Тұрғындарды қандай мәселе мазалайды?

Шахтинск және маңындағы кенттердің тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кезекті кездесуде Денсаулық сақтау, ТКШ және абаттандыру мәселелерін көтерді. Шахтинск тұрғындары медициналық мекемелердегі кадрлардың жиі ауысатынына, арнайы мамандардың жоқтығына және қызмет сапасына шағымданды.

Қазір қаланың орталық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, биыл пациенттерді қабылдау форматын толығымен өзгерту қажет. Қарағанды емханаларының үлгісі бойынша «Үздік тәжірибе орталығы» ашылады.

Қала белсендісі Валентина Ахонова Шахтинск қаласында оңалту орталығын ашуды ұсынды.

– Бұрын бізде жақсы санаторий болған. Қазір Шахтинск қаласына оңалту орталығы қажет. Ол үшін бос ғимарат та бар. Бізде оңалтуды қажет ететін мүгедектер, кеншілер, балалар көп, – деді ол.

Облыс әкімі бұл идеяны қолдап, денсаулық сақтау басқармасына осы мәселені мұқият пысықтауды тапсырды.

Кездесуде Шахан тұрғындары біршама түйіткілді мәселелерді көтерді. Ауылдың жолы мен абаттандыруды қозғап, кәріз тазарту жұмыстары қашан басталатынын сұрады. Шахтинск әкімі Мұрат Қыдырғанбековтың айтуынша, кенттегі кәріз тазарту құрылысын салуға ЖСҚ 95 пайызға дайын. Бірақ жер мәселесі бар, ол шешіледі.

– Қазір біздің алдымыздағы басты мәселе – ескірген желілер. Бұл тек Шахтинск пен Шаханға ғана емес, бүкіл аймаққа қатысты. Бізге әр үйдің жылы болғаны, краннан таза су ағып жатқаны керек. Сондықтан бюджет қаражатының көп бөлігін инфрақұрылымды жөндеуге бөлеміз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Шахтинск тұрғындары ағаш отырғызу алдында спорт алаңын салуды сұрады. Көбі табиғатта жүргенді ұнатады. Тренажерлер орнату тұрғындар үшін денсаулығына көбірек уақыт бөлуге жақсы мотиватор болар еді.

Жақында Шахан мен Новодолинкада көпфункционалды спорт корттары ашылды. Шахтинск қаласында үш футбол алаңы жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Шахтинск тұрғындары өздері қойған барлық сұрақ бойынша түсініктеме алды.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *