Құстарды қалай қарсы аламыз?

Ақпан – қыс мезгілінің соңғы айы. Наурызда көктеммен бірге құстар келеді. Құстарды біз қалай қарсы алуымыз керек? Екібастұз қаласында көп жыл жер үйде тұрғанда 20 жылдай құстың ұясын іліп, қараторғайды қарсы алып отырдым. Өте қызық. Қараторғай — тамаша әнші құс. Ол жыл құстарының қатарына жатады.

Біздің елімізде қараторғайдың 3 түрі мекен етеді. Қарапайым, қызғылт және үнді қараторғайы деген түрлері бар. Қараторғай –  өте сезімтал құс. Әдетте қараторғай келіп көрінгесін 2-3 күннен кейін күн жылынады. Қараторғайдың біздің өңірге келетін уақыты наурыз айының ортасынан, сәуір айының 7-8-іне дейін. Қазірден бастап қараторғайды қарсы алуға дайындалғанымыз дұрыс болады. Ұяларын істеп, іліп дегендей.

Қараторғайға ұя дайындаудың да өзіндік стандарты, тәртібі бар. Ұяның биіктігі –  35 см, ені –  20 см. құс кіретін тесігінің диаметрі – 5 см-ден аспау керек, басқа құстар кіріп алмас үшін. Ұяның құс кіріп-шығатын тесігінен астына дейін 16-17 см. болу керек, одан кем болса тұмсықты құстар тұмсығын ұяға сұғып балапандарын алып кетуі мүмкін. Ал егер одан артық болса балапандарға шығуға қиын болады. Ұяның аузын желге қаратпау керек және жел соғатын саңылау болмағаны дұрыс, балапандар ауырып қалмауы үшін. Сондай-ақ ұяны сәл еңкейтіп орнатқан жөн. Әйтпесе жаңа қанаттанған балапандар ұясынан шыға алмайды.

Ұяның ішін сүргілеуге және бояуға болмайды, балапандар қатаймаған тырнақтарымен жып-жылтыр ағашқа шыға алмайды. Құс ұясын жерден 4-5 метр биіктікке ілу керек. Ұялардың ара қашықтығы 30-35 метр болған дұрыс. Жақын орналасқанды жақтырмайды. Ұяны сұр немесе қоңыр түспен ғана сырлауға болады, басқасын көрмейді. Ескеретін жай, ұяны жылда тазалап, ыстық сумен шайып отыру керек және 3-4 жылда ұяны жаңартып отырған дұрыс. Егер өткен жылғы ұяны тазаламаса, оған қараторғай жоламайды.

Мен ұяның төбесін ашпалы қылып істедім. Фанера, ДВП, ДСП -ұя жасауға келмейді, өйткені олардың құрамында жапсырған желім бар, жоғарыда айтқанымдай қараторғай өте сезімтал.

Көктемде алдымен қараторғайдың еркегі келіп «пәтер»  қарайды, артынан аналығы келіп орналасады. Ұя салғанда құрғақ бұта, шөп-шалам, үй құстарының қауырсындарын пайдаланады. Аналығы ақшыл көк 5-6 жұмыртқа салады, оны екеуі кезектесіп екі апта басады. Жұмыртқадан жарып шыққан балапандарға ата-анасы күні бойы дамылсыз тамақ тасиды. Өйткені балапандар өте ашқарақ болады. Аналық торғай сағатына 8-10 реттен артық қорек іздеуге ұшып шығады. Олар балапандарын қоңыз, шегіртке, инелік, жәндіктермен қоректендіреді, яғни зиянкестерді құртады. Балапандар үш аптадан асқасын ұядан ұшып шығады. Балапандарын түн ішінде ұшырып әкетеді де, таңертең ерте келіп, ұясын бірнеше мәрте айналып қоштасады. Мен бұл көріністі көп жыл бақыладым.

Сәкен КЕЛДІБАЕВ

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *