Құстарға қамқорлық жалғасуда

Қарағанды қаласында «Құстарға қамқорлық» науқаны жалғасуда. 9 желтоқсан күні қыстың аязы келіп орныға бастағанда облыстық «Ауыл» партиясы филиалының «Жастар қанаты» жастары телефон соқты.

«5 құс астауын жасадық, соларды қалай ілу керек, кеңесіңіз керек» дегеннен кейін жылы киініп бардым. Бірігіп орнатып, астауға жем салдық. Орнатып жатқанда, сол маңайда жүрген 3-4 қариялар астауларды көріп: «Мұндай жақсы шара бұрын болған жоқ еді, енді келіп азық салып тұрамыз» деп ризашылықтарын білдіріп, рақметтерін айтты.

Айналайын аңқылдаған ауылдың жастары! Ауыздарын ашса «ауыл» деген сөз бірінші шығады. Астауларды орнатып болғанша, менен бірнеше рет сұрады, «Биыл қыс қалай болады екен?» деп. «Ауылға ауыртпалық түспесе екен» деген тілектерін айтып қояды. Ауылымыздың болашағы, еліміздің болашағы – осы  жастар. « Ауыл» партиясына рақмет, қатарларында осындай ауылға шын жандары ашитын жастардың болғанына.

Қоштасарда менің ешқандай партияда жоғымды біліп, «Ауыл» партиясына мүше болуға шақырды. Қала бойынша науқан басталғалы 60 артық құс астауы ілінді, 120-130 кісі қатысты. Құстарға қамқорлық жасайық, ағайын!

Сәкен КЕЛДІБАЕВ

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *