Өспеннің оза шапқан оғландары

2025 – ел тарихында ерекше есте қалатын, жетістіктерге толы жеңісті де жемісті жыл болды. Жарқырап келген жаңа ғасырдың, жаңа мыңжылдықтың да ширек ғасырдай уақытын тарих қойнауына тапсырдық. Осы өткен жылдың еншісінде ғалым Шоқанның 190 жылдығы, хакім Абайдың 180 жылдығы, академик Е.А.Бөкетовтің 100 жылдығы, тағы басқа да ұлт тұлғаларының мерейтойлары кеңінен аталып өтті. Еліміз бойынша сол тарихи тұлғаларымызға бағытталған бірнеше ауқымды шара болғаны да көпшілікке мәлім. Солардың бірі – желтоқсан айының ортасында Қарағанды қаласында өткен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Азия Кубогы еді. Мұнда қазақ күресі, дзюдо, самбо секілді спорт түрлерінен жарысқа бірнеше балуандар қатысты.

Арқаның орталығы – Қарағанды шаhарында байрақты бәсекенің туы желбіреп, жан-жақтан жиналған балуандар күрестің әр түрінен бақ сынасты. Бұл спорттық жарыстың бір ерекшелігі – күрес өнерінің белгілі үш түрінен әрбір бес жас аралығындағы әр салмақтан шебер балуандар іріктеліп, жеңіс тұғырына көтерілді. Балуандар додасын облыс әкімдігінің қолдауымен Азиялық, республикалық, облыстық күрес федерациялары ұйымдастырыпты. Бұған Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Қазақстан елдерінің 300-ге тарта спорт шебері қатысқан. Ең ғажабы, Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен ауылының азаматтары аталмыш спорт аламанында биіктерді бағындырып, жоғары жетістіктерге жетіп, жеңімпаз болып, көптеген жүлдеге ие болды. Бір ауылдан шыққан осынау үркер топты атап өтсек: 1. Баянов Марғұлан – 90 кг салмақта дзюдодан – бірінші орын, самбодан – үшінші орын, қазақ күресінен – екінші орын. 2. Нұрмұхаммедұлы Мақсат – 100 кг салмақта қазақ күресінен – екінші орын. 3. Нұрышев Ерғанат – 100 кг салмақта қазақ күресінен – үшінші орын. 4. Карипов Сәкен – 73 кг салмақта самбодан – үшінші орын. 5. Мыңбаев Алмас – 66 кг салмақта қазақ күресінен – бірінші орын. 6. Қордабаев Мұхит – 66 кг салмақта қазақ күресінен – үшінші орын. 7. Бақмағанбетов Серғазы – 82 кг салмақта дзюдодан – үшінші орын, самбодан – бірінші орын. 8. Балғабеков Өрік – 90 кг салмақта дзюдодан – үшінші орын, самбодан – үшінші орын, қазақ күресінен – екінші орын. 9. Маясаров Әділ – 85 кг салмақта қазақ күресінен – бірінші орын. 10. Қоңыров Бақтыбай – 85 кг салмақта қазақ күресінен – екінші орын. 11. Әшімов Ерболат – 85 кг салмақта дзюдодан – екінші орын, қазақ күресінен – үшінші орын. 12. Төлегенов Қаршыға – 90 кг салмақта самбодан – үшінші орын. 13. Тотаев Медет – 82 кг салмақта дзюдодан – үшінші орын, самбодан – үшінші орын, қазақ күресінен – бірінші орын. 14. Абилов Арман – 100 кг жоғары салмақта қазақ күресінен бірінші орын алған.

Қазақша күрес, самбо, дзюдо сияқты спорт түрінен өнер көрсетіп, бозкілем үстінде белдесіп, туған жерлерінің намысын тік көтеріп, абыройын асқақтатқан, жеңіске жеткен жерлес балуандарымыздың барлығы да арнайы дипломдар және медальдармен марапатталды. Осы топжарған тамаша спортшыларымыздың бәрін дайындаған бір бапкер екен. Ол елімізге еңбегі сіңген спорт қайраткері, тәжірибелі тренер, самбо мен қазақ күресінен бірнеше Әлем чемпиондарын баптаған, қаншама шәкірт дайындаған, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі – Хайролла Нұрабайұлы Абилов. Өспендіктердің бәрі қай жерде жүрсе де Хайролла ағамызды ұстаз тұтып, алғыстарын айтып жүреді.

Ежелден тарихы қалың, шежіресі бай, өнер мен мәдениеті биік, спорты ерекше дамыған, талай-талай тұлғалар шыққан өркениетті Өспен ауылының бұл да кезекті бір зор жетістігі ғой деп ойлаймын.

Әр жыл сайын осылай биіктерді бағындырып, жеңіс туларыңыз желбірей берсін, қадірлі жерлестер!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қарағанды қаласы