Жастар кітапханасы ашылды

Қарағандыда жастар кітапханасы жұмысын бастады. Бұл – кітап оқуға, білім алуға, пікір алмасуға және зияткерлік демалысқа арналған жаңа кеңістік. Мұнда кітап алып оқып қана қоймай, авторлармен кездесуге, оқыған шығармаларды талқылауға немесе өз жобасымен жұмыс істеуге болады.

Кітапхананы құру бастамасын Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы көтерді.

– Біз жастар кітап үшін ғана келетін емес, еркін араласып, кездесулер өткізіп, пікірталастар мен басқа да зияткерлік іс-шараларға қатыса алатын заманауи әрі ашық кеңістік құрғымыз келді, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Аслан Қабегенов.

Кітапхана қорынан түрлі тақырыптағы әдебиеттерді табуға болады. Мұнда көркем және заманауи әдебиет, қазақстандық және шетелдік авторлардың шығармалары, тарих, мәдениет, өзін-өзі дамыту, құқық және кәсіпкерлік салаларына арналған кітаптар жинақталған. Қазіргі қазақ әдебиетіне де ерекше көңіл бөлінген.

Келушілер үшін кітап оқып, білім алуға және әдебиеттермен жұмыс істеуге арналған оқу залы жабдықталған. Кітапхана жастарға және барлық келушілерге ашық. Кітаптарды үйге алып оқу мүмкіндігі кітапхананы пайдалану ережесіне сәйкес реттеледі.

Жоба авторлары жаңа кеңістік жастардың өзара қарым-қатынасына және жаңа идеялардың қалыптасуына ықпал ететін алаңға айналады деп жоспарлап отыр.

– Біз кітапхананың жастар үшін нағыз кітап хабына айналғанын қалаймыз. Мұнда жазушылармен және ақындармен кездесулер, кітап тұсаукесерлері, кітап клубтарының отырыстары, ашық пікірталастар және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Біздің мақсатымыз – оқырмандарды, авторларды, сарапшыларды және әдебиетке қызығушылық танытатын барлық азаматтарды бір алаңға біріктіру, – деп атап өтті Аслан Қабегенов.

Кітапхана келесі мекенжайда орналасқан: Тәттімбет көшесі, 709, 1-ші қабат, Saryarqa creative hub.