Өрт сөндірушілердің, құтқарушылардың қызметін қоса алғанда, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және түсіндіру – халық пен аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жүйесінің негізгі элементі.
Кез келген төтенше жағдай орын алған сәтте алдын-ала ескерту жүйесін беру дәл осы ТЖМ құзырында. Төтенше жағдайлар министрлігі – Қазақстанда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қызметті үйлестірумен айналысады. Ал енді осы министрліктің құрамына кіретін өрт сөндіру қызметі – елдің әртүрлі аймағында өрттің алдын алу және сөндірумен айналысады.
Ақадыр кентінде осындай құзырлы міндет №26 Өрт сөндіру бекетінде. Аталған бекет Ақадыр кенті ғана емес, Мойынты, Төменгі Қайрақты кенттеріне, Босаға, Киік, Қызылтау, Ортау, Көктіңкөлі, Өспен, Жұмыскер ауылдарына қарайтын елдімекендер мен жер алқаптарын түрлі төтенше және апатты жағдайлардан қорғайды.
Бүгінгі біздің әңгімеміз жас та болса, осы мекемеде он жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан құтқарушы Ілияс Медет Бақытұлы жайлы болмақ.
Әкесі Бақыт Маратұлы да кезінде осы өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген. Одан кейін теміржол саласына ауысып Ақадыр станциясында пойыз құрастырушысы болған. Бала мінезді, жайсаң, үлкен-кішіге иіліп тұратын мінезі болса керек. Техникаға өте жақын болыпты. ЗИЛ, УРАЛ, ГАЗ автокөліктерін шебер меңгерген, автомектепте жастарға сабақ беріп, көлікті жүргізуге үйреткен.
Әкесі Бақыттың тағы да бір жақсы қасиеті болған. Ол қазақтың әдемі сөздерін бір жерден естіп немесе оқып қалса қойын дәптеріне (блокнотына) жазып алады екен. Газет-журналдарда кездескен «Жеті қазына», «Әлемнің жеті кереметі», «Үш жоқ», ұлтымыздың басқа да нақыл сөздерін қиып алып жүрген. Алайда, небәрі 56 жасында мезгілсіз өмірден өтеді.
Анасы Айжан Егінбайқызы бүкіл саналы өмірін медицина саласына арнаған. Ұзақ жылдар бойы физкабинеттің меңгерушісі болды. Қазіргі таңда еңбегінің зейнетін көріп отырған жанның бірі.
2001 жылы Медет Бақытұлы кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне оқуға барады. Сабақ үлгерімі жақсы болған. Әсіресе, физика пәніне үлкен қызығушылық танытқан екен.
Бала Медет өзі қатарлас құрдастары тәрізді жас кезінен үшқыш болсам деп армандайды. Сол балалық арманын орындаймын деп тоғызыншы сыныпты бітірген жылы Қарағанды қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдинов атындағы мектеп-интернатына ауысып, оқуын сол жерде жалғастырады.
Екі жылдан соң Ресей елінің Красноярск қаласындағы Жоғары Әскери училищесіне құжаттарын тапсырады. Емтихандарынан сүрінбей өткенімен, қалың конкурстан өте алмай қалады.
«Адамның айтқаны болмайды, тағдырдың жазғаны болады» демекші, сол жылы Медет құжаттарын Қарағанды қаласындағы политехникалық колледжіне тапсырып, сынақтарды ойдағыдай тапсырып, оқуға түсіп кетеді. Ұшқыш болу арманы алыстап кетсе де, құтқарушы мамандығын игере бастайды.
Колледждегі оқу барысында теориялық білім алудан бөлек жаттығу амалдары көп болған. Жартасқа өрмелеу, тауға шығу, компастың бағытымен жүгіру, суда жүзу, көпқабатты үйлерге арқан арқылы мініп-түсу, апатты жағдайлар болғанда үйіндінің астында (бұл жерде жертөлелерде) құтқару көмегі келгенше шыдамдылық танытып тосып отыру, басқа да жаттығулардан өтіп, практикалық тәжірибе алады.
2015 жылы қолына диплом алысымен жас маман Медет туған ауылы Ақадырға қайтып келеді. Ойы, қара шаңыраққа ие болып, түтінін түтету және анасының жанында болып, оған көмек беру. Ол кезде әкесінің өмірден қайтқанына бір жыл ғана өткен болатын.
Құтқарушы мамандығы бар жас жігіт бірден кенттегі Өрт сөндіру бекетінің автокөлік (бұл жерде өрт сөндіру көлігінің) жүргізушісі ретінде жұмысқа қабылданады.
