СУАРМАЛЫ АЛҚАПТАР ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ

Қарағанды облысында заманауи технологияны қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл тұрғыда тыңайтқыштарға да баса көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биыл тыңайтқыш қолданылатын егіс көлемі 320 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар суармалы алқаптар да артып келеді.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин облысқа келген сапарында аймақтағы диқандардың еңбегімен танысып, жоғары баға берді. Әсіресе суармалы егіншіліктің қарқын алып отырғанын оң бағалады. Облыста жүзеге асырылатын жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов баяндады.

— Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,1 млн. гектарға егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,6 мың гектарға артық. Мұның ішінде дəнді дақылдар — 966,3 мың гектарды, майлы дақылдар 31 мың гектарды құрады. Картоп — 11,5 мың гектарға, басқа көкөністер 1,2 мың гектарға отырғызылды. Суармалы жерлер аумағы ұлғайтылады, — деді Бауыржан Қоңырбайұлы

Мысал ретінде, облыстағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі «Шахтерское» ЖШС айтуға болады. Шаруашылық элиталық тұқым өсірумен айналысады. Серіктестік жыл санап суармалы жерлердің аумағы кеңейтіп отыр. Шаруашылық биыл 200 гектарды енгізді. Сонымен қатар заманауи тұқым тазарту желісі салынып жатыр. Бұл цехта тұқым дайындалады.

Облыстағы егіс науқанына 10 мыңға жуық трактор, 254 егіс кешені, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш жəне 2482 топырақ өңдеу агрегаты тартылды. 108 мың тонна дəнді дақыл жəне 36 мың тонна картоп тұқымы егілді. Əрине, егіс жұмыстарын жүргізу үшін жанармай да қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда оның құнының арзан болғаны маңызды. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусиннің айтуынша, шаруашылықтарға 17,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Сонымсен қатар зиянкестерге қарсы тиянақты жұмыстар жүргізілді. «Зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша барлығы 29,8 мың гектар алқап химиялық өңдеуден өтті. Нақты айтсақ, Абай ауданында — 1,4 мың гектар, Ақтоғай ауданында — 5,1 мыңгектар, Бұқар жырау ауданында –7,2 мың гектар, Қарқаралы ауданында — 7,4 мың гектар, Нұра ауданында –3,28 мың гектар, Осакаров ауданында — 2,4 мың гектар жəне Шет ауданында 3 гектар алқап зиянкеске қарсы өңделді. Бұл жұмыстарға жеңіл авиация ұшақтары тартылды.

Облыс диқандары мен фермерлері мемлекет тарапынан қомақты қолдауға ие болып отыр. Мəселен, фермерлер үшін «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 5 пайыз жеңілдікпен несие беру жолдары қарастырылған.

— «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша егіс науқанын жүргізуге 7 млрд. теңге көлемінде несиелік қаражат жоспарланды. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бүгінгі таңда 6,5 млрд. теңге сомасына, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 124 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге — 5,5 млрд. теңге, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 12 өндірушіге — 1 млрд. теңге несие берді, — деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Сондай-ақ облыс бойынша нормаға сəйкес, 150,1 мың тонна минералды тыңайтқыш себілуі қажет болса, биыл 581 мың гектар алқапқа немесе жалпы егіс алқабының 47,6 пайызына шамамен 71,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе артық.

Жалпы, биыл Арқа жерінде су мол. Маусым да жаңбырмен жарылқады. Диқандар егін мол болады деп болжап отыр. Дегенмен жаз кезіндегі тиісті жұмыстарды да ұмытпау керек. Демек, күзге дейін қырдағы еңбек бір толастамайды.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *