«Тұлпар мініп, ту алған» байқауы басталды

Облыс бойынша өтіп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының аудандық-қалалық іріктеу кезеңіне 4 200 оқушы қатысты. Жобаға «AMANAT»  партиясы демеушілік жасап, облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.

Приозерск қаласындағы іріктеу кезеңіне 40-тан астам оқушы қатысты. Олар «Бөгенбай батыр» жырының Тастыбай Жағыпарұлы жазған нұсқасын жатқа айтудан жарысты.

Байқаудың ашылу салтанатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов сөз сөйледі. Ғалым байқаудың өскелең ұрпақты ұлттық рухқа, әдеби мұраға баулудағы маңызы туралы сөз қозғады.

–  «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы бірнеше дәуір дастанын шәкірт санасында жаңғыртып, елдің өткені мен бүгінінің арасына рухани көпір орнатқан байрақты бәсекеге айналды. Жоба мемлекетшіл, халықшыл жастардың қатарын толықтырып, өткеннен өнеге алатын, тарихымен мақтанатын, ұлтының сөздік қорына, әдеби қазынасына ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын өскелең ұрпақты қалыптастыруға айрықша үлес қосып келеді. Бүгінгі байқау – Бөгенбай батыр жырына арналған. Байқауға қатысып отырған оқушылардың болашақ кәсіби бағыты сөз өнерімен ғана шектелмеуі мүмкін. Себебі біреуі экономист, біреуі нанотехнология саласының маманы, енді бірі құқық саласының білікті заңгері болар. Бірақ қай саланы таңдаса да, ұлттың рухани мұрасына сусындаған бала өз ұлтынан қашықтамайды. Қайда жүрсе де, ұлттық мүдде мен отаншылдық қасиет оның қанында тулап тұрады. Бүгінгі дүбірлі додада жүрегінде «ұлтым» деген ұлы сөзді ту еткен әр жасқа сәттілік тілеймін. Бұл байқауда жеңілген бала болмайды. Себебі жырға бір табан жақындаудың өзі, жырды жаттап, оны жүрекпен қабылдауға ұмтылудың өзі – үлкен жеңіс, – деді Жансая Жарылғапұлы.

Қазылар алқасы қатарында жобаның өңірлік жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, педагогика және мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ ардагер ұстаздар бар.

Қатысушылардан жырды толық жатқа айту, кідіріссіз орындау және мәнерлеп, мақаммен оқу талап етілді.

Байқау соңында қазылар облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады. Сонымен қазылар шешімімен 150 мың теңге сыйақысы бар І-орынды №2 мектептің 8-сынып оқушысы Аружан Дарханова қанжығасына байлады (мұғалімі Жазира Әлжанова). 100 мың теңге сыйақы мен ІІ-орынды №2 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрай Оспан иеленді (мұғалімі Еңлік Жабағиева). Ал ІІІ-орынды және 70 мың теңгені №2 мектептің 6-сынып оқушысы Еркеназ Берікқызы еншіледі (мұғалімі Алтынай Ермағамбетова).

Жалпы, жоба қыркүйек айында басталған еді. Жобаның мақсаты – жасөспірімдерді кітап оқуға баулып, қазақ халқының батырлық эпостарын кеңінен насихаттау. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытып, ұлттық құндылыққа сүйіспеншілігін арттыруды көздейді.

Қарқаралы ауданында да байқаудың аудандық іріктеу кезеңі өтті. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде сайысқа өңір мектептерінен келген жүздеген оқушы қатысты. Олар да «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан бақ сынады.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ілияш байқаудың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті.

– Қарқаралы аймағында зор рухани-ағарту шаралары жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасы. Бұған дейін балалар арасында қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы саналатын «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Едіге» сияқты жыр-дастандарды жаттаудан жарыстар өткенін білеміз. Биыл айтулы байқау Қарағанды облысында «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан ұйымдастырылды. Жарысқа қатысуға Қарқаралы ауданынан 400-ге жуық оқушы мен олардың ұстаздары өтінім берген. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын жобаға һәм жыр мұраға деген қызығушылығын білдіреді. Сондықтан асыл қазынамызды жүрегіне сіңірген, жадына сақтаған бүгінгі байқауға қатысып отырған балалар еліміздің қайраткер, мемлекетшіл азаматтарына айналады деп сенеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жеткіншектердің өнеріне «Тұлпар мініп, ту алған» жобасының Қарағанды облысындағы жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Құрманғазы Өтебай, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Қайрат Жолжақсыұлы баға берді.

