Суға кеткен ғұмыр

Жаздың қызығы суға шомылу. Дегенмен, оның бір «әттегең-айы» да бар. Биыл ел бойынша 71 адам суға кетіп, қайтыс болған. Ал жыл басынан бері суға түсу ережелерін бұзған 902 адамға айыппұл салынған екен. Оның ең азы шамамен 30 мың теңге. Себебі, көпшілік суға түсудің қарапайым ережелерін сақтамайды.

8 шілде күні Қарағанды облысының Шет ауданында, Кызылқой ауылындағы көлде екі бала суға кетті.  Қайтыс болған балалардың бірі 2007 жылы, екіншісі 2015 жылы туған. Олар рұқсат етілмеген жерде шомылып жүрген.

Бұл қайғылы оқиға алдында да 13 маусым күні  Қарағанды қаласының Сұрыптау ауданындағы Таймырская көшесінің артындағы карьерде 2009 жылғы жасөспірім суға батып кетті.

«Қайғылы оқиға суға түсуге тыйым салынған жерде болды», – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, марқұм екі досымен бірге су айдынына шомылуға келген. Бірақ ол жүзе алмаған.

Құтқарушылар азаматтарды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылмауға шақырып, сондай-ақ, түнгі уақытта және жүзу дағдыларынсыз шомылудан бас тарту керектігін еске салып жатса да тұңғиыққа секіргендер азаяр емес…

Ел бойынша суға кеткен 71 адамның 30-ы бала. Ал 132 адам суға батып жатқан жерінен дер кезінде құтқарылған. Оның 35-і бала. Яғни, бұл сандар суға түсу кезінде көпшіліктің қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтінін көрсетеді.

Құтқарушылардың сөзінше, суға кетіп қаза болып жатқандардың дені 17-18 жастағылар. Ал оқыс оқиғалардың 70 пайыздан астамы суға түсуге рұқсат етілмеген аймақтарда болған.

Жалпы Қазақстанда суға түсуге рұқсат етілген қазір 722 орын бар. Оның 464-і жеке жағажай. Қалған 245-і коммуналдық, 13-і спорт және туризм орындары. Қай жерге барып суға түсуге болатынын 2Gis қосымшасына жағажай деп жазсаңыз көрсетілген.

Өкініштісі, осы рұқсат етілген аймақтарда да қайғылы жағдайлар болады. Өйткені, мұнда да ережені елемейтіндер жетерлік.

Рұқсат етілген аймақтарда құтқарушылар, алғашқы көмек көрсетушілер болуы міндетті. Олай болмаса жағалау иелері жауапқа тартылады. Тиісінше, заң бұзған жеке азаматтарға да айыппұл салынады.

Айыппұлдан бұрын, өз өмірін сақтау үшін адамдар мына ережелерді бұзбауы тиіс. Суға жалғыз түспеу. Жүзу білмесе белден жоғары тереңдікке бармау. Ішімдік ішіп суға шомылмау. Балаларды жағаға жақын қалдырмау.

Осы ережені бұзғандар бірден жауапқа тартылады. Биыл сондай азаматтарға салынған айыппұл көлемі 1 жарым млрд теңгеге жеткен. Ал қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар 40 мыңға жуық рейд өткізген.

Ал Қарағанды облысында 89 суға түсуге рұқсат етілген жағажай белгіленген.  Ол жерлерде 120 құтқарушы демалушылардың қауіпсіздігін бақылайды. Төтенше жағдай қызметкерлеріне еріктілер жасағы көмектесіп жүр. Биыл суға шомылу маусымы ашылғалы профилактикалық шаралар да күшейтілген. Нәтижесінде былтырға қарағанда оқыс жағдайлар азайды.  Еріктілер жасағының мүшелері екі апталық оқу курсынан өткен. Бүгінгі таңда өңір бойынша 133 қоғамдық құтқарушы тоған мен көл маңындағы демалыс орындарында, коммуналдық жағажайларда қауіпсіздікті бақылап жүр.

Еріктілер жасағының мүшесі Евгений Гунбин Қарағандыдағы Федоров су қоймасында кезекшілік атқарады.

–  Көп адам масаң күйде суға түсіп, қауіпсіздікті ұмытады. Соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады. Мұнда терең, түбі саздауыт аумақтар бар. Ол жерлерді белгілеп қойдық. Белгіге жақындағандарды дереу қайтарып отырамыз, – қоғамдық құтқарушы Евгений Гунбин.

Қарағандыда суға түсуге болмайтын 21 қауіпті жер бар. Адамдар ол аумақтарға шомылуға бармас үшін рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

–  Облыс бойынша төтенше жағдай  қызметкерлеріне түсетін жүк тіпті ауыр. Сондықтан жеке бас қауіпсіздігін ұмытпай, шомылуға рұқсат етілген жағажайға барған абзал. Тек рұқсат етілген жағажайда ғана суға түсу керек. Себебі ол жерлерде құтқару бекеті бар. Оларда  шұғыл әрекет етуге дағдыланған мамандар отырады. Аптап ыстықтар кезінде жағажай лық толады. Мұндай кездері қоғамдық құтқарушылар жасағы бізге үлкен көмек. Шомылу маусымы басталғалы өңірде 3 адам суға батқан, –  дейді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерасыл Сайпаш.

Былтыр бұл уақытта қайғылы жағдайлар көп болған. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше 2024  жылғы шомылу маусымында жалпы саны 12 адам суға кеткен. Мұндай қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін  рейдтік шаралар, түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Маусым айының 1-інен бастап облыста  200 астам рейд жүріп, 18 тәртіп бұзушылық анықталған.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *