Қатар келген қос қуаныш

Абай ауданының «Абай-ақиқат» газетінің 50 жылдық мерейтойы Ұлттық басылым күнімен қатар келіп, 2 ақпанда аудандық Мәдениет үйінде салтанатты түрде аталып өтіп, газеттің қалың оқырмандарының басын қосты.

Осыдан жарты ғасыр бұрын сол кездегі Мичурин аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық атқару комитетінің ресми баспасөз органы болған басылым «За коммунистический труд!» деген атаумен жарыққа шығып, 2001 жылдан бастап осы күнгі атына ие болған еді. Бұл жылдар ішінде оның бас редакторы болып 15 адам еңбек етсе, соның ішінде осы жолдардың авторы да бар. Газет 2021 жылы жеке меншікке өтіп, қазір оның құрылтайшы-директоры «Орталық Қазақстан» газетінен түлеп ұшқан журналист Құрманғазы Өтебай болып отыр. Ол аптасына 8 беттен жарыққа шығып, биыл аудан көлемінде 2 мың данамен тарауда.

Мерейтой салтанатын Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Асқаров құттықтау сөзбен ашып, газет редакциясы ұжымына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен арнайы сый-сияпатын табыс етті. Бұдан кейін ол басылым ардагерлері мен қаламгерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Келесі кезекте редакция ұжымын мерейтойымен құттықтаушылар сөз алып, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының директоры Жәнібек Садықанов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі директорының кеңесшісі Айсұлтан Жақып, ардагер журналист Ермек Балташұлы, алғаш еңбек жолын осында бастаған астаналық журналистер Зәуреш Балкенова, Асылбек Тойбек, «Балқаш өңірі» қалалық газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов пен «Arqa Aqshamy» газетінің бас редакторы Әдебиет Жұманов және тағы басқа қонақтар құттықтап, өз сыйлығын ұсынды.

Бұдан әрі сахна төріне газет құрылтайшысы, әрі директоры Құрманғазы Өтебай көтеріліп, мерейтой қарсаңында үш аталым бойынша газет редакциясы жариялаған байқаудың жеңімпаздарына ақшалай сыйлық пен диплом тапсырды. Жүлде қоры 350 мың теңге болып бекітілген бұл байқау­ға 80 оқушы қатысып, олардың үздік деп танылған эсселері мен өлеңдері, салған суреттері «Ұлттық мұра» айдарымен газеттің сол күнгі санында жарияланып, зал толы көрерменге таратылған еді.

«Абай-ақиқаттың» айтулы мерекесінің ажарын аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйымдастырған көрме аша түсіп, сәнін жергілікті өнерпаздар келтіріп, ән мен күйден шашу шашты.

Ержан ИМАШ,

Абай ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *