Спартакиада басталды

Қарағандыда тірек-қимыл аппараты зақымданған, есту және көру органдары бұзылған спортшылар арасында VII облыстық спартакиада өтуде.

Оған Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 100-ге жуық адам қатысады.

Бағдарламада бес спорт түрі қарастырылған: шағын футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, дойбы және тоғызқұмалақ.

– Спартакиада екі күн бойы түрлі спорт алаңдарында өтеді – Н. Әбдіров атындағы спорт сарайы, «Жастар» с/к және «Шахтер» стадионы. Спортшылардың жасы 16 жастан асады. Жарыс мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт түрлерін насихаттау мақсатында өткізіледі. Сондай-ақ мықтыларды анықтаймыз. Біз оларды облыстық мүгедектер спорты мектебіне қабылдаймыз. Жарысқа спорт шеберлері қатыспайды, сондықтан спартакиада қатысушылары тең дәрежеде болады, – дейді облыстық мүгедектер спорты мамандандырылған мектебінің басшысы Елена Фархутдинова.

Үстел ойындарында күш сынасу үшін көптеген жас спортшылар жиналды. Жыл сайын спартакиадаға Осакаров ауданынан 51 жастағы Оңалхан Тәубахан келеді.

– Мен дойбы ойнаймын. Әкем бала кезімде үйреткен. Ойын өте ұнайды, ойландырады.  Мен жеңу үшін емес, көңіл-күйімді көтеру үшін қатысамын. Спорт көптеген жағымды эмоциялар береді, өзіңізді жақсы сезіне бастайсыз. Баршаңызға белсенді өмір салтын ұстануға кеңес беремін, – дейді Оңалхан Тәубахан.

Шахтинск қаласынан жарысқа сегіз спортшы келді. Олардың қатарында 71 жастағы Любовь Губер бар, ол дойбы ойнында өзін тексеріп көрмекші.

– Менің көру қабілетім нашар болғандықтан екінші топ мүгедектігім бар. Мен шахмат пен дойбы ойнаймын. Зейнеткерлікке шыққаннан бері әуестене бастадым. Ойнауды өзім үйрендім, бірақ бұл менің жеңіске жетуіме кедергі болмайды. Қалалық жарыстарға жиі қатысамын. Мен үшін спартакиада – өз күшімді көрсету, әлеуметтену, қызығушылықтарым бойынша достар табу мүмкіндігі, – деп бөлісті Любовь Губер.

Балқаштан келген спортшы Ерболат Болатбеков үстел теннисімен 1,5 жыл айналысады. Осы уақыт ішінде өз санатында республикалық жарыстарда үшінші орын алды, облыстық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері.

– Үстел теннисінің көптеген артықшылықтары бар. Әсіресе бұл ойын арбаға таңылғандар үшін жақсы. Жарақат алу қаупі төмен, координацияны дамытады, шыдамдылықты дамытады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт – өмір сүруге ынталандыру болып табылады, – деп есептейді Ерболат Болатбеков.

Спортшыларды қалалар мен аудандар бойынша марапаттайтын болады. Облыстық спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар, грамоталар мен дипломдар табыс етіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *