Рухани келісім – ел бірлігінің негізі

Елімізде аталып өтетін айтулы даталардың бірі – Рухани келісім күніне орай кентіміздің С.Сейфуллин атындағы кітапханада «Рухани келісім – ел бірлігінің негізі» атты мазмұнды дөңгелек үстел шарасы өтті. Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен өткен шара қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықты нығайтуды көздейді. Алқалы жиынның басты мақсаты – ұлтаралық пен конфессияаралық татулықты дәріптеу, қоғамдағы бейбітшілік пен рухани құндылықтардың маңызын кеңінен насихаттау болды.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Жиынның беташар сөзі теміржол саласының ардагері, кенттік қоғамдастық төрағасы Нұрлан Ахмедяұлы Сеитовқа және «Иса Молла» мешітінің бас имамы Нұржан Оңғарұлы Қалмағанбетовке берілді. Құрметті қонақтар өз сөзінде рухани келісімнің, елдегі ынтымақ пен ауызбіршіліктің қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталып, салмақты ой-толғамдарымен бөлісті.

Басқосу барысында өзге де қатысушылар белсенділік танытып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Армангүл Жағыпарова, Ә. Ермеков атындағы жалпы орта білім беретін мектептің тәлімгері Айсұлу Айдос, сондай-ақ көпшілік кітапханасының кітапханашысы Жанар Жазбекова арнайы баяндамалар жасап, рухани сабақтастық пен ұрпақ тәрбиесі төңірегінде тұщымды сөз қозғады.

Игілікті шара барысында мектеп оқушыларының күшімен әндер де, билер де орындалды, көркемсөз шеберлері мәнерлеп өлеңдерін оқыды.

Дөңгелек үстелге жиналған қауым рухани келісімнің заманауи қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылап, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті екендігін бірауыздан атап өтті.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті