматаев Тілеубекті (Детай) еске алу облыстық жарысы, тоғызқұмалақтан ауыл азаматы Серіков Амандықтың жүлдесі үшін жарысы, жоғарыда атап өткен дзюдо күресінен халықаралық турнирі жылдағы дәстүрге айналып, кент жастарының шыңдалуына, шеберліктерін арттыруға, балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын оятып, спорт түрлеріне көптеп қатысуына көп көмегін тигізуде. Бұл жерде бас кезінде демеушілердің күшімен ұйымдастырылатын жарыстар үш-төрт жыл өткен соң әртүрлі деңгейдегі турнир кестесіне енгізіліп, мемлекет тарапынан өткізу жөнінде шешім қабылдануында Сейсенбай Қапасұлының еңбегі зор.
Жанасылов Сейсенбайдың еңбегі жақсы бағаланып келді. Бапкерлік жұмысында 30-дан астам спорт шеберін дайындағаны үшін оған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді. Онымен қоса еліміздің «Құрметті спорт қайраткері» атанды. ҚР Тұңғыш Президентінің Алғысхатымен марапатталды.
Өзінің өмірлік жолында спорттың тағы бір қырынан көріне білді. Халықаралық, Азиялық, әлемдік додаларда күрес түрлерінен төрешілік етіп, экстракласты төреші атағына да ие болды. Әлем бойынша үздік төрешілердің ондығынан орын алды.
2015 жылы Қазақ күресін әлемге дәріптеу, насихаттау мақсатында Мәскеу қаласына барып, Ресей елінің «Боец» телевизиялық арнада алғашқы жылдары ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» турнирін комментатор ретінде жүргізді.
Сейсенбай Қапасұлының тағы бір жақсы қасиеті болды. Ол оның және отбасы мүшелерінің қонақжайлылығы. Ауыл азаматтары болсын, сырттан келген қонақтар болсын алдарына дастарқан жайып, дәм-тұзын ұсынып, жаны қалмай күте білетін. Кең әрі мол дастарқандарынан дәм татқан меймандар ризашылықтарын білдіріп тарқасатын.
Зайыбы Күләйхан Рашатқызы Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының тумасы. Спорт мектебінде тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушы болып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Екеуі де әке-анасының жолын қуған. Екеуі де Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін бітірген.
Үлкен ұлдары Бақытхан облыстық «Жас сұңқар» спорт мектебінің самбо және дзюдо күресі түрлерінен жаттықтырушысы. Алдынан талай шәкірттер өтуде. Әкесі тәрізді самбо күресінен халықаралық дәрежедегі төреші.
Екінші ұлы Біржан да жаттықтырушылық қызметінде болған. Әкесі дүниеден қайтқан соң спорт мектебінің директоры болып тағайындалды. Оның бастаған ісін жалғастыруда.
Келіндері Айнұр Қабдулқызы мен Әйгерім Жазыкенқызы қаржы саласының мамандары, банктерде қызмет істейді.
Бүгінгі таңда әке мен ананың 7 немересі бар. Алды мектеп жасындағы балалар болса, кейінгілері әлі балғын жаста.
Міне, Жанасылов Сейсенбай Қапасұлының фәниден бақилыққа аттанғанына 4 жыл болыпты. Алланың ісіне шара бар ма? Ол тірі болса әлі талай шаруаларды игеріп тастайтын еді. Бергенінен берері көп болатыны анық.
Сейсенбай Қапасұлы өмірін жас ұрпақты тәрбиелеуге, шәкірттерін спортқа баулуға, оларды биіктерге жетелеуге, армандарының орындалуына бар күшін, білімін, біліктілігін сала білді. Оның есімі ұмыт болмай, ауылдастарының, дос-жаранының, туған-туысының, шәкірттерінің, қалдырған ұрпағының зердесінде құрметпен сақталатыны сөзсіз. Артынан өшпейтін із қалдырған атпал азаматтың өмір жолы осындай!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті