2025 жылдың 3 сәуірі күні Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде белгілі журналист, жазушы Төлен Тілеубаймен кездесу өтті. Журналистика, филология факультетінің студенттері қатысқан кездесуде «Түлкілітаудың аспаны» атты прозалық жинағының таныстырылымы болды. Қадірлі қонағымыз журналистиканың қыр-сырымен бөлісіп, жаңа жинаққа қатысты сұрақтарға жауап берді.
Рухани кездесу Қарағанды облысының Н.В.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында жалғасты. Кездесуге белгілі жазушылар мен журналистер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ұстаздар, студенттер қатысып, авторға сұрақтарын қойып, кітаптан алған әсерімен бөлісті. Автор жайлы ақжарма тілектерін білдіріп, «Түлкілітаудың аспаны» кітабының маңызды тұстарын тілге тиек етті.
Белгілі тәржімашы, қаламгер Рымбала Смаилова: «Кітап қазақы танымда жазылған. Қарабайыр деп айтуға келмейді. Оқырман жүрегінен орын алар туынды болатынына сенімім мол» деп тілегін білдірді.
Жинаққа «Тілкілітаудың аспаны» повесінен бөлек «Ақбөкен жылаған түн», «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» сынды әңгімелері енген.
– Кітапта бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты, отбасы құндылықтары, қала мен ауыл бала арасындағы айырмашылықты бейнелегім келді. Жаһандану белең алған заманда, толассыз ақпараттың шағында балаға қалай көңіл беру керек, қандай тәрбие беру қажет деген мәселелерді көтердім, – дейді автор.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Нұрасыл Аманжол: «Түлкілітаудың аспаны» кітабында бірнеше повесть пен әңгімелер жиналған. Туындыда бала Әмір арқылы ауылдың тыныс-тіршілігін жарқын бейнелеген. Жалпы, осы кітапты оқыған жан балалық шаққа саяхат жасап келеді деп ойлаймын», – дейді.
– Төлен Тілеубай ағамыздың «Түлкілітаудың аспаны» қазақ әдебиетіне айтарлықтай жаңа бір олжа болды. БАҚ саласында қызмет қылып, публицистика жанрында мардымды, мәйекті мақалаларымен танылып келген қаламы қарымды журналист ағамыздың проза жанрына қалам сермеуі тыңнан түрен салғандай өзгеше әсер етті, – дейді аталған оқу орнының студенті Мағжан Құдайберген.
Кеш соңында Төлен Тілеубай қызығы мен шыжығы қатар жүретін шығармашылық жолына тоқталып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