Ежелгі дәуірлерде, тіпті орта ғасырларда дін адамзат баласын тәрбиелеп, моральдық принциптерді орнықтыруда белгілі бір роль атқарған шығар. Бірақ, одан беріде тек билік иелерінің құдіретті қаруы болып, адамның санасын, ой-қиялын тұсайтын кесапат болып келеді. Дінді бір адамдай-ақ зерттеген, тіпті Меккеге барып, қажы атанып қайтқан Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Пендені жұмақпен қызықтырып, тозақпен қорқытқаннан еш пайда жоқ. Жайнар көңіл, қайнар өмір, – АР білімі оқылса!» – деп ағынан жарылды.
Алаш арыстары да, басы Әлекең (Әлихан Бөкейхан) болып, діншілдік халықты кері тартатынын, ұлттың өркендеуі үшін ғылым-білім, өнер үйрену керектігін үнемі атап көрсетіп отырды. Қазақтың өткен ғасыр басындағы озық ойлы азаматтарының бірегейі, қамшының сабындай 27 жылдық ғұмырында жасаған еңбектерімен әдебиетімізге классик болып орныққан Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Дін деген — өтірікке нану деген,
Көңілге өнбес қиял алу деген.
Қиямет күн ғарасат майданына
Өлген адам тіріліп бару деген.
Хор қызын жиырма бестен алу деген,
Мәңгілік, өлмей-жітпейқалу деген,
Өлмейтін, қартаймайтын жайға апарып,
Пендесін басқа күйге салу деген.
Дозақта күнәлілер жану деген,
«Кәпірді» зор азапқа салу деген.
Мұсылманнан басқаның бәрі иттей боп,
Өшпес от, бітпес бейнетте қалу деген.
Бұл — молданың өтірігіне сену деген,
Жетегіне соқырдың еру деген.
Алдамшының алдаған сөзіне еріп,
Қолда барын сыпырып беру деген.
Өлген адам тіріліп келу деген,
Қартаймай, өлмей тірі жүру деген,
Жақындық жоқ, ұйқы мен тамағы жоқ
Мәңгілік ұзақ өмір сүру деген;
Жұмаққа қазақ қана кіру деген,
Ол сырды қожа-молда білу деген —
Ежелгі надандықтың кесірі ғой,
Ғылымға бой ұсынбай іру деген.
Миға кірмес өтірік сөз емес пе,
Мұның бәрі — бос мылжың үру деген, – деп өлтіре шенеді.
Осыдан кейін, басынан талай тозақты өткерген қазақ жұртының бүгінгі ұрпағы жаппай сауаттанған кезеңде діннің торына түседі деп кім ойлаған?! Адамзат баласы дамудың жаңа сатысына шыққанда, қазақ баласы кері кетіп, орта ғасырлардың деңгейіне түсуде.
Қазақстан республикасы тәуелсіздігін жариялаған уақыттан беріде мұнда әр алуан діни секталар пайда болды. Оларды бір-бірінен ажыратудың өзі қиын. Ислам әсіредіншілдері қазір әлем халықтарының зәресін алуда. Қай жерде пенде қолымен жасалған бүліншілік, апат, қылмыс болса, оны ислам секталарының өкілдері атқарады немесе солар сыртында тұрады.
Таяуда қоғамдық желіден бір автордың жазбасын оқыдым. Аты-жөні есімде қалмады, бірақ айтып отырғаны бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сөздің ұзын ырғасы мынандай: Ислам діншілдерінің тарапынан қазақ халқының қоғамдық санасын өзгертуге бағытталған шабуылдар үздіксіз жасалуда. Сала мамандарының айтуынша, мүфтияттыңсалафиттер сектасы ашық және белсенді жұмысымен айрықша көзге түсуде. Олар әлі қоғамдық санасы қалыптасып болмаған жас ұрпақты – балалар мен жеткіншектерді өз қатарларына көптеп тартуда. Жастар көп қарайтын «ТикТок», «Ютуб», «Инстаграм», «Фейсбук», т.б. арналарда дін өкілдері қиял-ғажайып ертегі айтып отырады. Білімі төмен адамдар оларға бас шұлғып сенеді.
Қазіргі таңда ислам діншілдері халықтың қоғамдық санасын өзгертіп, ұлттық ұстанымынан, моральдік-психологиялық сенімдерінен адастыру үшін мешіттер мен медреселердегі діни сабақтарынан, жаназалар мен еске алудағы уағыздарынан тыс еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желі атаулының бәрін шектеусіз пайдалануда. Олар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын жоққа шығарып, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді талқандап жоюды бастады.
