Тазалық пен тәртіпті ту еткен Ақадыр кенті тағы да облыстық байқауда топ жарды. Тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ортақ мекенге деген жанашырлығының арқасында кент абыройы тағы бір мәрте асқақтады.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған «Үздік аула» және «Үздік кіреберіс» облыстық байқауының қорытындысы бойынша кентіміз «Үздік аула» аталымында І-орынға ие болды. Осы жетістікті – тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігі мен туған жерді көркейтуге қосқан үлесінің лайықты бағасы деп бағалау керек. Байқау қорытындысында елді мекендегі №19, 20, 21, 22 және 23 тұрғын үйлердің аулалары облыс бойынша үздік деп танылды. Аталған үйлердің тұрғындары өздері тұратын ортаның таза әрі жайлы болуына атсалысып, өзгелерге үлгі көрсетті.
Аула – балалар ойнайтын, көршілер жүздесетін, үлкендер тынығатын ортақ мекен. Оның таза, жинақы әрі көрікті болуы тұрғындардың тұрмыс сапасына да, көңіл күйіне де әсер етеді. Қоқысты уақытылы шығару, ортақ аумақты ретке келтіру, жасыл желекті күтіп-баптау – мәдениетті қоғамның айқын белгісі. Осындай игілікті істердің негізінде тұрғындардың өз ортасына деген жанашырлығы мен ұйымшылдығы жатыр. Бірі ауласын ретке келтірсе, екіншісі жасыл желекті баптап, енді бірі ортақ кеңістіктің тазалығын сақтауға үлес қосады. Көп болып жұмылғанда ғана елді мекеннің келбеті жақсарып, ортақ еңбектің нәтижесі көрінеді.
Жалпыұлттық экологиялық акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Оның мәні сенбілік өткізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырып, табиғатты аялау мен ортақ мүлікке ұқыпты қарауды қалыптастыру. Әсіресе, ауылдық жерлерде тазалық пен абаттандырудың маңызы зор. Ауылдың ажары көшелерінің жинақылығынан, аулаларының көріктілігінен және тұрғындарының бірлігінен көрінеді. Туған жерін қадірлеген жан оның тазалығына да бейжай қарамайды.
Ақадырлықтардың облыстық байқаудағы жеңісі – осындай ортақ жауапкершілік пен табанды еңбектің нәтижесі. Бұл жетістік кенттің көркін одан әрі арттырып, абаттандыру жұмыстарын жалғастыруға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Туған жердің көркеюі – баршамызға ортақ міндет. Әрбір тұрғын үйінің маңын таза ұстап, жасыл желекті қорғап, қоғамдық орындарға ұқыптылықпен қараса, кентіміздің келбеті де ажарлана түседі. Туған жеріміз таза, көшелеріміз көрікті болып, осындай игі бастамалар жалғасын таба бергей джеген тілегіміз бар.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
