Әр адамның жүрегінде бала күнінен қалыптасатын арманы болады. Бірі ұшқыш болуды, бірі қолына қару ұстап ел қорғауды көздесе бірі ұстаз болуды армандайды. Дегенмен кейбірінің арман жолы ақ халатты киіп, адам өміріне араша түсуді қалап тұрады. Дәрігер мамандығына оқуға түсіп оны оқып бітіруде оңай емес екені көпке мәлім. Бүгінде бізде бала кезінен ақ халат кию мен Отаның қорғауды қатар армандаған әскери қызметкермен сұқбаттасқан болатынбыз. Бала арманын шындыққа айналдырып, бүгінде әскери медицинаның алдыңғы шебінде қызмет етіп жүрген лейтенант Зульфия Жетписбаеваның өмір жолы — көпке үлгі.
Ол бала кезінен адамдарға көмектесуді, ауырған жанға демеу болуды мақсат тұтты. Ақ халат киген дәрігерлерге қарап, олардай болуды қалады. Уақыт өте келе, бұл арман оның өмірлік мақсатына айналды. Қиын да жауапты мамандықты таңдай отырып, ол жай ғана дәрігер болуды емес, әскери салада қызмет етуді қалады. Себебі ел алдындағы парызды өтеу, Отан алдындағы борышты ақтау — оның бойына сіңірілген қасиет еді.
-Сәлеметсіз бе? Ақ халат киіп әскери салада қызмет атқару әрбір адамның қолынан келе бермейтін дүние. Ал сіз бұл істі істеп қана қоймай аталмыш істің майталманы болып жүрсіз. Ал ендеше өзіңіз туралы отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?
-Сәлеметсіз бе? Мен Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Садовое ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым — ата-анамның, әпке-қарындастарым мен інімнің, әжем мен достарымның ортасында бақыт пен шаттыққа толы өтті. Үлкен, көпбалалы отбасының мүшесі болу мен үшін Алланың берген ең үлкен сыйы дер едім. Ата-анамның мейірімі мен махаббаты мол жандар. Олар бізді ешкімнен кем қылмай өсірді, тәрбиеледі. Менің бауырларым — еңбекқор, тәрбиелі, ақылды, менің өмірдегі ең үлкен байлығым.
— Иә, әрине әрбір адам үшін отбасы ол үлкен байлық. Ал көпбалалы отбасында өсіп, бауырларының жылуына орану бұл бір бақыт қой шіркін. Балалық шағыңыз қызық пен шаттыққа толы болыпты. Ал сол сәтте кім болғыңыз келді? Сол арманыңыз орындалды ма?
— Бала күнімнен дәрігер болуды армандадым. Ол арманым анам әкеліп берген медициналық ойыншықтар мен энциклопедиялардан басталды. Үйде әпкелеріммен ойнағанда мен әрдайым дәрігердің рөлінде болып, оларды «емдейтінмін». Бұл қызығушылық мені мектеп қабырғасында одан әрі жігерлендірді. Сүйікті пәнім — алгебра болса да, жүрегім әрқашан медицинаға жақын болатын.
Мен өз ауылымдағы №16 орта мектепте оқыдым. Сол 11 жыл — өмірімдегі ұмытылмас кезең. Сыныптастарыммен өте жақын, жылы қарым-қатынаста болдық. Сол мектептен алған білім мен рухани тәрбие мені алға жетеледі. Армандаған мамандығыма қадам басу үшін Астана медициналық университетіне оқуға түстім.
- Шыныменде баланың қиялынан туындаған армандар адамды алға жетелейтіні рас екен. Осы орайда сізде арманның артынан жүріп, өзіңіздің мақсат еткен оқу орныңызға түсіпсіз. Сол студенттік шақтарыңыз туралы айта кетсеңіз?
- Студенттік өмірім де ерекше есте қалды. Достарым мен құрбыларымның көбі — сол жылдардан. Алайда медицина университетінде оқу оңай емес. Себебі бұл мамандық үлкен жауапкершілік жүктейді. Болашақ дәрігер тек білім алып қана қоймай, сонымен қатар адам өміріне жауап беретін тұлға ретінде қалыптасуы керек. Медицина университетіндегі жылдар, үздіксіз ізденіс пен тынбай еңбектену маған көп ілім берді. Сол қабырғалар ішінде алған білімнің арқасында қазіргі таңда адам өмірін құтқару жолында қызмет атқарып жүрмін.
- Медицина саласы шынымен қызығы мен қиындығы бірдей сала, ал сіз сол саланың ішінен әскери медицинаға қалай тап болдыңыз?
- Медицина саласында жүріп, әскери медицинаны таңдауыма себеп — арнайы хабарландыру. Мен бұл шешімді көп ойланбастан қабылдадым, өйткені бұл сала мен үшін қызықты болды. Ал мен жауапкершіліктен ешқашан қашпаймын. Әскери дәрігер — бұл жай ғана дәрігер емес. Ол — сарбаздың денсаулығы мен жауынгерлік қабілетін қадағалаушы, алғашқы көмек көрсетудің шебері, санитарлық қауіпсіздікке жауапты тұлға. Жарақат пен жараларға жедел көмек көрсету — күнделікті жұмыстың бір бөлігі. Әскери қызмет күн сайын жаңаша оқиғаларға толы. Бұл сала маған тәртіп, стратегиялық ойлау, командамен жұмыс істеудің маңыздылығын үйретті. Жай күндері де, төтенше жағдайларда да бірлік пен ұйымшылдықтың құндылығын түсінуге мүмкіндік берді.
-Әрине, ал әскери саланың сіздің жеке өмірге қалай әсер еткені туралы айта кетсеңіз?
— Мен әлі тұрмыс құрмағанмын, сондықтан әскери қызметтің отбасылық өмірге қалай әсер ететінін толық айта алмаймын. Бірақ рас, бұл қызметте отбасымды жиі көре бермеймін. Дегенмен, мен қызметім арқылы өмірге тереңірек қарап, болашақ туралы көбірек ойлануға дағдыландым. Тек жетістік пен жеңіс емес, сонымен қатар тәуекел мен жауапкершілікті де ескеру керек екенін түсіндім. Әскери медицинадағы ең басты құндылықтар — адам денсаулығына қамқорлық, оның қадір-қасиетін құрметтеу және кәсіби этиканы сақтау. Бұл қағидалар — сапалы медициналық көмек пен дәрігер мен науқас арасындағы сенімді қарым-қатынастың негізі.
- Иә, дұрыс айтасыз бұл саланың адам баласына берер пайдасы көп. Ал сіз, артыңыздан ерген болашақ әскери медицина қызметкерлеріне не айта аласыз?
- Бұл жолды таңдаған жастарға айтарым — стреске төзімді болыңыздар, шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауды үйреніңіздер, командада жұмыс істей біліңіздер. Себебі әскери медицина — бұл жай ғана мамандық емес, бұл — миссия.
- Керемет әрбір сіздің айтқан ақылыңызды болашақ әскери медицина қызметкерлері қабыл алады деп ойлаймыз. Бүгінгі сұқбатыңыз үшін рақмет!
Міне, бүгінде Зульфия Нұрмұханқызы осындай бала арманының жетегінде жүріп, үлкен мақсаттарға жеткен жас маман ретінде тек медицина саласында емес, кез келген арманына ұмтылған жанға үлгі бола алады. Арманға сену, сол жолда табандылықпен еңбек ету — жетістікке апарар сенімді жол екенін дәлелдеген кейіпкеріміздің өмірі — жастарға жігер, үлкендерге мақтаныш Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі — Медицина қызметкерлері күні — бұл өз өмірін өзгенің денсаулығына арнаған жандардың еңбегін мойындау күні. Бұл күні біз олардың кәсіби шеберлігі мен жанкештілігіне бас иеміз.
лейтенант Бақдаулет Манарбек
«Орталық» ақпарат