Қазақ батырлары басқыншы жауға қарсы «Абылайлап», «Бөгенбайлап», «Қабанбайлап», аруақтарды шақырып шапқан еді. Ананың қасиетті бір атауы, қазақ жұрты мың жылдан бері қатар қолданып келе жатқан сөзі ШЕШЕ еді. Қазақ ұлттық мәдениетінің бренді, Кет-Бұғадан, Байжігіт пен Тәттімбеттен, Құрманғазы мен Дәулеткерейден бүгін ұлт-аспаптары оркестрлеріне ұласқан музыкалық аспап домбыра еді. Қазақ арабтың «ассалаумағалайкумі» келмей тұрғанда-ақ «Сәлем – сөздің анасы» деген еді. Ғасырлар бойы көшпелі тірлік кешіп, ат спорты ойындарын даму шегіне жеткізген қазақтың «Көкпары» той сәні, ер жігіттің білек, тақым күші мен ептілігінің өлшемі еді. Діншілдердің айтуынша қазақтың осынау қасиетті ұғымдарының бәрі харам екен. Ұлтты аздыру үшін бұдан өткен қастық болар ма?!
Мадьяр деген діншіл «айналайын» деп айтуға болмайды, қағбаны ғана айналу керек; «алақай» деп қуану күнә, «алла хақ» деп жарапазан салу керек» деп сандырақтаған көрінеді.
Діншілдер қазақ жерінің тұтастығы, тілінің тағдыры, ежелден жеткен асыл мұрасы, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің болашағы жайлы тіс жармайды. Аузы көпіріп бөсетіндері пайғамбарлар мен сахабалардың өмірі мен әрекеті туралы шылғи жалған әңгімелер. Осы кейіпкерлері арасындағы Мұхамедтен басқасы ислам діні пайда болғанға дейін өмір сүргеніне қарамайды, қолынан туғызып алып, өзі кіндігін кескендей етіп, өздерінің авторлығымен пайда болған хадистерді көйітеді-ай келіп. Ата-бабаларымыздың ондаған ғасырлық тарихы бар әдет-ғұрыптарынан осы қаба сақал, қысқа балақ сайтандардың арам аузынан былғанбағаны қалмады. Мемлекет тарапынан тиым болмаған соң онда-мұнда алақтап, жік-жікке бөлінуде. Отбасының бір мүшесі ислам дінінің сектасына кірсе, әулеттен береке-бірлік кетеді, қазақтығын жоғалтады. Сондықтан, діншілдердің мұндай әрекетін қазақ қоғамына, ұлттық мүддеге қарсы жасалып жатқан қастандық (диверсия), сананы бүлдіру мақсатындағы экстремизм демеске шара жоқ.
Діншілдер соңғы уақыттары уағыз айтумен, қазақтарды арабтандыру мақсатындағы үгіт-насихатымен шектелмей, зорлық-зомбылыққа көрсетуге, ұрыс-төбелес шығарып, қол қимылдарына көшуде. Өткен жылы Түркістан облысында хиджаб киген оқушыны мектепке кіргізбеген мектеп директорын сабаса, тағы осы Түркістанда әсіредіншіл «әке» 5 жасар баласын намазды дұрыс оқымады деп ұрып өлтірген. Талғарда екі баланың анасын араб хиджабынаоранбағаны үшін күйеуі пышақтап, қашып кеткен. Енді олардың қатарында Қарағанды қаласындағы «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаев деген сақалды сайтан қосылды. Мұның бәрі еліміздің ақпарат құралдарында ашық таралған деректер. Олардан тыс қанша қылмыс жасалып жатқаны белгісіз.
Әсіредіншілдіктің осынау сұмдықтарынан іргесін бөлу үшін өзіміз сан рет «исламфобиясы» үшін сынаған қытай жұрты, өзімізбен көршілес өзбек, қырғыз, тәжік ағайындар мемлекеттік деңгейде тиым салып, шектен шыққан фанатиктерді жазаға тартып жатса, Қазақстан билігі жалпақшешейлік көрсетіп діни секталар тамырын терең жаюына мүмкіндік беруде. Сондықтан, олардың жауыздық әрекеттері күннен күнге асқынып барады.
Ең сұмдығы, әсіредіншілдердің арам шөптей тармақтанған өскіні Алаш азаттығының тал бесігі Қарқаралыға, басқа да өңірлерге тамыр жая бастапты. Олардың орта және шағын бизнеске араласқаны бірер жыл бұрын көрініс берген еді. Енді әсіредіншілдер мемлекеттік мекемелерде де бой көрсетіп, қызмет уақытында намаз оқитыны аңғарылып отыр. Бұл – тәуелсіз Қазақ елінің Ата заңында айқындалған зайырлы мемлекеттік статусына мүлде қайшы, қоғамның дамуына кері әсер ететін көрініс. Мемлекеттің шектен тыс «толеранттығы» – діни секталар алдындағы дәрменсіздігінің айғағы. Сондықтан, өңір басшысы осы дабылдан қорытынды шығарып, шұғыл әрекет етуі керек. Мемлекеттік органдарына, өмірлік маңызы бар қызмет көрсету салаларына діншілдердің енуіне жол беруге болмайды.
Қазақстан Ауғанстанға айналмасын десек…
Ермек БАЛТАШҰЛЫ