Байқау соңында қазылар алқасының шешімімен үш оқушы облыстық кезеңге жолдамаға ие болды. Бұлардың қатарында І-орын алған Бесоба ауылы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ая Тұрсын (мұғалімі Айдын Әшірбеков), ІІ-орын иеленген Қарағайлы кентіндегі №17 орта мектептің 8-сынып оқушысы Ақпейіл Рымбай (мұғалімі Саягүл Досжанова) және ІІІ-орынды еншілеген Жаңатоған ауылындағы №14 орта мектептің 7-сынып оқушысы Айғаным Ахметхан (мұғалімі Жаңагүл Оралбек) бар.

Шет ауданында да шын мықтылар облыстық жарысқа өтті. Ауданның бірнеше мектебінен жиналған оқушылар өнерін өңірлік жоба жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы бастап, профессор, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, «Мәдениет саласының үздігі» Гүлшара Ахметова, Ертай Жәнібеков және Сағынай Қабылқаева сынды есімі елге белгілі азаматтар енген қазылар алқасы бағалады.

Нәтижесінде Ә.Ермеков атындағы мектептің оқушысы Раяна Әмірханова (мұғалімі Толғанай Ерменбетова) І-орынды иеленді. ІІ-орын Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицей оқушысы Жанерке Өмірғалиеваға (мұғалімі Жұлдыз Шопанова) бұйырды. Ал ІІІ-орынды Абай мектебінің шәкірті Әділет Әмірхан (мұғалімі Жаңагүл Омарова) қанағат тұтты.

Ақтоғай ауданындағы аудандық кезең де тартысты өтті. Жыр додасына аудан мектептерінен жүздеген оқушы қатысты. Олар да «Бөгенбай батыр» жырын жатқа айтудан жарысты.

Сайыстың ашылу салтанатында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев сөз алды. Әкім орынбасары байқаудың ұлттық болмысты сақтап, қорғауда маңызы үлкен екенін айтты.

– Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын күшейту – тіл саясаты ғана емес, ұлттық болмысты болашаққа аманат ету жолындағы маңызды қадам. Қарағанды облысында тіл мен руханиятты қолдауға арналған ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы – солардың бірі. Биыл байқауға облыстың 13 өңірінен 4 мыңға жуық бала қатысып отыр. Бұл жоба балалардың мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттырып, сөз байлығын молайтып қана қоймай, патриоттық сезімін оятады, – деді ол.

Мұнда да байқау қатысушыларының өнерін Қарағанды облысы бойынша жобаның жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, «Bolashaq» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұхамедғали Әбдуов, ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зәмзагүл Сатекова және сала мамандары сарапқа салды.

Қазылар ұйғарымымен аудандық кезеңнің жеңімпазы ретінде Ж.Ақбаев атындағы мектеп оқушысы Кәусар Марат (мұғалімі Ақнұр Хамитқызы) танылды. ІІ-орынға Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебінің оқушысы Инабат Сәрсенбекқызы (мұғалімі Арай Теңелді) лайық деп танылды. Ал ІІІ-орынды Ж.Кеңесбай атындағы мектептің оқушысы Данагүл Амангелді (мұғалімі Гүлназира Әлібаева) қанжығалады.

Жалпы, байқаудың аудандық-қалалық кезеңі 20-28 қараша аралығында өтеді. Облыстық кезең 10 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған.

Байқаудың жүлде қоры қомақты. Яғни І-орын иегеріне 1 млн теңге мен Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің гранты табысталады. Ал ІІ-орын иеленген оқушыға 500 мың теңге, ІІІ-орын алған жеткіншекке 250 мың теңге беріледі. Сондай-ақ ол оқушылардың байқауға дайындаған ұстаздар да құр қол қалмайды. Жеңімпаздың мұғаліміне, яғни І-орын иегерінің жетекшісіне жеңіл автокөліктің кілті тапсырылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл байқауға облыс бойынша 4 200 оқушы мен мыңнан астам ұстаз қатысып отыр.

Манас АҚСАРЫ