Елдік пен ерлікті ұлықтаған тағылымды кездесу

Республика күніне орай Саран қаласындағы А.Құнанбаев атындағы жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде «Егемендікке бастар жол» атты әдебиет және өнертану сағаты өтті. Ұлттық мерекенің мән-маңызын терең түсіндіруге, азаттықтың қадірін ұғындыруға және өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыруға бағытталған тағылымды шара мазмұнды ойлар мен рухани үндестікке толы болды.

Шараның басты мақсаты – «Адал азамат» идеялық тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, жастардың тарихи санасын жаңғырту, патриоттық рухын көтеру, тәуелсіздік пен егемендіктің құндылықтарын дәріптеу. Сонымен қатар белгілі қаламгерлер мен оқу орнының белсенді студенттері арасында еркін пікір алмасу алаңын қалыптастырып, әдебиет пен өнер арқылы елдік мұраттарды насихаттау көзделді. Тағылымды кездесудің шымылдығы колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ернар Дулатұлы Маханметчиннің кіріспе сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, ел болашағы саналатын жастардың білімді, отаншыл, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуының маңызын атап өтті.

Мәдени шараны Саран қаласының «құрметті азаматы», облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамдық бірлестігінің» мүшесі  Серік Қамзаұлы Мұстафин жүргізді. Кездесудің мазмұнды әрі әсерлі өтуіне ықпал еткен жүргізуші әдебиет пен өнердің қоғам өміріндегі орнына, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі маңызына назар аударды.

«Егемендікке бастар жол» тақырыбының өзі терең мағынаға ие. Өйткені тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойғы арманы, азаттық жолындағы күресінің жемісі, ұлттың ең қастерлі құндылығы болып есептеледі. Қазақстанның егемен ел ретінде қалыптасу жолын зерделеу – өткен тарихты тану ғана емес, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын түсініп, келешек алдындағы жауапкершілікті сезіну.

Әдебиет пен өнер халықтың рухани жадын сақтайтын, ұлттың болмысын танытатын асыл қазына саналады. Сондықтан қаламгерлердің шығармалары арқылы жас ұрпақ туған жерге деген сүйіспеншілікті, ел тарихына құрметті, адамгершілік пен азаматтық жауапкершілікті бойына сіңіреді. Осындай кездесулер жастарға тарихи оқиғаларды тереңірек түсінуге, өз ойларын еркін жеткізуге және қоғамдағы өз орнын бағамдауға мүмкіндік береді.

Әсіресе, белгілі қаламгерлер мен белсенді студенттердің бір алаңда бас қосуының тәрбиелік мәні зор. Бұл тәжірибе мен жасампаз ойдың тоғысатын, аға буынның өнегесі мен жастардың ізденісі ұштасатын рухани орта. Еркін диалог арқылы жас ұрпақтың көкейіндегі сауалдарға жауап ізделіп, әдебиет пен өнерге деген қызығушылықты арттыруға жол ашылады. Мұндай мәдени-танымдық шаралар білім ордасының тек кәсіби маман даярлайтын мекеме ғана емес, рухани тәрбиенің де маңызды орталығы екенін көрсетеді. Білімді ұрпақ тәрбиелеу елдің ертеңін қалыптастырумен өлшенеді. Ал тарихи санасы сергек, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, еліне адал қызмет етуге дайын жас азаматтар тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі болмақ

Республика күніне орай ұйымдастырылған «Егемендікке бастар жол» әдебиет және өнертану сағаты елдік пен бірлікті дәріптеген, ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан тағылымды бастама болды. Осындай игілікті кездесулер жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, туған елдің тарихына, мәдениеті мен рухани мұрасына деген құрметін арттыра түседі. Егемендік – елдің еңсесі, тәуелсіздік – ұлттың тұғыры. Оны сақтау, қадірлеу және келер ұрпаққа аманат ету баршамыздың ортақ парызымыз екені аян.

Кездесу барысында жастардың шығармашылық ізденісі мен әдебиетке деген сүйіспеншілігі де айқын көрініс тапты. «Әділ сөз» орталығы негізіндегі әдебиеттану, жазба әдебиеті, көркем жазу және қол өнері жөнінде бағытты бағдарлама іске асып, ел ортасында қалыптасуда. Колледж студенті Ақбота Қыпшақбайқызы өз өлеңдерін оқып, оларды арнайы слайдтармен көркемдей ұсынды. Жас ақынның жырларынан жүрек толқынысы, арман-мақсаты мен болашаққа деген сенімі сезілді. Ол алдағы өмірлік жоспары туралы ой бөлісіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Оралхан Бөкейді өзіне рухани ұстаз тұтатынын жеткізді. Оралхан Бөкей шығармашылығына деген ықылас – жас қаламгердің сөз өнеріне терең бойлауға, адам жанының иірімдерін тануға деген талпынысының белгісі. Өйткені көркем әдебиетке құштарлық адамды ойлануға, ізденуге, өмірге өзгеше көзқараспен қарауға жетелейді. Ақботаның өлеңдерін слайд арқылы әсерлі жеткізуі де оның шығармашылыққа тыңғылықты дайындықпен қарайтынын аңғартты.

Кештің көркін кіргізген келесі бір сәт колледж түлектері Нұрлыбек Төкенов пен Ислам Ғалымжанұлының өнер көрсетуі болды. Олар өз өлеңдерін оқып, білім нәрімен сусындатып, өмір жолына бағыт-бағдар берген ұстаздарына алғыстарын білдірді. Түлектердің жүрекжарды лебіздері мен өлең жолдарынан ұстаз еңбегіне деген құрмет, шәкірттік ризашылық және туған білім ордасына деген сағыныш сезілді.

Ұстазға құрмет – адамдықтың асыл белгісінің бірі. Шәкіртінің жетістігін көріп, оның азамат болып қалыптасуына үлес қосу ұстаз үшін үлкен бақыт, үлкен мәртебе. Ал ұстазын ұмытпай, еңбегін бағалап, алғыс айту тәрбиенің тамыры тереңде жатқанын көрсететін ізгі қасиеттің бірі. Түлектердің жүрекжарды сөздері осыны тағы бір мәрте айқындады.

Рухани кештің мазмұнын студенттердің өнері одан әрі байыта түсті. Әсем ән мен күмбірлеген күй залға ерекше әсер сыйлап, қатысушылардың көңілін көтерді. Қазақтың әні мен күйі ұлттың рухани шежіресі, халықтың қуанышы мен мұңын, арманы мен асқақ рухын жеткізетін мәңгілік мұра іспеттес. Жастардың өнер көрсетуі ұлттық мәдениетке деген құрметтің, дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Тәрбиелік мәні өте зор рухани іс-шара барысында қатысушылардың пікірі тыңдалды, студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берілді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаяубаев Жанбол Карымсакович, қазақ бөлімінің меңгерушісі Кунелилова Акмарал Даригуловна, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бірлестігінің жетекшісі Баймолдина Анар Сабыровна, ардагер ұстаз Күленбаева Айбарша Исатаевна, музыка пәнінің жетекшісі Абжатов Кабиден Хамитович, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушылары Алимжанова Назымгул Сайдагалиевна, Денеева Айгерим Рымкуловна, Полат Жанна Әбдіхалыққызы, орталық кітапхананың балалар бөлімінің кітапханашылары Мусина Алида Салимовна және Курышбекова Жанила Бахтияровна студенттер алдында өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Шараның соңында қонақтар колледж жанындағы мұражайды аралады. Е.Д.Маханметчин оқу орнының тарихымен, білім ордасының қалыптасу жолын танытатын жәдігерлермен таныстырды. Мұражайды аралау барысында көрнекті педагог, педагогика ғылымдарының докторы, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, республиканың еңбек сіңірген ғылыми қайраткері, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері, 1941-1955 жылдар аралығында Халық ағарту комиссары және Оқу министрі болған Әбдіхамит Ібнияұлы Сембаев жайында деректермен таныстық. «Мұражай өткен мен бүгінді жалғастыратын рухани көпір. Ондағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы, әрбір деректің өзіндік тағылымы бар. Мұндай орындар жас ұрпақтың туған өлкеге, білім алған ортасына және ел тарихына деген құрметін арттыра түседі», – деген колледж директоры Темирбулатова Алма Асхатовнаның сөзі көп жайттан хабар беріп тұрғандай.

Осылайша, Республика күніне арналған «Егемендікке бастар жол» әдебиет және өнертану сағаты мазмұнды ой, көркем сөз, әсем әуен мен тарихи таным тоғысқан тағылымды кездесуге айналды. Шара барысында жастардың шығармашылық қабілеті танытылып қана қоймай, олардың ұлттық руханиятқа, әдебиет пен өнерге деген ықыласы да айқын байқалды.

Егемендіктің қадірін ұғыну ел тарихын танудан, ұлттық мұраны құрметтеуден және Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуден басталады. Осындай игі бастамалар жастардың бойына елжандылық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, олардың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Елдің ертеңі білімді де рухты жастардың қолында. Ал сол жастардың жүрегіне отансүйгіштік дәнін егіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау баршамызға ортақ міндет болып саналмақ.

Аңғар СМАҒҰЛ