Өндірістің өркендеуі маманға байланысты. Ал өндіріс өрлесе, өңір экономикасы да алға баспақ. Балқаш мыс зауыты – облыстағы маңдайалды кәсіпорындардың бірі. Әрине, тарихы ғасырға жуықтаға зауыт тарихында мыңдаған майталман маман тер төкті. Даңқты аға буынның жарқын жолын жалғап жүрген бүгін де ортамызда жүр. Саланың дамуына үлес қосып, кәсібін абыроймен атқарып жүрген еңбек адамдарының бірі – Руслан Жәпенов. Өмірін металлургия саласымен байланыстырған ол бүгінде мол тәжірибесімен әріптестеріне үлгі болып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына да атсалысып келеді.
Руслан Ержанұлы 1987 жылы Балқаш қаласында дүниеге келді. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы №7 гимназияны 2004 жылы тәмамдаған соң, Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түсіп, металлург мамандығын меңгерді. 2008 жылы оқуын аяқтаған жас маман еңбек жолын Балқаш мыс зауытында бастады. Содан бері электролиз цехында электролизші болып, өндірістің жауапты міндеттерін атқарып келеді.
Еңбекпен қатар білімін жетілдіруді де ұмытпаған Руслан Балқаш гуманитарлық-техникалық университетінде металлург мамандығы бойынша жоғары білім алды. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби шеберлігін шыңдады. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі оны өз ісін жетік меңгерген, әріптестері сенім артатын білікті мамандардың біріне айналдырды.
Әлбетте, өндірісте әрбір маманның білімі мен жауапкершілігі маңызды. Ал тәжірибелі жұмысшының міндеті тек өз жұмысын мінсіз атқарумен шектелмейді. Ол білгенін өзгеге үйретіп, жас буынның кәсіби тұрғыда қалыптасуына да жол ашуы керек. Бұл ретте Руслан Жәпенов өз тәжірибесін жастармен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге ерекше мән береді. Оның еңбекке деген жауапкершілігі мен кәсібіне адалдығы кейінгі буынға үлгі.
– Мен өзім де бір кездері осы жас жігіттер сияқты өндіріске түк білмей келдім. Алғаш зауыттақа кірген күнім әлі есімде. Алып өндіріс, азан-қазан шу, таудай машиналардың дүрсілін естігенде одан сайын толқып, не істерімді білмей қалған едім. Сол кезде осында ертеден жұмыс істеп келе жатқан әріптес ағаларым жол көрсетіп, жұмыстың қыр-сырын үйретті. Енді міне 20 жылға жуық уақыт өте шығыпты. Біз де жастарды баулитын жасқа жетіппіз. Олар да бізді аға тұтып, ақыл сұрап жатады. Білгенімше түсіндіріп жіберемін, – дейді Руслан.
Табысты еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Руслан зауыт басшылығының бірнеше мәрте алғыс хатымен марапатталып, үздік жұмысшы атанды. Мұндай марапаттар – оның өндірістегі қажырлы еңбегі мен өз ісіне деген адалдығының бағасы.
Еңбек жолындағы жетістіктерімен қатар, Руслан үшін отбасының орны бөлек. Ол жұбайымен бірге үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Балаларының болашағына алаңдап, олардың жақсы азамат болып өсуіне күш салады. Жұмыста – жауапты маман, отбасында – қамқор әке болу оның өмірлік ұстанымдарының біріне айналған. Оның отбасы алдындағы жауапкершілік келіншегі Гүлзат та жоғары бағалайды.
– Руслан жұмыстан шыға үйге асығатыны қуантады. Ол балаларымен көбірек уақыт өткізгенді жақсы көреді. Оның демалысын балаларымыз асыға күтеді. Адамның бір бақыты осы шығар. Арманымыз – осы балаларымызды жеткізіп, қызығын бірге көру, – дейді жан жары Гүлзат.
Өз ісін сүйіп, маңдай терімен табыс тауып жүрген Руслан Жәпеновтің өмір жолы – адал еңбек пен табандылықтың үлгісі. Кәсібіне құрметпен қарап, жинаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүрген металлургтің еңбегі өндіріс үшін де, кейінгі буын үшін де құнды. Өйткені елдің өндірістік қуатын арттыратын да, еңбек дәстүрін жалғастыратын да – осындай өз ісіне берілген мамандар.
Манас АҚСАРЫ
