Ташкент қаласының Бектемір ауданындағы Абай ауылында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының бюсті салтанатты түрде ашылды. Рухани мәні зор шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластықты бекемдеп, қос халыққа ортақ әдеби-мәдени мұраны ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбекұлы, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төраға орынбасары Клара Садырбаева, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Абай есімін иеленген ауылда ақынның бюстінің бой көтеруі – тарихи тұлғаға тағзым етумен қатар, оның бай мұрасын кейінгі ұрпаққа танытуды көздейтін игілікті бастама. Хәкімнің даналығы мен адамгершілік қағидалары ұлт шекарасынан асып, күллі адамзатқа ортақ рухани құндылыққа айналғаны белгілі.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төраға орынбасары, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының бөлім бастығы Клара Қондыбайқызы Садырбаева қазақ пен өзбек арасындағы ежелден қалыптасқан достық пен ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қос халықтың тарихи тамыры, мәдениетіндегі сабақтастық, ғасырлар бойы жалғасқан тату көршілік қарым-қатынас бүгінгі рухани байланыстардың нығаюына негіз болып отыр.
Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастық екі елдің қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Бұл өз кезегінде қазақ және өзбек халықтарына ортақ ұлы тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік беріп келеді.
Клара Қондыбайқызы Абай шығармашылығының адамзаттық сипатына ерекше назар аударды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде білім мен еңбекке ұмтылу, әділеттілік, ізгілік, адамгершілік, достық пен бірлік идеялары кеңінен көрініс тапқан. Сондықтан Абай мұрасы қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани қазынасы саналады.
Сөзінде шешен Абайдың өзбек халқына деген құрметін де тілге тиек етті. Ақынның «Қара сөздерінде» өзбек жұртының еңбекқорлығына, қолөнеріне, білімге құштарлығы мен ынтымағына жоғары баға беріледі. Сондай-ақ Абайдың ұлы өзбек ақыны Әлішер Науаиды ұстаз тұтуы екі әдебиеттің арасындағы рухани сабақтастықты айғақтайды.
Шара барысында сондай-ақ «Абай даналығы – екі елге ортақ қазына» атты мазмұнды сөз сөйлеп, ұлы ақынның адамгершілік ұстанымдары мен ағартушылық идеяларының бүгінгі қоғам үшін маңызын атап өтті.
– Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиеті – бүгінгі заманда да маңызын жоғалтпаған ұлы қағида. Бұл сөздің астарында татулық пен бірлік, өзара құрмет пен ізгілік жатыр. Сондықтан Абай мұрасы – халықтарды жақындастыратын, жүректерді жалғайтын рухани көпір, – деді Клара Садырбаева.
Ол қазақ пен өзбек халықтарының ғасырлар бойы көрші қонып, қуанышы мен қайғысын бөлісіп келе жатқанын айтып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің мәдени және рухани байланыстардың дамуына жол ашып отырғанын жеткізді.
Клара Қондыбайқызының айтуынша, Өзбекстанда тұратын қазақ ағайындар үшін ана тілін, ұлттық дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін сақтау – ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Ал Абай есімін ұлықтап, оның мұрасын кеңінен насихаттау – осы бағыттағы игілікті істердің бірі.
– Абайдың есімін иеленген ауылда ақынның бейнесі бой көтеруі – жай ғана ескерткіш орнату емес. Бұл – келер ұрпаққа ой салу, жастарды білімге, еңбекке, адамгершілікке шақыру. Бұл – Абай мұрасын қастерлеу арқылы қазақ халқының руханиятына құрмет көрсету, сонымен бірге қазақ пен өзбек арасындағы достықты одан әрі бекемдеу, – деді ол.
Сөз соңында Клара Садырбаева Абайға арнаған өз өлеңін оқып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Оның Абай шығармашылығын дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және қазақ-өзбек мәдени байланыстарын нығайтуға бағытталған қызметі де осы игі шараның мазмұнымен үндесіп жатты.
Клара Садырбаеваның еңбегі еленді
Салтанатты жиынның айрықша мәнді сәттерінің бірі – Клара Қондыбайқызы Садырбаеваның еңбегінің еленіп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 35 жыл толуына арналған мерейтойлық медальмен марапатталуы болды.
Бұл марапат – шетелдегі қазақтардың рухани бірлігін нығайтуға, ана тілі мен ұлттық мәдениетті сақтауға, қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттауға және қандастар арасындағы байланысты дамытуға бағытталған еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Клара Садырбаеваның қоғамдық және мәдени-ағартушылық қызметі Өзбекстандағы қазақ қауымының ұлттық құндылықтарын ұлықтауға, жас ұрпақтың тарихи жадын қалыптастыруға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосылған үлесімен құнды.
Оның Абай мұрасын дәріптеуге арналған сөзі мен ақынға арнаған жыры да осы мақсаттың айқын көрінісі болды. Мерейтойлық медальмен марапатталуы – ел игілігі жолындағы еңбектің бағалануы әрі алдағы қызметіне көрсетілген сенім.
Қандастар ұйымының өкілдері бас қосты
Абай бюстінің ашылу салтанатына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілдері мен өңірлік филиалдарының басшылары да қатысты. Олардың қатарында қауымдастықтың қаржы директоры Латифа Мұқашқызы Кучембаева, орынбасарлары Қарлығаш Бекпатшақызы Хожамұрат пен Жанибек Бақытұлы Лесбеков, Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башайқызы Башай, Түркістан облыстық филиалының басшысы Дулат Әбіш, қауымдастық кеңесшісі Алтай Алмат және Жамбыл облыстық филиалының басшысы Арқабек Төлеубаев болды.
Сондай-ақ жиынға Сембек Примқұлов, Таир Тулентаев, Нұрғали Ералиев, Зауре Ерланқызы Сатыбалдиева, Анар Алтынбекқызы Қалыбекова және басқа да азаматтар қатысты.
Қоғамдық ұйым өкілдерінің бас қосуы шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтау, рухани мұрасын ұлықтау және қандастар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерінің маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Абайдың өмірі мен шығармашылығы – туған халқының рухани әлемін байытып қана қоймай, өзге жұртпен ортақ адамзаттық құндылықтар арқылы табыстыратын мұра. Оның білімге, еңбекке, әділетке және адамгершілікке үндеген өсиеттері бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ташкенттің Бектемір ауданындағы Абай ауылында орнатылған бюст осы ақиқаттың айқын белгісіне айналды. Ол келешек ұрпаққа ұлы ақынның даналығын танытып, қазақ пен өзбек халықтарының тарихи достығы мен мәдени сабақтастығын дәріптеуге қызмет ете бермек.
Айдын ӘЛІБЕКҚЫЗЫ
