Құстардың құдіретті әлемі…

Құстар – біздің қанатты достарымыз. Құстар – жаратылыстың ең ғажап, ең керемет жетілген түрі. Себебі олар биікке ұша алады. Ал, биіктік – бар ақыл-ойдың шырқау шыңы. Аспан – тылсым күші мен жұмбақ, құпиясы мол кеңістік. Сол аспан әлемінде самғаған, құстардың құдіретіне таңқалам…

Құстардың көбісі жылы жақты қалайды. Біздің климат бірыңғай жылылықтан тұрмайды. Сұрапыл боранды, сарышұнақ аязды қысы бар. Сондықтан да біздің аймақты мекендейтін құстар күз айларындағы қара суықтың алдында топ-тобымен жылы жаққа ұшып кетеді. Сонан көктем басталып, күн жылына қайтадан ұшып келеді екен. Бұл үрдіс, кәдімгідей, дәстүрге айналған. Ықылым заманнан бергі әдемі әдеттердің бірі десе де болады. Мені таңқалдыратыны – осы құстардың жылы жаққа ұшуы және қайту сапары. Аспан әлемінде, Көк жүзінде де көп кедергілер бар. Қалың ауа қабатын жарып жол салу керек. Мұны ұшақтар ұшқан кезде, солардың тарихынан білеміз. Жарайды, олар темірден жасалған техника, ал құсекеш құс адамдар тәрізді тіршілік иесі ғой. Сонда қалай?..  Жуырда осы құстар жөнінде бір қызық деректі оқыдым. Өзге тілде жазылған жазбаны өзімше аударған болдым.

…Күз айында жылы жаққа бет алған құстар легі сына (клин) түрінде болып отырады. Бұл – алды үшкір сүймен, қайланы көз алдымызға елестетеді. Математикадағы үшбұрыш тәрізді. Үшкір зат, үшбу хат, үшкіл сөздерінің арғы төркіні бір-ау деймін. Сына деп отырғанымыз өте тығыз ауа қабатын жару үшін қажет екен. Ұшу тізбегінің ең алдына құстардың көсемі түседі, оның артқы екі қапталында өзіне теңдес тағы екі көмекшісі ілеседі. Әрі қарай ортаңғы лекке шейін кіл мықтылар орналасады. Орташалар және әлсіздер, жасы қартайған ең кәрі құстар ортаңғы лектен төмен қарай соңына дейін жалғасып кете береді. Біршама уақыттан кейін алдыңдағы мықтылар демалып алу үшін артқа сырғиды екен. Арттағыларға ұшу жеңіл. Ашылған жол сияқты, дайын ізге түсіп, көп күш жұмсамай ұша береді екен. Ал алдыңдағылар ауа толқынын жарып, суда жүзген қайықтың ескегіндей бірқалыпты сақтайды екен. Әр құстың қанат сермеуі, қимыл-қозғалысы бәрі де белгілі бір есепке құрылатын сияқты. Барлық құс қанаттарын бірдей қаққанда ауада үлкен толқын пайда болады. Ол арнайы толқын ұшуды жеңілдетеді. Топ болып (сына түрінде) ұшудың бір пайдасы – ол әрбір құстың жеке ұшу жылдамдығына қарағанда 70 % — ға артырады екен. Үлкен қашықтыққа шыққанда тізбектің сына көшбасшысына ең мықты, ең төзімді құс тағайындалады. Оның алғашқы ауа жару екпініне қасындағы (оң жақ, сол жақ) екі орынбасары көмектеседі. Солай ауа ағынын жасап, реттеп отырады. Сонда сына-тізбек сағатына 80 шақырымды еңсереді екен. Осы қарқынды ұзақ ұшу мерзімінде ұстап отыруға тырысады. Ең басындағы көшбасшы аспан жолын жақсы білетін қырағы, мықты құстар болуы заңдылық. Картамен жүретін саяхатшылар тәрізді көшбасшы құстар да өздерінің табиғи карталарын пайдаланатын сияқты. Сына ішінде жолды дәл білетін бірнеше осындай құстар болуы керек және олардың барлығы бірін-бірі ауыстырып  ұшады. Көшбасшы шаршағаннан кейін, ол шегініп, демалу үшін сынаның соңына түседі. Мұндай сәтте көшбасшының орнын басқа біреу алады. Осылайша олар бүкіл жол бойы ауысып отырады.

Бір қызығы, біз аспанда ұшып бара жатқан сына-топтан марш секілді әрі қуатты, әрі көңілді ән тектес үнді   естиміз. Кейде сол зор дауыстар хормен айтылған ән немесе жаңғырық-айқайға айналып кететіндей. Бұл үрдісті ортаңғы тұс бастап, соңғы лек қостап отырады екен.

Рухты көтеретін осынау асқақ үн немесе музыкалық ырғақ (әр мемлекеттің әнұраны секілді)  алда ұшып келе жатқан құстарды қолдайды және күш-жігер беріп, намысты қайрайтын көрінеді. Сондай-ақ, оларды баяулатпауға  да ынталандырады.

…«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып…»

P.S. Құстардың құдіретті әлемі, тірлігі мен бірлігі бүкіл адамзатқа үлгі-өнеге болса ғой деп ойлаймын. Әсіресе, қазаққа! Біздің ұлттың үлкен бір кемшілігі – құсекеш құс құрлы бола алмадық. Тірлігіміз өте төмен, бірлігіміз мүлде жоқ… «Аспанға қараймын, жұлдыздарды санаймын…»  — деп, той-томалақ, шоу-концерттерде әндетеміз-ай кеп. Тоймен күнді батырып, тоймен таңды атырамыз. Той көп, ой жоқ. Ысырапшылдықпен шашыламыз. Дарақылығымыз кең даламызға сыймай бара жатыр…  Шын мәнінде «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлігі кеткен ел жаман» — дейтін бабалар сөзіне ден қойып жатқан ешкім жоқ.

Босқа жыртыла бергенше, ойлан қазақ!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Қарағанды

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *