Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – үлкен адамгершіліктің белгісі.
2026 жылдың 16 қазанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.С.Қалыбекова, профессор Қ.М. Хамзина, кафедра кураторлары Қ.К.Нұржанова (ЛОГ-26-3), Л.М. Күлейменова (ТТ-26-1), М.Т. Оспангалиева (ЛОГ-26-1, ЛОГ-26-2, ЛОГ-26с), А.Д.Беккулова (ТТ-26-1с), М.С.Амангельдина (ОП-26-1), А.Ж.Жалдыбаева (ТТ-26-2), А.Б.Біраяқ (ТТ-26-2с) топ студенттерімен Қарағанды қаласындағы «Доверие» пансионатына арнайы барып, «Мейірімге толы жүрек» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырды.
Акцияның басты мақсаты – пансионат тұрғындарына қуаныш сыйлау, оларға көңіл бөліп, қамқорлық пен мейірімділіктің маңызын көрсету. Шара барысында оқытушылар мен студенттер пансионат тұрғындарымен жылы жүздесіп, ізгі тілектерін білдіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кездесудің мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі – оқытушылар мен студенттер дайындаған концерттік бағдарлама болды. Өнерпаз студенттер мен оқытушылар ән шырқап, әсем әуендерімен жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен әуенге толы әсерлі сәттер кездесуге ерекше жылылық пен қуаныш сыйлап, қатысушылардың жүрегіне шаттық ұялатты. Концерттік бағдарлама арқылы өнердің адамдарды жақындастыратын, көңілге қуаныш сыйлайтын ерекше күш екені тағы бір мәрте көрінді.
Кездесу барысында ерекше жылылық пен шынайы ықылас сезілді. Қамқорлыққа мұқтаж жандарға көңіл бөліп, олардың жанынан табылу – қоғам алдындағы ортақ міндет. Өйткені кейде бір ауыз жылы сөздің, шынайы ықыластың немесе әдемі әннің өзі адамға күш-қуат беріп, жүрегіне үміт ұялатады.
«Мейірімге толы жүрек» акциясы қатысушыларға қайырымдылықтың қадірін терең түсіндіріп, адамгершілік пен жанашырлықтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай игі бастамалар студенттердің бойында ізгілік, мейірімділік, жауапкершілік және үлкенге құрмет көрсету қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар университет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жастарды игі істерге үндейді.
Жақсылық жасау – жүректің қалауы. Әрбір ізгі іс айналамызға қуаныш сыйлап, мейірім шуағын таратады. «Мейірімге толы жүрек» қайырымдылық акциясы да қамқорлық пен адамгершілікті ту еткен, жүректерге жылулық сыйлаған тағылымды шаралардың бірі болды.
Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВА,
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