Әңгімелесіп отырғанымызда сөз арасында Медет Бақытұлы өзінің еңбек жолы жайында былай деп еске алады:
– Бала кезімде сіріңкемен көп ойнап, от тұтатып, қағаз, шөп-шалам, қоқыстарды жағуға әуес болдым. Үйдің ауласында, қора-қопсының жанында от қоюды жақсы көріп жүрдім. Тіпті бір рет штакеттен жасалған үйіміздің қоршауын байқамай жағып жібергенім де бар. Сол үшін әкемнен үлкен ескерту алғаным әлі күнге дейін көз алдымда.
Менімен сыныптас болып бір қыз бала оқыды. Екеуміз сабақтан кейін бірге қайтқанда үнемі «Пожарниктің қызы, пожарниктің қызы!» деп мазақтап қоймайтынмын. Өйткені оның әкесі өрт сөндіруші болып жұмыс істеді. Ол қыз айтқаныма шамданып, мені қуалай жөнелетін.
Енді мына қызықты қараңыз. Мен өрт сөндіру бөліміне жұмысқа тұрып жатқанда сыныптасымның әкесі зейнеткерлікке шыққан. Жаңағы кісінің жұмысқа арналған киімі (обмундирование, снаряжение) маған тимесі бар ма? Бала кезімнен ұшқыш боламын деген арманым іске аспай, сіріңкемен ойнап, құрбы қызымды мазақтағаным осы мамандыққа алып келген болып шықты, – деп жымия әңгімесін аяқтады.
Жұмысқа белсене кіріскен жас маман өзін жақсы жағынан көрсете бастайды. Басшылардың берген тапсырмаларын, нұсқауларын уақытымен және сапалы түрде орындап жүреді. Бір жылдан кейін аға жүргізуші дәрежесіне жетеді.
Жалпы саралап қарағанымызда өрт сөндіру бекетінің басты функционалдық міндеті өзіне қарасты елдімекендердегі өртке, дала өртіне барып тілсіз жаудың өшірілуін қамтамасыз ету. Сонымен қоса, еліміздің төтенше жағдайлар саласының құрамында болғандықтан құтқару жұмыстарына да араласады. Атап айтқанда, табиғи апаттардың салдарынан техника далада қардың құрсауында қалғанда, қарғын су басқан аймақта адамдардың, үйлердің, техникалардың қалып қойғанында, боран соққан және нөсерлі күндері адамдардың із-түзсіз жоғалып кеткен жағдайларында бірден көмекке келіп апаттың алдын алу, құтқару, іздестіру шараларын жүргізеді.
Ол үшін әрине, өрт сөндірушілер барлық қолданылатын өрт сөндіру-құтқару құралдарының ерекшеліктерін білуі, олардың жұмысын жүргізуі және қолдана білуі өте қажет.
Жұмыс барысында объектілер аумағында өрт қауіпсіздігі қағидаларының сақталуын бақылау, жоспарлы тексерулер жүргізу, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін жақсарту бойынша ұсынымдар мен консультациялар беру, халыққа өрт кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру, өрт жабдықтарын пайдаланудың қажетті дағдыларын көрсету және өрттің алдын алу бойынша ұсыныстар берулері керек.
Осы шаралардың барлығын кенттегі Өрт сөндіру бекеті абыроймен атқарып келеді.
Бүгінгі таңда бекеттің құрамында 17 адам қызмет атқарады. Бір тәулікте кезекшілікке кіретін жауынгерлік экипажға 3 адам кіреді. Олардың ішінде бөлімше командирі, көлік жүргізуші, өрт сөндіруші бар. Барлығы 4 экипаж. Төтенше жағдай болғанда қатарынан 3 экипаж құтқару, өрт сөндіру шараларына бір мезгілде қатыса алады.
Техникалық жабдықтау тұрғыдан Ресей Федерациясында жасалған 3 КАМАЗ автокөлігіндегі өрт сөндіру машинасы қызмет атқаруда. Оның ішінде бір техника жол таңдамайтын көлікке жатады. Олармен бірге адамдарды тасымалдайтын УАЗ-410 автокөлігі де бар. Аталған техникалар мекеменің арнайы гаражы мен ангарда сақталып, төтенше жағдай бола қалған жағдайға дайын болып тұрады.
Қазіргі кезде құтқарушы қызметін атқарып жүрген Медет Бақытұлынан жұмысы жайлы, әріптестерімен басынан өткерген төтенше жағдайлар туралы сұрағанымда:
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылтау ауыл округі аймағындағы жерде дала өрті шықты деген хабар түсті. Біз сол жаққа бірден аттанып кеттік. Діттеген жерімізге келсек, шынында солай екен. Даланың шөбі, тіпті шаруа қожалықтар шауып, қыстақтарға тасымалдауға дайындап қойған көпенелері де оттың жалынына шомылған.
Күндіз-түні қызыл отпен арпалыстық. Бір апта бойы Қызылтаудың Қазансынған, Вольфрам, Студент атты қыстақтарынан әрі қарай Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылдық округінің жерлеріне дейін өтіп кетуге тура келді. Мұндай жалын ойнаған өртте біресе оңтүстіктен, біресе солтүстіктен, біресе батыстан қатты соққан жел ұйытқып, мың құбылып, кері әсерін тигізеді. Өрт шалған жерді сөндіруге мұрша бермей қояды. Андамасаң, оттың ортасында адам да, техника да қалып қоюуы әбден мүмкін. Сол жолы бізбен бірге өрт сөндіруге қатысып жүрген бір трактор техникасы там-тұтығы қалмай толығымен жанып кетті. Түнгі уақытта жан-жақтағы қырларды, сай-салаларды қызыл жалын шарпып жатқанын көргенде, тура бір майдан шебінде жүргендей қорқынышты сезімде боласың. Сонда да біз жігіттердің тәжірибесінің арқасында даладағы шарпыған отты жеңіп шықтық. Өртті тоқтатуға сол маңайдағы шаруа қожалықтарының мүшелері, ауыл тұрғындары да жәрдемдесті. Дегенмен аталған өртте 450-500 гектардай жер күйіп кетті.
Екінші осындай жағдай Көктіңкөлі округінің Жыланды ауылы мен Өспен округінің Айса станциясы аралығындағы жер аймағында тіркелді. Бұл жақта да жердің шөбі өртке шалынды. Ал енді, қалың қараған гуілдеп өртенгенде жанына тақалу тіпті қиынға соғып кетеді. Сонда да төтенше жағдайға беріспей, төтеп бердік. ЗИЛ автокөлігіндегі өрт сөндіру машинасымен барған біз екі күннен кейін ауыл тұрғындарымен бірге тілсіз жауды ауыздықтадық. Соның өзінде 65-70 гектардай жер жанып кетті, – деп менің сауалыма жауабын берді.
Он жыл ғана қызмет атқарса да, құтқарушы Медеттің еңбегі жанып көптеген құрметке бөленіп келеді. Мінсіз қызмет атқарып жүргені үшін Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының, Шет ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталған. Кешегі жас маман нағыз ысылған, мол тәжірибе жинаған кәсіби маманға айналды.
Ақадыр Өрт сөндіру бекеті басшысының орынбасары Шегетаев Руслан Ақыжанұлы өзінің әріптесі туралы:
– Медет Бақытұлы жас та болса, өзінің мамандығына шынайы берілген, ұжымда сыйлы жауынгерлердің бірі. Қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өзіне тапсырылған функционалдық міндеттерін уақытында және сапалы түрде орындауға бар күш-жігерін салады. Осындай қызметкерлердің арқасында біздің бекетіміздің жұмысы да алға басуда, – деп қарамағындағы құтқарушыға өз бағасын беріп жатты.
Сұхбат алу барысында кейіпкерімнің сөз саптауы, өзіміздің ана тілімізде ойын еркін жеткізе алатыны ұнады. Бойында сөздік қоры мол, өз тілінде жетік әрі ашық сөйлейтін адамның кейпін танытты. Жастар арасында мұндай адамдар сирек. Әлемде тіл байлығы жағынан елдер арасында үшінші орын алатын қазақ тілінің сөздік қоры өте бай екенін біз ертеден білеміз. Қазақ тілінен тек араб және ағылшын тілдері ғана асып түседі. Қай ел болсын, қай ұлт болсын өздерінің сөздік қорын кітапты көп оқуымен толықтыра алады. Медетке осындай жақсы қасиет марқұм әкесінен дарыған болуы керек деп пайымдадым. Әлде екеуі де бар ма?
Медеттің өмірлік жары Гүлсая Қанафияқызы облысымыздағы Егіндібұлақ өңірінің тумасы. Қарағанды қаласындағы Қазтұтынуодағының университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта Шет ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Ақадыр кентіндегі әлеуметтік қызметкері болып жұмыс атқарады.
Екеуі Інжу және Шахназар есімді қыз бен ұлды тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Өз басын қатерге тігіп, ең алдымен өзгені құтқаруға ұмтылатын, басты мақсаты адамзатты құтқару, соның жолында жанып жатқан өртке де, ағын суға да тіпті қорқынышты биіктікке де қарамастан миссиясын орындауға ұмтылатын ерекше мамандық иелері – ол құтқарушылар. Елімізде осынау құрметке лайық мамандық иелеріне арнайы атаулы, кәсіби мерекелік күн де белгіленген.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев кәсіби мерекесімен құтқарушыларды құттықтағанда: «Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Мамандықтарыңызға адалдық танытып, ерлікке және кез-келген сынаққа дайынсыздар» деп айтқан еді.
Міне, құтқарушылардың қатарында жүрген кәсіби маман Ілияс Медет Бақытұлының бұл саладағы еңбек жолы осындай. Өзінің мамандығын сүйетін, әрдайым ізденіп, оның қыр – сырын меңгерумен тоқтамай айналысып жүрген жанның бірі. Сол үшін ерен еңбегімен қандай да болсын құрметке лайық!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті